Заңсыз ойын бизнесінің көлеңкелі айналымынан 68,5 млн. теңге алынды - Қаржы полициясы

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы 700 заңсыз ойын мекемелерінің қызметін әшкерелеп, көлеңкелі айналымнан 68,5 млн. теңгені алды.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифинг барысында ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне «көлеңкелі» экономика барынша қауіп төндіреді. Сондықтан, «көлеңкелі» экономиканың құрамдас бөлігі болып табылатын заңсыз ойын бизнесіне қарсы тұру қаржы полициясы органдарының маңызды міндеті болып табылады.  Тоқтала кететін жайт, қазіргі таңда казино мен ойын автоматтары Қапшағай су қоймасы жағалауы мен Ақмола облысы Щучье ауданында орналасуға тиіс. Белгіленген орындардан тыс жерде жұмыс істейтін ойын мекемлерінің қызметі заңсыз.

«2010 жылдан бастап қаржы полициясы органдарымен өткізілген рейдтердің нтижесінде 700 заңсыз ойын мекемелерінің қызметі әшкереленді. Көлеңкелі айналымнан 68,5 млн. теңге, 7704 ойын автоматтары, 82 рулетка, карталық ойындарға арналған 131 үстел алынды», - дейді Мұрат Жұманбай.

Оның айтуынша, 2010 жылдың 25 қарашасында Қылмыстық кодекстің 269-1 бабы күшіне енген. Соған сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін заңсыз өндірілген табыстың сомасын белгілеу қажет болып табылмайды. «Бұл заңсыз ойын бизнесінің жолын тиімді кесуге және жасырын ойын мекемелерін ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді», - дейді М. Жұманбай.