Троицк ауылдық округінің әкімі Нұржан Шәкіржановтың есебі Қошқарбай ауылында өтіп, онда 2010 жылдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарастырылды. Жыл ішінде жоғары технологияны қолдану негізінде «Зеренді-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен шаруа қожалықтары берекелі өнімді қамтамасыз еткен. Жыл ішінде 600 тонна сүт, 360 тонна ет өндірілген. Қызыр Мұса шаруа қожалығы 75 тонна картоп, 3 тонна сәбіз, он тонна орамжапырақ өндірді. Жұмыс берушілермен жасалған келісімшартқа сай әлеуметтік мақсатқа екі миллион теңге жаратылған. Троицк орта мектебі жанынан шағын орталық ашылды. Ауылдарды абаттандыру, көгалдандырып, жасыл желекке бөлеу шешімін тапқан. Кездесуде ауылда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне аудан орталығынан пәтер бөлу жайы, телефон байланысының нашарлығы, мал жайылымының тарлығы, ауылда дәрігердің жоқтығы, ветеринар маманы қажеттігі турасында туындаған сауалдарға округ әкімі нақтылы жауап қайтарды.
Осындай кездесулер 25 ауылда өтіп, оған 1,5 мың тұрғын қатысқан. Жиналыс барысында әлеуметтік маңыздағы - 23, ауыз су жайында - 3, білім нысандарында жөндеу жүргізуге қатысты - 6, телефон байланысымен қамтамасыз ету турасында 8 сауал қойылып, жиынға қатысқан құзырлы орган өкілдері көтерілген мәселелерді өз бақылауларына алатындарына уәде берді.