20:44, 29 Қаңтар 2009
Заңсыз шешім қабылдағаны үшін 5 судья мен 15 прокурор жауапкершілікке тартылды
АҚТАУ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыстық прокуратураның былтырғы жылғы жұмыс қорытындысы бойынша заңсыз шешім қабылдағаны үшін 5 судья мен 15 прокурор жауапкершілікке тартылды.
5 судьяның төртеуіне қатаң ескерту берілген болса, бір судьяның мәселесі облыстық тәртіптік кеңестің қарауына жіберілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс прокуратурасына сілтеме жасап.«Бүгінгі таңда қозғалған істердегі заңдылықтардың сақталуын қадағалау, заңғы қайшы келетін әрекеттерге дер кезінде араласу, наразылық келтіру құқығы прокуратураға берілген. Осы сала бойынша, былтыр жемісті еңбек еттік. Бірқатар қателіктеріміз де жоқ емес. Ол қылмыстық істерді қоспағанда, азаматтық, әкімшілік істер бойынша біздің қызметкерлердің сотқа дұрыс қорытынды бермегендігінен кеткен кемшіліктер. Соның салдарынан судьялар заңсыз шешім шығарған. Былтырғы қызметінде осындай қателікке жол берген 15 қызметкерімізді жауапкершілікке тарттық», дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығы Асқар Жұмабаев.Қылмыстық істерді қоспағанда, былтыр облыс соттары барлығы 11 мыңға жуық азаматтық және 10 мыңдай әкімшілік істерді қараған. Прокуратураның араласуымен 86 іс бойынша сот актілерінің шешімдері заңсыз деп танылып, аппеляциялық сатыда және қадағалау тәртібінде бұзылды. Наразылық келтірілген 73 істің 34-і азаматтық, 93-ы әкімшгілік істер. Заң сақшылары азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын ең бірінші кезекке қоямыз дейді.