18:32, 08 Сәуір 2009
Заңсыз қару-жарақ сақтаған шаруа қожалығы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды
ОРАЛ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті ҚР ҚК 251-бабы 2-бөліміне сәйкес заңсыз қару-жарақ сақтаған азамат В.Тутаевтың үстінен қылмыстық іс қозғады.
Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Зеленов ауданы Красноармейск ауылдық округі аумағында орналасқан «Тутаев» шаруа қожалығы тұрғын және қосалқы мекенжайларынан заңсыз сақталған екі аңшы мылтығы, 55 дана оқ-дәрі және басқа да қару-жарақ табылған. Мұндай оқ-дәрілер В.Тутаевтың автокөлігінен де шықты.
Тергеу барысында Тутаев тарапынан еңбек заңдылығының сақталмағаны да анықталды. Мұнда қызметкерлермен ешқандай келісімшарт жасалмаған, зейнетақы қорына және әлеуметтік төлемдер аударылмаған. Адамдар тек тұрғын үй және тамақпен ғана қамтамасыз етілген. Тіпті шетелдік азаматтардың да заңсыз жұмыс жасағаны белгілі болды.