15:09, 14 Мамыр 2009
Заңдарға өзгерістер енгізіп, қоғамның дамуынан қалмай, ілгері басқан процесті әділ жолмен реттеп отыру ? мемлекеттің міндеті - Мәжіліс депутаты К. Бұрханов
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Заң жобасының негізгі мақсаты ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы Қазақстан Республикасының аумағында ақпаратты таратуға байланысты
қатынастарды реттеуді жетілдіру болып табылады. Осы заң жобасы туралы заңгер, тарих ғылымының кандидаты, саясат ғылымының докторы, профессор, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов өз пікірін ортаға салды. ? Камал Низамұлы, осы заң жобасы өткен жылдың аяғында Мәжіліске келіп түсті. Содан бері депутаттар жан-жақты танысты. Барлық комитеттерде отырыстар өткізілді. Жұмыс тобының бірнеше басқосуы болды. Қоғамда әр түрлі пікірлер айтылды. Депутат ретінде өз ойыңызбен бөліссеңіз? ? Бұл заң жобасының Үкіметтен келгені табиғи заңдылық. Өйткені ғаламтор бүгінгі таңда қоғамда үлкен орын алып отыр. Техника жедел қарқынмен даму үстінде, өмір күнде өзгеріп жатыр. Мәселен, осыдан 20-30 жыл бұрын осындай болады, Жер шарының әр түкпіріндегі адамдар бір-бірімен ғаламтор арқылы тікелей байланысқа шығады, жедел хабарламалар алады десеңіз, өзге жұрт таң қалып, ертегі айтып тұрсың, ондай болмайды ғой дер еді. Ал бүгінгі таңда ол өмірімізге жан-жақты енген дүниеге айналды. Сондықтан заңдарға өзгерістер енгізіп, қоғамның дамуынан қалмай, ілгері басқан процесті әділ жолмен реттеп отыру ? мемлекеттің міндеті. Баспасөзде осы төңіректе біраз әңгімелер болды. Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заң қабылданғанда немесе түзетулер енгізген кезде қоғамда әр түрлі пікірлер туады, ол да табиғи жағдай. Ел болған соң, әр адам өзінің пікірін айтады. Өйткені бұл қоғамның дамуына, осы елде жүзеге асып жатқан істердің жария болуына ықпал ететін БАҚ-тарға қатысты заңдар ғой. Заң жобасында «интернет-ресурс» деген ұғымға арнайы түсіндірме берілді. Оның қолданылуы заңмен реттеліп отыр. Ғаламтор арқылы халыққа, қоғамға алуан түрлі мағлұмат беруге болады. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ бізде оған дейін қабылданған заңдардың ішінде кейбір әрекеттерге тыйым салатын нормалар бар. Айталық, Америкада порнографиялық фильмдерді кез-келген телеарнадан көре алмайсың. Үйінде 18-ге толмаған баласы болса, ондай отбасылардың әлгіндей анайы фильмдерді көруіне рұқсат етілмейді. Екіншіден, оны қажет ететін адамдар арнайы желіге қостырғанның өзінде бағасы өте қымбат тұрады. Халықтық тәрбиеге жат фильмдерді көрсетуге көптеген өркениетті елдер де тыйым салып отыр.
Ал енді халықты дүрліктіретін, үрейге бөлейтін мәліметтер болады. Біздің мемлекеттік қауіпсіздігімізге қатер төндіретін ақпараттар таралуы мүмкін. Әлдебіреу қаржы дағдарысынан қиналған халықтың үрейін ұшырып, жалған ақпараттар таратып жібеуі ықтимал. Елдің тұрақтылығына қайшы келетін хабарлар таралуына тыйым салу жөніндегі норма біздің Ата заңымыздан бастап басқа да заңдарда қамтылғаны белгілі. ? Сіз халықаралық форумдарға қатысу үшін шетелдерге барып жүрсіз. Көтеріліп отырған мәселеге қатысты шетелде қандай жайттарды байқадыңыз? ? Әркім Еуропада анадай, Америкада мынадай екен деп айтып жатады. Американың заңдары әлдеқайда нақты. Ал біз біреу айтты екен деп, Еуропаның заңдарын қабылдауға тиісті емеспіз. Алдымызда ондай міндеттеме жоқ. Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Еуропа елдерінің заңдарына қарасақ, адамның құқығын ерекше орынға қойған. Былайша айтқанда, әр адам ойына келгенін істеуіне болады. Мысалы, Дания мемлекетінде бір азамат басылым бетінде Мұхаммед пайғамбарымызды өте бір ыңғайсыз жағдайда көрсетті. Оның әрекеті 1,5 млрд мұсылманның намысына тиіп, ашу-ызасын туғызды. Осындай жауапсыз әрекеттердің нәтижесінде діни соғыстар пайда болуы мүмкін. Мен Еуропарламентте осы мәселені көтеріп, сұрақ қойдым. Бұл мұсылмандардың намысына тиетін жайт екенін ашық айттым. Ол елдің өкілдері бізге: «Біз азаматтың еркіндігіне көбірек мән береміз. Әрбір адам өз пікірін айтуға құқығы бар. Ал соғыс шығып кететін болса, ол басқа мәселе»,- деп жауап берді. Мен олармен келіспейтінімді мәлім еттім. Меніңше, бұл мүлдем дұрыс емес.
Мысалы, Иса пайғамбарды біреу басылымға әшкерелеп басатын болса, оны ұсынған азамат та, шығарған басылым да жауапқа тартылуы тиіс. Мұндай жөнсіздік қоғамда үлкен проблема тудырады. Қылмыстық кодексте жазаға тартылатыны анық жазылған. Ондай адамның іс-әрекетіне Қылмыстық кодекс баға береді. Яғни, ол адамды түрмеге қамап тастауы мүмкін. Оның бәрі мемлекеттің тұрақтылығын сақтау үшін қажет. Жалпы, ешбір адам адамзаттық тұрғыдан алғанда да, мемлекетіміздің заңымен қарағанда да, ешқандай өзге дінді немесе басқа ұлт пен ұлысты әшкерелеуге, келеке жасауға құқығы жоқ. Іріткі тудыратын әрекетке ел де, халық та қарсы.
Егер әркім ойына келгенін істеп жатса, мемлекет не үшін керек? Сондықтан ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздігімізге сызат түсіретін мәліметтердің тарауына тыйым салынғандығын барлық ақыл-ойы түзу адам қолдайтынына күмәнім жоқ.
Жөнсіз мәліметтерді бергені үшін БАҚ-тың немесе ғаламтордағы сайттың қызметіне тыйым салу жөніндегі шешім шығару үкіметтік нұсқада Бас прокурорға жүктелген еді. Депутаттар ақылдаса келіп, тек қана сот шешімі арқылы және меншік иесінің шешімімен тоқтатуға болады деген ортақ тоқтамға келді. Бірақ мен төтенше жағдайларда мемлекеттің өз құзырымен қауіпті әрекеттерге тыйым салатын мүмкіндігі болуы керек деп ойлаймын. ? Аса ерекше жағдайларда дейсіз ғой? ? Иә, мәселен, құдай басқа салмасын, ұлтаралық татулыққа нұқсан келтіретін бүлік шықса, әлдебір адам оны өзгертіп, құбылтып, қырып-жойып жатыр деп ақпарат таратып жіберуі мүмкін. Отты лаулатып, бүкіл қоғамға араздықтың шоғын шашып жіберсе, оны тоқтату қиынға соғатыны сөзсіз. Ондай тәжірибе шетелдіктерде бар. Айталық, жер сілкінісі болса, басқа да табиғат апаттары орын алса, әркім алуан түрлі қорқынышты болжамдарды жазып, халықты еріксіз әуреге салуы ғажап емес. Демократиялық елдерде ондайға ешкім тыйым салып жатқан жоқ.
Біз мәдениетті, өркениетті ел болуды аңсап отырмыз. Ендеше, осындай жетістікке жету үшін қоғамдағы құбылыстарды жан-жақты реттеп отыратын заңдарымыз болуы тиіс. Сондықтан аталған заң да еліміздің дамуына қызмет ететін заң болады деп есептеймін. Айталық, Данияда болған оқиғаға орай ешқандай шара қолданылмапты. Әлгі азаматқа ең болмаса, 10 доллар көлемінде айып та салынбаған. Мен мұсылманмын. Ол мен сияқты барлық мұсылманның намысына тиіп отыр ғой. - Камал Низамұлы, өзіңіз ғаламторға жиі үңіліп тұрасыз ба? ? Үйде теледидар қараймын, кітаптар оқимын. Әдеби туындыларды да парақтаймын. Жұмыста ғаламтор арқылы әлемнің көптеген жаңалықтарын біліп отырамын. Өзіме қажетті көптеген мағлұматтарды аламын. Ғылыми еңбегіме пайдаланатын дерекөздерін де ғаламтор арқылы алып жүрмін. Баяғыда біз көз майымызды тауысып, кітапханаларда отырушы едік. Ғаламтордан барлығын табуыңа болады. Ғылыми дүниелер де мол. ? Сіздің ой-пікірлеріңіз бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып жүр. БАҚ-тың қоғамдағы рөлі туралы пікіріңіз? ? БАҚ қоғам өмірінде ерекше орын алатын үлкен бір сала. Төртінші билік деп текке айтпайды ғой. Ел мен елді жалғайтын да, билік пен халықтың арасына көпір болып отырған да БАҚ деп білемін. Осы кәсіппен айналысатын журналистердің де жұмыстары ауыр және өте жауапты. Оның үстіне жыл сайын басылымдар арасында, журналистер арасында өзара бәсекелестік күшейіп келеді.
Ал кейде болған оқиғаны өзгелерден басқаша көрсетемін деп асыра сілтеушілік болып кетеді. Қайраткер немесе мемлекеттік қызметкер туралы жазғанда оқырманды қызықтырамын деп ағаттыққа жол беруі мүмкін. Ол да заңның, әдептіліктің шеңберінде болса, орынды болары сөзсіз. Кейде сынап та жатады. ? Бірақ сын шын болса екен дейсіз ғой? ? Әрине, сын жүрген жерде ең бірінші шындық болуы тиіс. Сынағанда адамның жеке басына, намысына тиіспеу қажет. Ол ? азамат. Оның да құқығы бар. Ол сырттан келген жау емес, осы елдің адамы. Журналист әр жерден алған мағлұматын толық тексермей, асығыс жазып жіберсе, өзі де ұятқа қалады, басылымның да беделіне нұқсан келтіреді. Журналист сын жазғанда, қоғам дұрыс болсын, орын алған кемшіліктер жойылсын деп ойлайды. Сыбайлас жемқорлықты, қоғамдағы тәртіпсіздіктерді жазады, халықтың көңілінен шықпай қалатын шенеуніктердің әрекеттері сынға алынып жатады. Оның бәрі де қажет. Сынның негізінде тәрбие жатқаны абзал. Сол арқылы оқырмандарға ой салу керек. Сын мақаланы оқыған адам ондай әдепсіздікке бармау керектігін ұғынса, басылымның мақсаты орындалғаны деп білеміз.
Ауа адамға қандай қажет болса, БАҚ та адамға сондай қажет. Мақтаған сөз адамға майдай жағады, ал сынағанды кім жақсы көреді? Мұның бәрі өмірдің заңдылықтарынан туындап жатады. ? Ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелерін ретке келтіретін заң жобасы жөнінде және БАҚ-қа қатысты пікір білдіргеніңізге рақмет.