Енді сот орындаушысы өндіріп алған алимент арнайы банктік шотқа аударылуға тиіс. Жаңа тәртіптің мәнін Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында заңгер Аржан Сәдуақас түсіндірді.
Маманның айтуынша, арнайы шоттың енгізілуіне алимент қаражатын басқа төлемдерден бөлек сақтау қажеттілігі себеп болған. Бұған дейін мұндай шотты ата-ана өз еркімен аша алатын. Енді ол міндетті талап.
– Арнайы есепшот бұрыннан бар, бірақ оны ашу міндетті емес еді. Енді алимент үшін арнайы шот болуы талап етіледі. Ата-ана оны кез келген банктен аша алады, реквизитін жеке сот орындаушысына береді. Бұдан кейін алимент сол шотқа түседі. Өзгеріп отырғаны тек реквизит. Борышкердің алиментті қашан және қалай төлейтініне қатысты тәртіп сол күйінде қалады, – деді Аржан Сәдуақас.
Заңгердің сөзінше, арнайы шот алимент ақшасының басқа қаржымен араласып кетпеуін және оны қорғауды көздейді. Мысалы өндіріп алушының негізгі есепшотына несие немесе басқа да міндеттемелер бойынша тыйым салынса, алимент қаражаты оған ілінбеуі керек.
Егер алимент алушы арнайы шотты бірден ашпаса, сот орындаушысы төлемді тоқтатпайды. Қаражат арнайы шот ашылғанға дейін жеке сот орындаушысының шотында жиналып тұрады.
– Шот ашылмаған жағдайда жеке сот орындаушысы оны күтеді. Сол уақытқа дейін ақша оның шотында жинала береді. Бұл алимент төлеуді тоқтату деген сөз емес. Борышкердің қарызы бәрібір есептеле береді. Шот ашылғаннан кейін жиналған барлық қаражат сол шотқа аударылады, – деп түсіндірді маман.
Заңгер алимент бойынша берешектің жиналуына азаматтың ресми жұмысының болмауы ғана себеп емес екенін айтты. Оның пікірінше, кей жағдайда борышкерлер әдейі табысын жасырып, ең төменгі жалақыны көрсетуге тырысады.
– Әрине жұмыс істей алмайтын адамдар бар, бірақ олар аз деп айтуға болады. Кейбір азаматтар ажырасқаннан кейін бұрынғы отбасын жау көріп, балаларына ақша төлегісі келмейді. Табысын жасырады немесе ең төменгі жалақыны көрсетеді. Мысалы 85 мың теңге жалақы көрсетіп, үш баласына небәрі 21 мың теңге төлеп жүрген борышкерлер де бар, – деді Аржан Сәдуақас.
Маман алимент мөлшері әрдайым тек жалақының белгілі бір үлесімен шектелмейтінін де еске салды. Қажет болған жағдайда сот арқылы алиментті нақты қаражат сомасын белгілеуге немесе оның мөлшерін арттыруға болады.
– Көп адам алиментті нақты сомамен өндіруге болатынын біле бермейді. Егер белгіленген алимент балаға жетпей жатса, сотқа жүгініп, нақты соманы көтеруге болады. Ал борышкер «жұмысым жоқ» десе де, қарыз есептелмей қалмайды. Мұндай жағдайда алимент берешегі орташа жалақы көрсеткішінен есептеледі, – деді заңгер.
Алимент төлеуден әдейі жалтарған борышкерлерге қатысты да мәжбүрлеу шаралары қарастырылған.
– Борышкер алимент төлеуден жалтарып жүрсе, сот орындаушысы тиісті шаралар қолданады. Мысалы жүргізуші куәлігін уақытша тоқтатуы мүмкін. Қарызы қомақты болса, мүлкіне шектеу қойылып, кейін аукцион арқылы сатылуы да ықтимал. Бірақ мұндай шаралар қарыздың көлемі мен мүліктің сомасы сай келуі керек, яғни заң талаптарына байланысты қолданылады, – деді Аржан Сәдуақас.
Айта кетейік, бұған дейін, Жетісуда алимент төлеуден жалтарған 9 адам қылмыстық жауапқа тартылғанын жаздық.