Зеленский мен АҚШ делегациясы арасындағы келіссөз 5 сағаттан аса уақытқа созылды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Украина мен АҚШ Берлиндегі келіссөздерде «маңызды ілгерілеу» жасады. Бұл туралы АҚШ арнайы елшісі Стивен Уиткофф айтты, деп хабарлайды DW.

АҚШ арнайы елшісі Стивен Уиткоффтың айтуынша, Украинадағы атысты тоқтату мүмкіндігі туралы Берлинде өткен келіссөздер бес сағаттан астам уақытқа созылды. Оған АҚШ президентінің күйеу баласы және кеңесшісі Джаред Кушнер және Украина президенті Владимир Зеленский де қатысты.

— Келіссөздер барысында тараптар 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын, экономикалық мәселелерді және басқа да тақырыптарды талқылады, — деп жазды Уиткофф өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ертең жаңа кездесу өтеді.

Германия канцлері Фридрих Мерц талқылаулардың басында қатысқан, кейін dpa агенттігінің мәліметі бойынша, кездесуден кетіп, өз өкіліне тапсырған.

Бұдан бұрын Берлинде Зеленский мен АҚШ делегациясының келіссөзі өтіп жатқанын жазған едік.