Зейнетақылық төлемдер мемлекетке жүк түсірмеуі тиіс - Еңбек министрлігі

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Зейнетақылық төлемдер көрсеткіші осы қалыппен жалғаса беретін болса, болашақта олар мемлекетке үлкен жүк артуы мүмкін.

Бүгін Астанада өткен Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нүсіпова осылай деді.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда еліміздегі зейнетақылық төлемдердің құны 12 жылдың ішінде 70 миллиард теңгеге жуықтады. Елде шамамен 720 мың адам зейнетақылық жинақтау қорларынан зейнетақы төлемдерін алады. Бұл жоба бойынша зейнетақылық төлемнің орташа мөлшері 100 мың теңге шамасында болып отыр. «Егер бұл көрсеткіштер осы қалыпты қалатын болса, зейнетақы алатын көптеген азаматтар өздерінің жиған-тергендерін зейнетке шыққаннан кейінгі 5-6 жылдың көлемінде бітіреді. Бұл ойланатын жәйт және ол болашақта мемлекеттің иығына үлкен жүк артуы мүмкін», - дейді вице-министр.