Біз бұл күнге оңай жетпегеніміз анық. Қарулы Күштерімізді құру жолында талай қиындықтар болды. Оның қалыптасып, дамуы үшін қанша адам аянбай еңбек етті. Олардың өмірі, сіңірген еңбегі, жүріп өткен жолдары бүгінгі ұландарға үлгі. Сондай азаматтардың бірі - запастағы полковник Жұмажан Ерғалимов. Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағына келіп, бүгінгі әскери шеруді тебіреніп тамашалаған Жұмажан Мәрденұлын ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.
- Жұмажан Мәрденұлы, Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы көз алдыңызда өтті, сіз соның бастауында тұрдыңыз. Сол күндерді тағы бір рет еске алыңызшы? - Мен үшін Отан қорғаушылар күні айрықша мәнге ие. Ол кезде - 1992 жылы мен Целиноград облысының Атбасар қаласында әскери комиссар болып жұмыс істеп жүрдім. 7 мамыр күні сағат 16.00-де Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғандығы туралы хабар таратылғанда көзіме еріксіз жас алдым. Өз алдымызға егемен ел болғанымызға, оның «болат сауытының» құрылғандығына ерекше қуандым. Қуанғанымнан тапаншамнан аспанға екі дүркін оқ аттым. Өйткені бұл тарихи шешім - Қазақстанның, Қазақстан Президентінің жеңісі еді. Қазақстанның Қарулы Күштері Ресейдің Қарулы Күштерінен сәл кейінірек құрылды ғой. Сол күні, 7 мамырда таңғы сағат 10.00-де Ельцин, ал сағат 14.00- де Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы қол қойды. Осылайша, Елбасы елімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. - Қазақстанның Қарулы Күштеріндегі қызметіңіз қалай басталды?
- Жаңа қызметке еліміздің тұңғыш қорғаныс министрінің шақыруымен келдім. Сағадат Қожахметұлы мені өзіне шақырып алып «Балам, сен маған керексің, не айтасың?» - деді. Мен «Аға, сіздің бұл сөзіңізден кейін мен тіпті взвод командирі болып баруға да дайынмын», - дедім. Ол кісі «Дивизияның оперативтік бөлімінің бастығы болып барасың», - деді.
- Алғашқы кезде жағдай қандай еді?
- Жағдай мәз емес еді. Өздерінің әскери борышына атүсті қараған адамдардың немқұрайлығы салдарынан құлдырап кеткен салаларды қайта қалпына келтіруге тура келді. Тұңғыш министрдің арқасында Қазақстанның Қарулы Күштері аяғынан тұрды. Қазір міне, шеруде ұл-қыздарымыз сап құрып тұр. Олар - халқымыздың қауіпсіздігінің қалқандары. - Жұмажан Мәрденұлы, сіз құрлық әскерлерінің негізін қалаған офицерлердің бірісіз. Қандай қызметтер атқардыңыз?
- Мен бүгінгі Астана, бұрынғы Целиноград қаласындағы нөмірі үшінші орта мектепті бітірген соң, Қиыр Шығыста Кеңес Одағының батыры Мерецков атындағы Благовещенск танк училищесіне түстім. Оны тәмамдаған соң офицерлік лауазымдарда қызмет еттім. Қысқаша ғана айтар болсам, дивизияның оперативтік бөлімінің бастығы, дивизия штабының бастығы, дивизия командирі, армиялық корпустың бастығы, округ штабының бастығы, құрлық әскерлерінің бас оперативтік басқармасының бастығы, әрі қарай құрлық әскерлерінің штаб бастығы болып жүріп осы құрлық әскерлерін құруға ат салыстым. 2004 жылы денсаулығыма байланысты запасқа шықтым. Өте жемісті қызмет еттім десем болады. Өйткені бес жылға қойған мақсатымды төрт жыл ішінде орындап шықтым. Яғни, майорлық қызмет атқардым. - Сіздің Ауған соғысына да қатысқаныңызды білеміз... - 1983 жылы Ауғаныстанға өз еркіммен аттандым. Тахар провинциясының Талукан қаласында 149 гвардиялық мотоатқыштары полкында танк ротасының командирі болдым. Екі жарым жыл ауған соғысына қатыстым. Кейін әскери қызметке жарамсыз болған соң туған елім Қазақстанға қайтып келдім. Келгеннен кейін, аудандық әскери комиссариаттың бөлім бастығы болып жұмыс істедім. Төрт жарым жыл ішінде облыстық әскери комиссар дәрежесіне көтерілдім. Жалпы, әскери салада 33 жыл күнтізбелік, 44 жыл жеңілдікті күнтізбе бойынша қызмет еттім. - Қандай марапаттарыңыз бар?
- Екі «Қызыл Жұлдыз» орденінің, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегерімен. Еңбегімді бағалаған Елбасына рахмет! Сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерін нығайту жолында қызметтес болған, маған көмектескен офицерлерге алғысым шексіз. - Сіздің ойыңызша, қазір жастарымызға әскери-патриоттық тәрбие беру жағы қандай деңгейде?
- Көңілім толмайды. Бір ғана мысал келтірейін. Кеше біз Алматы облысы Іле ауданының Водник ықшамауданында Ұлы Отан соғысында және ауған соғысында қаза тапқан осы өңірдің боздақтарға арнап ескерткіш аштық. Ауғандықтар мемлекеттен бір тиын ақша алмай, өз жандарынан қыруар ақша жұмсап сол ескерткішті орнатты. Содан, биыл төртінші сыныпты бітіріп жатқан мектеп оқушылары оқытушы апайларымен келе қалды. Мен сол оқушылардың бірінен «Балам, мына «1941-1945 жылдар» деп жазылған сандар нені білдіреді?» - деп сұрадым. «Білмеймін» - дейді. «Ал мына 1979-1989 жылдар нені білдіреді?» , «1941-1945 жылдары соғыс болғанын білесің бе?» деген сауалдарыма да осындай жауап алдым. Сондықтан айтарым, балаларды 18 жасқа толып, әскер қатарына барар алдында емес, сонау бала кезінде үйде, отбасында тәрбиелегеніміз жөн. Ал мектепте балаларды бірінші сыныптан бастап-ақ әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу қажет. Әскер мінезді қалыптастырады. Ал жауынгерлік рух, сана-сезім отбасында қалыптасады. Мектеп мұғалімдері бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қараулары тиіс.
- Жұмажан Мәрденұлы, Отан қорғаушылар күніне орай тілегіңізді білдірсеңіз?
- Бүкіл қазақ халқын осы бір айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қарулы Күштеріміз күн санап нығайып келеді. Енді қорғаныс министрінің әскерді жаңартуға, нығайтуға қатысты айтқан сөздері жүзеге асуы керек. Қазақстан Қарулы Күштері жаңа теникалармен жарақтана берсін, әр жауынгер өз саласының шебері болсын!
- Әңгімеңізге рахмет!