Жабал Ерғалиев: Мен үшін ел бірлігі, тыныштығы мен мемлекет мүддесі бәрінен қымбат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі әлем күрт өзгерістерге толы. Осы өзгерістер ұрпақ санасына, қоғамға қалай әсер етіп жатыр? Бұған аға толқынның көзқарасы қандай? Осы мәселе төңірегінде танымал жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевпен сұхбаттасқан едік.

-Сіз кешегі күні Сенат депутаты кезіңізде ұлттық руханият жайлы жиі сөйлеп, пікір білдіріп жүрдіңіз. Қазіргі уақытта да жазушы ретінде осы ұлттық руханият жайлы кесімді пікірлер айтып келесіз. Бір жақсылық, бір өзгеріс бар ма?

-- Біз енді есейіп келе жатқандаймыз. Өйткені өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз жайлы енді батыл айтып, соларды енді жинақтай бастағандаймыз. Бұған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» еңбегі үлкен әсер етті. Тіпті санамызды дүр сілкіндірді. Елбасының бұдан кейінгі «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегі бар. Міне, осы зерделі екі еңбек біздің рухани жағынан одан әрі байытып, өзімізді әлемдік мәдениетке, жалпы адамзат өркениетіне қосқан үлесіміз бар екендігін сенімді түрде батыл айтуға мүмкіндік берді. Өйткені біздің халқымыз кешегі кеңестік жүйе кезінде «сендерде ешнәрсе болмаған жабайы халық едіңдер» деп айтылған кемсітушіліктен жасып қалған еді.Тағы бір айтар жай, Елбасының осы еңбегі мұның алдында жарық көрген «Ұлы Дала ұлағаттары» деген еңбегімен байланысып жатыр. Әр қазақ осы еңбекті де оқуға тиісті.

Біздің мына Көкше өңіріндегі «Ботай» мәдениеті қазір әлемге танылды. Осындағы қазба жұмыстарының ғылыми негіздемесі арқылы жабайы жылқыны да адамзат тарихында тұңғыш қолға үйреткен қазақ екендігі қазір ешқандай дау тудырмайтын мәселе болды. Міне, көнеден келе жатқан атқа міну мәдениеті бар қазақ халқының ендігі арада ұлт ретінде сақталып қалу мәселесі ойландырса етті. Рухани жаңғырудың басты талабы - ұлттық сананы қалыптастыру! Ал, кез келген ұлттың санасы ең әуелі өзінің ұлттық тілімен ғана қалыптасары бар. Бұл жаңа ашып отырған жаңалығым емес. Алайда сол ұлттық тіл күнбе-күн қажетінше қолданылмаса, сол ұлттық тілдің уызына жаңа туған сәби туғанынан жарымаса не боламыз? Тіл жаңғырмай сана жаңғырмайды! Осыны ескерейік!

Жалпы осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында сана да, ой да дүр сілкінді. Мысалы, біздің Ақмола-Көкшетау өңірінде 2018 жылы Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин шығармаларының 11 томдығы, Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың «Заманай мен Аманай» кітабының Лондон қаласында ағылшын тілінде, «Мәлік Ғабдуллин - қазақтың Оқжетпесі» атты альбомдық кітапша да шығарылды. Ұлттық руханияттың осы бір аса құнды дүниелермен толыға түсуіне Ақмола облысының бұрынғы әкімі Мәлік Мырзалин зор ықпал етті, қолдау жасады. «Батыр Мәліктің он бір томдығын әкім Мәлік шығарып берді» деп кезінде айтқан да болатынмын.

-Біздің білуімізше Сіз Сенат депутаты болып жүрген кезіңізде осы Мәлік Ғабдуллинге ескерткіш тұрғызу керек деп Үкіметке сауал да жолдаған едіңіз...

-Болған! Батырдың туғанына 100 жыл толуына орай Көкшетауда ескерткіш қойылды. Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына да қойылсын деген өтінішіміз аяқсыз қалды. Нұр-Сұлтан қаласында Бауыржан Момышұлының ескерткіші бар. Өте дұрыс! Менің түсінігімде Баукең мен Мәлік қан майданда да, бейбіт өмірде де бірін бір қолдап, бірін бірі толықтырып тұрған тұлғалар бола білді. Біздікі осы ойдан туындаған ой еді. Осы арада айта кететін бір мәселе, соңғы уақытта қазаққа ортақ тұлғаларға ескерткіштер қоюға келгенде бір ескермей келе жатқан жай орын алып бара ма деп ойлаймын. Мысалы әр облыс өз жерінде туған тұлғаларға ғана ескерткіш соғатын болды. Бұл да жөн шығар. Алайда, біздің түсінігімізде қазақтың ірілері мен игі-жақсылары барлық қазаққа ортақ емес пе еді?! Мысалы солтүстіктің қазағы мына мен қазақтың батыс аймағын ең әуелі Құрманғазының күйімен, Ғарифолла Құрманғалиевтің үнімен танып білдім. Ал енді осындай біртуар тұлғаларға Қазақстанның батыс аймақтарында ескерткіштер бар да, біздің солтүстікте неге жоқ? Керісінше түстіктен шыққан тарихи тұлғаларға неге Қазақстанның өзге аймақтарында ескерткіштер жоқ? Біртұтас ұлт боламыз десек осыны да ескерген абзал болар!

-Саясат жайлы да ой пікір айтып жүрсіз ғой! Еліміздегі осы соңғы жағдайлар, жалпы биліктің ауысуы жайлы не ойлайсыз?

- Бәрі де тарих қой енді! Жасампаз тарих! Елбасы тарихи шешім қабылдап, өзінің Президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл - дана шешім! Елбасы бұл жолы тағы да ел болашағын кеңінен ойлап-пішер өз кемеңгірлігін танытты! Сол жасампаз тарих төрінен бүгінгі күні біз айтар бір ақиқат бар! Тәуелсіз қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр - тұтас бір халықтың тағдыры!

Тәуелсіздік және Елбасы! Бұл қос ұғымды біз бір-бірінен бүгінгі күні де, Мәңгілік елдің мәңгілік тарихынан да ешқашан бөле-жара қарай алмасымыз анық. Өйткені, Елбасы ел Тәуелсіздігінің бүгінгі 28 жылында қазақ елін бір ғасырдың еншісіне де сыя қоймастай тарихи жолдан алып өтсе, Қазақ елі дүниенің төрт бұрышына ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен танылды. Назарбаев қазақ елі үшін Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашып берді! Ақиқаты осы!

-Астананың Нұр-Сұлтан қаласы болып аталуына қуандыңыз ба?

-Қуандым да, қолдадым да! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды өз дәуірінің ұлы перзентіне құрмет көрсету жайлы айтқан ұсыныстары бірден көңілімнен шықты. Астана қаласы Нұр-Сұлтан қаласы болып аталуы, сол Нұр-Сұлтан қаласында Елбасының монументтік ескерткішінің тұрғызылатындығы да, Халық Қаһарманы мен Еңбек Ері атақтарының берілуі де қазақ халқының елім деп еміренген өз ерін асқақта білетін көшелі ел екенімізді көрсетіп, әлем алдында ұялмайтындай шешім қабылдадық! Қазір Көкшетау қаласындағы «Горький» көшесі де Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың және жергілікті депутаттардың шешімімен Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше болып өзгерді!

Елбасының тәуелсіздік жылдары атқарған еңбегінің аясы мен ауқымы қазақ тарихының өткен кезеңдері мен дәуірінің ешбір өлшеміне сыймастығын және де ғасырлық мұраттардың жүзеге аса бастағандығын тағы бір ойға ала отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып Астана қаласын салып орнықтыра білгендігін Мәңгілік ерлігінің бәйтерегі болып мәңгі жасары да анық. Осы бір ойлар тоғысында «Астана-Тәуелсіздігіміздің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі!» және де «Астана-халқымыздың барлық ұлы мұраттарының Бәйтерек болып тереңге тартқан тамыры, жайқалған жапырағы!»,-дегенді өз кезінде айтқан да болатынбыз. Бүгінгі Астананы өз басым Елбасының қазақ баласы үшінсоғып берген ұлы Ескерткішіндей қабылдарым бар.Енді бүгін келіп Елбасының өз перзентіндей сол Астана қаласының Нұр-Сұлтан қаласы болып аталуы да әбден орынды!

- Алда Президент сайлауы келе жатыр. Ендігі Президенттің қандай саясат жүргізгенін қалар едіңіз және сайлаушы ретінде қандай талаптар қояр едіңіз?

-Қазақ елі тарихтың жаңа бір сындарлы кезеңінде тұр деп санаймын. Біз сайлау өткізу жағынан келгенде өте бай тәжірибе жинақтаған елміз. Бұдан бұрын өткен бір Президент сайлауында қазақстандық сайлаушылардың белсенділігіне әлемнің түрлі елдерінен келген сарапшылар мен бақылаушылардың сүйсініп қайтып жүргенін де білеміз. Қазір әлем назары - біздің елімізде! Биліктің өз еркімен ауысуы және одан қалды алдағы сайлау бар, соның барлығы сын көздерді көбейтіп отырғаны да анық. Бұл елді енді кім билер екен, бұл елдің жағдайы енді қалай болар екен, бұл ел қай жолмен жүрер екен, енді қалай дамиды екен деген сыңайдағы бақылаулар көп қазір. Бұл заңды құбылыс.

Алайда, заңды құбылыс болғанымен, тұтас елдікке сын! Осы орайда ежелгі ел бірлігі мен ел тыныштығы әрқайсымыздың ұстанар қағидамыз болғаны абзал. Өйткені, осы күндері әлемнің кез-келген мемлекеттерін біріктіруші күш пен ниеттен гөрі, бүлдіргісі келіп жүрген күштердің белсенділігі артып, шатақ, қақтығыс іздеп жанығып жүргендер көбейді.

Тұрақсыздықтың өзінен пайда табуға шеберленіп, машықтанып алғандар да табылады. Дүниенің ана жерінен бір, мына жерінен бір от қойып отырған кейбіреулерге қазақ елінің тұрақтылығы мен тыныштығының да ұнамайтындығын да біле отырайық.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс сайлау өткізу жайлы Үндеуінде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев салып берген сара жолынан айнымайтындығын мәлімдеді. Бұл тұрақтылықтың кепілі! Және де Президент өз мәлімдемесінде сайлаудың әділ өтуіне кепілдік берді! Бұл да ел бірлігін сақтап тұрудың алтын кілті!

Ел ортасында жүргендіктен өз басыңыз «болашақта кім Президент болғанын қалар едіңіз?» деп сұрап жатқандар да бар. Мен ұлттық мүддені бәрінен де биік қоятын, қоғамда әділеттілік пен заң үстемдігін нығайта алатын, сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтара алатын, жершілдік пен рушылдықтан ада, көзбояушылықты, бос даңғазалық пен ысырапшылықты реттеп, тыя алатын, елдің жайын, халықтың жағдайын жақсартуға бар мүмкіндікті іске қоса алатын, ел байлығын жалпыға ортақ игілік ете алатын Президенттіктен үміткер үшін дауыс берер едім! Және де ендігі Президенттіктен үміткерлердің әрқайсысы халықтың қызметшісі боламын деген оймен дауысқа түскенін қалар едім.

-Сіз қаламгер әрі қайраткер ретінде осы сайлауда жеңіп шыққан Президентті де әрдәйім қолдап отырасыз ба?

-Әрине, қолдаймын! Халық таңдап сайлаған Президентті қолдау елдің бүгіні мен болашағын, өсіп-өркендеуін қолдау деп түсінемін. Бұдан ешқандай жағымпаздықты іздеудің қажеті жоқ. Ел бірлігі мен тыныштығы және мемлекеттің мүддесі мен үшін бәрінен де қымбат!