Осы мәселелер төңірегінде саяси ғылымдар докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті телевизиялық және радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаевамен сұхбаттасқан едік.
-Гүлмира Серікбайқызы, бүгінде еліміздің білім жүйесі зерттеу институттарын және зерттеу университтерін құруды көздейтін реформалық қадамдарға бет алды. Бұл жаңашылдық қайдан бастау алған, ол Қазақстанның білім жүйесіне не береді?
-Зерттеу университетінің дәстүрі тұңғыш американдық академик Бенджамин Франклиннен бастау алады. Ол ғылым мен білім үйлескенде ғана да білім саласы қуатты әлеуетті күшке айналады деп кеткен. Сол Франклиннің өзі қолымен қалап кеткен болашақтың зерттеу университеті жобасы кейін дамып, жаңа технологияның базасы ретінде ел бюжетіне құятын қаржылық ағынның басты көзіне айналды. Мысалы қазіргі кезде зерттеу университеттерінің отаны АҚШ-та ең озық 100 университеттің зерттеу және білім беруден түсетін қаржысы жергілікті бюджеттердің (жергілікті шттаттардың-ред.) 95 пайызына тең келеді. Қазіргі кезде әлемдік рейтингтің басында тұрған ең озық саналатын университеттердің жылдық бюджеті 1-3 миллиард доллар көлемінде. Демек білім беру, зерттеу, ондағы зерттеуді жүзеге асыру орасан пайда әкеледі деген сөз. Бұны түсінген мемлекеттерде зерттеу университетіндегі ғылыми-зерттеу және әзірлемелік бастамаларды мемлекеттік қолдау күн санап артып келеді. Өйткені салынған инвестицияның еселеп қайтатынына сенім мол. Жалпы жоғары оқу орындарындағы зерттеулер бұл жүйені жолға қойған мемлекеттерде әлемнің озық технологиялы дамыған елдері қатарына кіруіне ықпал ететін әлеуетті күш саналады. Сол үшін де соңғы жылдары ғылыми мінберлерде зерттеу университеттері «білім экономикасының орталықтары» деп те аталып жүр. Сонымен қатар зерттеу университеттері білім мен ғылым, өндіріс, өнертапқыштық, ғылыми ашылулар тоғысқан аса ірі құрылымдарға айналды. Бұл ретте зерттеу университеттерін, институттарын Қазақстанның білім жүйесі үшін жаңа белес деп қарауға болады. Жоғары оқу орындарының «зерттеу» мәртебесін алуы, яғни зерттеу университетерін Қазақстанның білім жүйесіне енгізу - елдің рухани өміріне, әлеуметтік жетілуіне, саяси ахуалына, экономикалық дамуына ықпал ететін болады.
-Әлемнің ең үздік университеттері ие болып отырған «зерттеу» мәртебесіне жетудің шарттары қандай?
-Бұл мәртебені алудың шарттары - инженерлік, гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық және жаратылыстану ғылымдары желісіндегі басым бағыттар бойынша зерттеу мамандарын даярлауға келіп тіреледі. Кешенді түрде ғылымаралық, пәнаралық зерттеу жүргізетін ғылыми-зерттеу бөлімдері болуы тиіс. Ғылымның түрлі салаларының басын біріктіретін ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарында зерттеулер жүргізу - зерттеу университетінің ең басты әрі басым бағыттары болып саналады. Осы аталған талаптар жүйеленіп, іске қосылғанда ғана университет зерттеу мәртебесіне апарар алғышартты орындаған болып саналады.
-Зерттеу университетін құрылымдауға не қажет және бұл істе біздің университеттерге қандай талаптар қойылады?
-Ең әуелі бұған университеттің инфрақұрылымы дайын болуы керек. Сондай-ақ зерттеулерді басқаруға, өнеркәсіптік өндіріс ошақтарымен тығыз қарым-қатынас орнатуға, қаржыландыру жолдары мен қор көзіне, ұлттық зертханалар мен академиялық институттармен байланысты жүзеге асыруға мамандар дайындалып, арнайы қызметтер құрылуы қажет.
Бұлардың ішінде өнеркәсіппен тығыз байланыс орнату, зерттеу университеттеріндегі ғылыми жаңалықтар бастылары болып саналады, олар қолданбалы әзірленімдердің өндіріске енуіне, келешекте пайда әкелуіне ықпал ететін механизм.Мысал ретінде бір ғана университет маңына 300-ден астам корпорация шоғарыланып отырған Массачустет университетін атауға болады. Сонымен қатар жобаларды жүзеге асыруға қажетті инвестицияларды тарту да басты мақсаттың бірі. Білім ошағындағы ғылыми зерттеулер, әзірленімдерге құйылар қаржы көзі әр тараптан келеді. Қаржы көздерінің қатарында алдымен мемлекеттік бюджет болса, келесі қатарда бөлінетін гранттар, қайырымдылық және қамқорлық қорларынан, бизнес саласынан, оқу, зерттеу, өндірістік және кеңес қызметтерінен түсетін қаржылар бар. Зерттеу университтерінің деңгейіне жету үшін осыларды үйлестіре білу қажет.
-Зерттеу университетінің іргесін қалайтын, құрайтын, әрине, оның мамандары. Бізде бұндай өзгерістерге мамандарымыз дайын ба?
-Әрине бірден дайын болып кетпейтіні анық. Бірақ қазіргі кезде бастапқы кезеңін жүзеге асыруға бүгінгі ғалымдар, мамандар дайын деуге болады. Қазіргі кезеңін жоғары мектеп басшыларынан бастап, ғалымдар, ұстаздар, студенттер қауымы іліп әкетуі тиіс, болашағын оқушылар қалайды. Сондықтан зерттеу университеттеріне дайындықты мектептен бастау керек. Оны үйлестіретін, бағыттайтын жүйе, желі қазірден құрылғаны абзал. Бүгінде зерттеу университетінің қалыптасқан американдық, жапондық үлгілері бар. Олар тарапынан да мамандарды дайындауға көмек болары анық.
-Бірнеше үлгіні атап өттіңіз. Қазақстанда зерттеу университеттері осылардың ішінде қандай үлгіге негізделуі, құрылымдалуы тиіс деп санайсыз?
-Қазақстан жағдайында зерттеу университеті қажет екен деп шетелдік үлгіні көшіре салу дұрыс емес. Қазақстандық жоғары білім беру саласында озық дәстүрлер бар. Солардың негізінде ұлттық білім беру мен ғылымның дамуына негізделген үлгісі жасалуы тиіс. Сондай-ақ зерттеу университеті бір жылда құрыла салатын құрылым емес. Олардың құрылып, қалыптасу тәжірибесі кемінде 2-3 жылдан бастап 5-6 жылға дейінгі уақытты алады және де зерттеу университеті әрдайым үздіксіз, толассыз дамып, өзгеріп, жаңарып отыратын құрылым. Ондағы әрбір білім алушы да, білім беруші тұлға да осынау жауапкершілікті рухани, ізгілік тұрғысынан сезіне білуі тиіс, даяр болуы да маңызды. Себебі, зерттеу университетінің басты байлығы да, қоры да - адам. Бұл жерде білім беру, ғылым, бизнес арасындағы бірлікті үйлестіретін, дем беретін - студенттер, магистранттар, докторанттар, ғалым-ұстаздар. Бұлардың ізденіс деңгейі, сұранысы, талабы жаңа үлгіні қалыптастыруы қажет. Бұл зерттеу университеттеріне көшу барысында нақтыланатын нәрсе деп ойлаймын.
Жалпы әлемдік білім саласында зерттеу университеттері жиі талқыланатын саланың бірі. Мысалы, Зерттеу университеттерінің қауымдастығын және Зерттеу университеттерінің корпорациясын құру, ортақ заңнамалық базаны әзірлеу, зияткерлік құқық мәселесін шешу, қаржылық ағынды шоғырландыру әдістері әлі талқыланып жатыр. Бұлар әлі бір ізге түспеген мәселелер болып саналады.
-Әңгімеңізге рахмет!