Жақсы ауданының диқандары егін орағын толықтай аяқтады - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы бойынша Жақсы ауданының диқандары алғашқы болып күзгі орақ науқанын аяқтады.

Олар барлық 404 мың гектар алқаптың егінін орып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сілтеме жасап.

 Аудан егіншілерінің бұл табыстарымен облыс басшысы Альберт Рау құттықтап, жеделхат жолдаған. Аймақ бойынша гектар берекесі 12 центнерден айналып, қамбаға 485 мың тонна алтын астық құйылды. Келер жыл егісіне 49 мың тонна тұқым қоры жасалып, 122 гектар жер дайындалды.

 Жалпы облыс бойынша 4 миллион гектардың дәнді дақылы жинап алынған. Әр гектардан орта есеппен 10,3 центнерден өнім алынуда, бұл өткен жылғы деңгейден 1,3 центнерге артық. Қазіргі кезде қызыл қырманға 3753 мың тонна астық жеткізіліп, келер жыл егістігі үшін 500 мың тонна тұқым құйылды.