ФРЖ деген не және кеңесте кім бар?
Әр елдің орталық банктері секілді АҚШ-тың федералдық резерв жүйесі бар. Олар жеке банктерді қадағалау, ақша шығару, несие мен салымдардың пайыздық мөлшерлемесін белгілеумен айналысады. Алайда өзге елдердегі секілді емес, ФРЖ-ның өзіндік статусы бар, құқықтық тұрғыда ұйым тәуелсіз. Базалық мөлшерлемені белгілеу кезінде де тек мемлекеттік мүддені есепке алмайды, оған қоса нарық пен сауда-саттық райына қарап шешім шығаруға машықтанған.
Бұған дейін АҚШ тарихында мемлекеттік қарызды өтеуге жауапты бірнеше банк болды. 1791 жылы First Bank of the United States, 1816 жылы Second Bank of the USA қаржы ұйымдарына долларды тұрақтандыру жауапкершілігі жүктелген. Алайда ұзақ уақыт бойы банктер мүлдем орталықтандырылмай, АҚШ-та бірыңғай жүйеге деген қажеттілік туындаған болатын. Әсіресе 1873, 1893, 1907 жылдардағы қаржылық дағдарыстар біртұтас жүйеге деген сұранысты арттырды.
Осылайша, 1913 жылы Конгресс жарлығына сәйкес ФРЖ құрылды. Басты ерекшелігі, бір ғасыр бойы ондағы негізгі шешімді тікелей мемлекет емес, ұйым кеңесі қабылдап келген. Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, бұл үрдіс қазір де жалғасуда.
– Бұл жүйеде 12 инвестициялық банктің өкілінен тұратын кеңес бар. Кеңеске мүше банк өкілдері жылына 8 рет бас қосып, базалық мөлшерлеменің тағдырын шешеді. Бұл банктер өздеріне ыңғайлы шешім қабылдайды деген сөз емес, кеңесте ішкі-сыртқы экономикалық ахуал, халық табысы, инфляция, қарыз мөдшері – бәрі есепке алынады, – деп түсіндірді экономист.
Ақүйде Федералдық резервтік жүйеге ықпал ету тетігі бар, ол – төраға. Ұйым басшысын Президент ұсынып, Сенат бекітеді. 2026 жылғы 22 мамырдан бастап аталған лауазымға Кевин Уорш келді.
3 жылда базалық мөлшерлеме өспеді
Қазіргі уақытта АҚШ-тағы базалық мөлшерлеме 3,50%-3,75% шамасында. Алайда, Дональд Трамп бұл көрсеткіштің тым жоғары екенін алға тартып, оны 1%-дан да төмен түсіру қажет деп есептейді. Ол 4 қыркүйекте Truth Social әлеуметтік желісі арқылы ФРЖ-ға тағы да үндеу жасағанын көрдік. Тіпті ФРЖ базалық мөлшерлемені төмендетпесе, АҚШ сауда тапшылығы бар барлық елдермен (яғни АҚШ-қа тауарды көп сатып, өзі аз алатын мемлекеттермен) сауда-саттықты толығымен тоқтататынын айтып қорқытқанын білеміз.
Мұның бәрі не үшін? Алдымен базалық мөлшерлемені төмендетуге әсер ететін факторларды ажыратып алайық. Трамп айтқандай, базалық мөлшерлемені төмендету көп жағдайда жұмыссыздық деңгейі жоғарылаған кезде, несие қымбаттаған шақта және экономика тоқырауға бет алғанда қолданылады.
Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, Трамп билікке келгесін жұмыс орындары азайып, адамдар ақшаны экономикаға емес, банкке салып жатыр. Соның салдарынан ФРЖ базалық мөлшерлемені 2025 жылы 4,3 пайызға, 2026 жылы 3,63 пайызға дейін төмендетуге мәжбүр болған.
– Бір қызығы, АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесіне инфляция басты орында емес. Олар үшін бастысы – жұмыс орындарын ашу. Жұмыс орындары көбейсе, адамдар өз-өзін қамтамасыз етіп, экономика өседі деген постулат бар. Есіңізде болса, олар 2024 жылы базалық көрсеткішті 5 пайыздан жоғары көтерді. Қазақстандықтар үшін 18-20 пайыздық базалық мөлшерлемеге үйреншікті шығар, ал АҚШ үшін 5 пайыздық деңгей - өте жоғары, – деп түсіндірді Сапарбай Жұбаев.
АҚШ-та инфляция мен баға индексі жоғарылап келеді. АҚШ Еңбек статистикасы бюросының мәліметіне сәйкес, тамыз айында тұтыну бағаларының индексі жылдық есеппен 3,4%-ға, ал айлық есеппен 0,4%-ға өсті. 0,4 пайыз былайғы жұртқа «қиқым» көрінуі мүмкін. Алайда алып АҚШ экономикасы үшін жарты пайыздың өзі елеулі өзгеріс саналады.
Экономист Әнуар Нұртазинның бағалауынша, АҚШ-тағы базалық мөлшерлемені көбейтуге дәл осы инфляция мен баға саясаты тұсау болады. Сондықтан Кеңес долларды күшейтіп, соның есебінен инфляцияны тежеуі мүмкін. Ол үшін базалық мөлшерлемені көтеру керек.
– Инфляцияны ауыздықтау үшін базалық мөлшерлеме жоғары болуы қажет. Бұл жерде нарық базалық мөлшерлеменің көбеюін күтіп отыр, тым болмағанда 0,25 пайызға көбейеді деген пікір басым. Қазірдің өзінде Федералдық резерв жүйесіндегі кеңестің кей мүшесі базалық мөлшерлемені көтеруді қолдады, – дейді Әнуар Нұртазин.
Экономикада балансты сақтау өте маңызды. Базалық мөлшерлемені азайтудың өзі инфляциядан құтқармауы ғажап емес. Мәселен, АҚШ пандемиядан кейін экономиканы жандандыру үшін базалық мөлшерлемені төмендеткен еді. Ақша арзандағасын экономикаға көп инвестиция келді, кейін керісінше инфляция жоғарылап кетті.
– АҚШ-тың қарызы көп – 40 трлн доллардан асады. Бұл жерде қарыз көлемі маңызды емес, оны толық қайтарайын деп отырған олар жоқ. Басты мәселе сол қарыздарды өтеуге жұмсалатын шығында жатыр. АҚШ-та қарыздарды өтеуге жұмсалатын қаражат қорғаныс шығынынан асып жығылады. Осылайша, әрбір несие жинақ эффектісін туындатып, жаңа қарыз алуға итермелеуде.
Мұның бәрі бюджетке салмақ түсіріп отыр. Осы тұрғыда базалық мөлшерлемені азайту АҚШ бюджетін сақтаудың бір жолы ретінде көрінетіні рас. Трамп та инфляцияның ықпалымен мөлшерлемені түсіргісі келеді. Дегенмен қазір нарық құбылмалы. Бәрібір нарықта баға саясаты өзгеретіні анық. Сондықтан ФРЖ сақтықпен қарап, қазіргі деңгейден айтарлықтай өзгеріс жасамайды деп ойлаймын. Өйткені ФРЖ басшысы Кевин Уорш - өте сақ адам, – деп толықтырды Әнуар Нұртазин.
Сарапшы Сапарбай Жұбаев та Трамптың жетегіне еріп, ФРЖ базалық мөлшерлемені түсіреді дегенге сеніңкіремейді. Оның сөзінше, 3 жыл қатарынан базалық мөлшерлеменің төмен болуы инвесторларды банкке ақша сақтауға итермеледі – себебі табысы көп. Соның әсерінен экономикаға, жұмыс орындарын ашуға салынатын қаржы кеміген.
Сауда бәсекесі: Трамп сауданы тоқтата ма?
АҚШ үшін базалық мөлшерлеменің сыртқы саясат, ішкі экономикалық ахуалға байланысты өзгеруі қалыпты құбылыс. Мысалы, 2024 жылдың басында – 5,25–5,50% (23 жылдағы ең жоғары көрсеткіш), 2025 жылдың басында – 3,50–3,75%, 2026 жылдың басында – 3,50–3,75% аралығында болды. Базалық мөлшерлемеге қарай халықаралық инвестициялық келісімдер жасалғанын да білеміз.
– Трамп президент болған алғашқы жылдары араб елдеріне көп барды. Базалық мөлшерлеме жоғары деген желеумен Қатарды, Кувейтті, БАӘ-ні, Сауд Арабиясын АҚШ экономикасына жалпы сомасы 600 млрд доллар инвестиция салуға көндірді. Оған қоса көршіміз Өзбекстанның өзі АҚШ экономикасына 10 жылда 100 млрд доллар инвестиция салуға келісті, – дейді Сапарбай Жұбаев.
Енді Трамп базалық мөлшерлемені төмендетуге құлық танытып отыр, АҚШ көрсеткішті тарихи минимумға дейін түсіру керек деген де пікір айтты. Осы мақсатта сауда жолын кесемін деп қыр көрсетуде.
Сапарбай Жұбаев Ақүй көшбасшысының айтқаны жүзеге аспауы мүмкін деген пайымда. Оған бірнеше себеп бар.
– Біріншіден, Трамп билікке келгелі Қытай, Канада, Еуропа елдерімен араздасып, кедендік баж төлемін көбейтуде. Бірақ мұны Ақүй шешпейді, оны Федералдық резерв жүйесі шешеді. Кей жағдайда кеден баж төлеміне қатысты мемлекет шешімін Федералдық резерв жүйесі сотпен күшін жоятын кез болады, – деді ол.
Сарапшы айтқан екінші себеп Қытайға қатысты болып отыр. АҚШ-тың сыртқы сауда айналымының 18 пайызы Қытайға тиесілі. Қытайдың АҚШ-қа экспорты, АҚШ-тың Қытайға экспортынан екі есе көп. Сондықтан Трамп осыған күйзеліп, Қытайдың тауарларын азайту үшін кедендік төлемді көбейтті. Базалық мөлшерлемені төмендету үшін АҚШ-қа тауарды көп сатып, өзі аз алатын мемлекеттермен сауда-саттықты толығымен тоқтатамыз деп мәлімдеуінің бір себебі де осында жатыр.
Сапарбай Жұбаевтың пайымынша, Қытай кеден төлемдері көбейсе, АҚШ-қа қажетті сирек кездесетін металдарды, автокөліктер, технологияны азайтады. Сол үшін Конгресс екіжақты сауданы дамытуды талап етіп отыр. АҚШ экономикасы жоғары технологияға құрылған. Компьютерлер, ғарыш құрылғылары, ұшақтарға, ақпараттық технологияларға басымдық береді. Ал халық тұтынатын тауарлар шетелден келеді әрі арзан бағаға сатып алуға мәжбүр. Сондықтан Трамптың Қытай секілді алыс-берісі көп елдермен ат құйрығын кесісуі қиын.
– Сауда бәсекесін болжау қиын. Бірақ 2014 жылы АҚШ Қытайға қарсы сауда бәсекесінде жеңілді – өндіріс, нақты секторда біршама олқылық орын алды. Сол кезде Қытайдан кейінгі позицияға жайғасқаны бар. Қазір АҚШ тағы алдыңғы қатарда, бірақ бұл қағаз жүзіндегі сес ғана. Қытай болсын, ЕО елдері болсын, АҚШ-тың сауда соғысында қолданатын қарсы әдіске ие. Бұл тетіктер экономикалық тепе-теңдікті бұзады, ең алдымен АҚШ экономикасына кері әсерін тигізеді деген жөн, – деді Әнуар Нұртазин.
Долларсыздану дәуірі: «көршің соқыр болса...»
Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, Қазақстан Ұлттық қордағы 65 млрд доллардың 23 млрд долларын АҚШ облигациясына салып қойған. Базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, бізге төленетін үстеме ақы да 4-5 пайыздың шамасында кіріс әкеліп отыр. Егер базалық мөлшерлеме жоғарыласа, біз үшін кіріс көлемі артады.
Бірақ жылдан-жылға қорды долларда ұстау саяси-экономикалық тұрғыда күрделене түсті. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде болғандықтан, Ресей және Қытаймен бірге долларсыздандыру саясатын жүргізіп жатырмыз. Сол үшін банктер долларлық депозиттерге жылына 1 пайыздық ғана үстеме берді. Мемлекет қана емес, елдегі кей қалталы азамат Қазақстанның ішкі инвестициясына қаржы салғаннан гөрі, қаржысын шетелге шығаруға пейілді.
Осы орайда экономист Сапарбай Жұбаев ұлттық қор мен ақша-несие саясатын қайта қарау керек деген ұстанымда.
– Ұлттық банктің Ресей мен Қытайдың долларсыздандыру саясатына еріп, долларлық депозиттерге 1 пайыздық жылдық үстемақы қоюы дұрыс емес. Кемінде АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің базалық мөлшерлеменің көлемімен ұстап тұру керек. Себебі елдегі олигархтар қаржысының басым денін долларда ұстайды. Егер долларлық депозитті 1 пайыз күйінде қалдырсақ, қаржы шетке шығып кетеді. АҚШ-та жоғары пайыз беріп тұрса, әрине, олар үшін Қазақстанда қаржы сақтау тиімсіз, – деп қосты сарапшы.
Ресей мен Қытай долларсыздандыру саясатын жүргізіп отыр. Бірақ олардың да қомақты қаражаты АҚШ-тың облигациясы мен акцияларына салынған. Федералдық резерв жүйесі бүгін-ертең өтетін отырыста базалық мөлшерлемені арттырса, өзге мемлекеттер АҚШ-қа қаржы салуын жалғастыратынына күмән жоқ.
Ал Әнуар Нұртазин валютаны әртараптандыру үшін юаньға жүгінуді жөн көреді.
– Қазақстан банктері долларсыздандыруды кезең-кезеңімен жалғастыруда. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 250 млн доллар көлеміндегі облигацияларын мерзімінен бұрын өтеді. Алайда шетелдік валютаны әртараптандыру күрделі мәселе. Еуро нарығы алыс, рубль құбылмалы, доллардың күйін көріп отырмыз. Тек юань мен металл ғана әртараптандырудың жаңа көзі бола алады. Бұл жерде де металл тек қаржыны сақтау жолы ғана, оның өзі қосымша табыс әкеле алмайды, – дейді Әнуар Нұртазин.
Экономист Сапарбай Жұбаев қордағы валютаны ғана емес, сақтау жолын да әртараптандыруды ұсынды.
– Қай жерде қаржы сақтау тиімді екенін анықтау керек. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Әзербайжанның даму банкіне салған ақшамыз табыс жағынан күрделі кезеңге тап болып, кейін Әзербайжан үкіметінің облигациясына ауыстырдық. Сондықтан әртараптандыру қажет, бірақ сенімді әрі табысты жолды қараған жөн, – деп түйіндеді спикер.
Қорыта айтсақ, бүгін-ертең АҚШ-тағы базалық мөлшерлеменің келешегі айқындалады. Трамп жұмыс күшін көбейту үшін көрсеткішті төмендету керек десе, халық табысы жоғарылату үшін Федералдық резерв жүйесінің бүйрегі базалық мөлшерлемені ұлғайтуға бұрып тұр. Қай сценарий жүзеге асса да, Қазақстан экономикасының ұтылмасы анық.