Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, экспортқа бағытталған өнім өндіру бағытында «Бисекеш» жеке кәсіпкерлігі Щапов ауылында ешкі сүтін өңдейтін шағын зауытты биыл іске қосуды ойластыруда. Бұл жобаның құны - 442 млн. теңге. Сондай-ақ «Қадралиев»» ЖК осы ауылда 675 млн. теңгеге бағаланған 12 мың басқа арналған шошқа кешенін пайдалануға бермекші.
Кәсіпкерлер бастамаларын қолдау бағытында басқа да бірқатар жобаларға басымдық берілді. Мәселен, Рубежин ауылдық округінде жылына 30 млн. дана кірпіш өндіре алатын кірпіш зауытын салу үшін «134» ЖШС-іне 4 гектар жер телімі берілді. Сонымен қатар осы округте мұнайгаз кешені қалдықтарын қайта өңдеу үшін 1 га, «Сансара» ЖШС базасында ет, сүт және көкөніс өнімдерін өңдейтін кешен құрылысы үшін 3 га жер бөлінді. Зеленов ауылдық округінде «Қалиев» ЖК кірпіш зауытын 2011 жылы іске қоспақшы. Переметный ауылдық округінде «Антей» ЖШС пластикалық қақпақтар көлемі мен түрін көбейткелі отырса, «ЖайықАгроӨнім» ЖШС ет комбинатының құрылысы басталмақшы. Көшім ауылдық округінде жылына 12 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын салу үшін «Дала Құс» ЖШС-іне жер телімі берілсе, монша, автокемпинг, жабық базар құрылысы жүргізілуде.