Сол дәуірдегі саясаттың салқынынан қорықпай, қарсылық көрсетіп, қазақтың жерін сақтап қалған тұлға - Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Оның туған халқының алдындағы үлкен ерлігінің бірі - сұрапыл хрущевтік дәуренде Қазақстанның солтүстік аймағындағы байлығы шалқыған, егін-жайы толқыған бес облысын көрші Ресейге қосудан аман алып қалуы дер едік. Қазақтың ұлан-ғайыр киелі жерін талан-тараждан қорғап қалған Ж. Ташеневті халық арасында «Кісендеулі жолбарыс» деп атап кеткен.
Жұмабек Тәшенев халқына адал, ел игілігі жолында асқан жауапкершілікпен еңбек еткен қайраткер тұлға болатын.
«Енді үш жылдан соң Жұмекеңнің туғанына 100 толады. Бүгінгі кездесудің мақсаты - халқымыздың асыл перзентінің бейнесін айшықтай түсу және алдағы Ж. Тәшеневтің мерейтойына байланысты түрлі шараларды белгілеу», - дейді ұйымдастырушылар.
Жұмабек Тәшенев 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Танагүл ауылында дүниеге келген. 1928‑1933 жылдары жергілікті Шаруашылық жастар мектебінде оқыған. 1934‑1939 жылдар аралығында Ақмола, Ақмола облысы Вишнев, Қарағанды облысы Нұра және Солтүстік Қазақстан облысы Советтік, Бейнеткор аудандық атқару комитеттерінде жауапты хатшысы болып істеді. Көп жылдар бойы Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында партия комитетінің хатшылығында қызмет атқарды. Облыста жақсы қызмет істеп, жоғары көрсеткіштерге жеткен Ж. Тәшеневті халық 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметіне сайлады. Мұнан бес жыл өткеннен кейін лайықты басшысы болып саналған 45 жастағы Тәшенев 1960 жылы қаңтар айында Қазақ КССР Министрлер Кеңесі төрағасына тағайындалды.
Бұл қызметтен 1961 жылы қантар айында босатылған соң, бес ай жұмыссыз отырғызып, кейін Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары қызметіне, яғни қитұрқы саясаттың кесірінен көп төмендетілді. Содан Жұмабек Тәшеневтің алпыс жасқа жеткеннін күткендей, оны 1975 жылы наурыз айында мемлекеттік қызметтен шұғыл, еңбегі сіңген дербес зейнеткерлікке жіберілген. Ел ағасы болып танылып, халық құрметіне бөленді. Жанқиярлық еңбегі үшін Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталған. Соқтықпалы соқпақсыз өмір жолын бастан кешірген аяулы азамат 1986 жылы қарашаның 18 күні 71 жасында дүниеден өтті.