ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданы Қызылтал ауылының Алмас Р. деген тұрғыны балық аулап жүріп «Тигр» маркалы аңшы мылтығын тауып алады.
Бөрлі аудандық сотынан түскен мәліметке қарағанда, ол мылтықты өз үйінің сарайында заңсыз сақтаған. Осы жылдың наурызында оған Қанай ауылында тұратын қарындасы телефон шалып, күйеуінің ұрып-соққанын айтады. Жазаланушы «Мәселені шешу» үшін «Nissan Primera» автокөлігімен қарындасының үйіне келгенде, ешкім болмайды. Үйдің құлыптаулы тұрғанын көрген ол ішке бірнеше рет оқ атады. Онымен тынбай, ауылдық Мәдениет үйі жанында осы қылығын тағы қайталап, оқиға орнынан бой тасалаған. Бұзақы бұл қылмыстық әрекетімен 100 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Сот отырысы барысында жәбірленуші талабының жоқтығын айтып, істі қысқартуды өтінгенімен, Бөрлі аудандық сотының үкімімен жауапқа тартылушыға ҚР ҚК 257 бабы 3-бөлімі және 251 бабы 1-бөлімі бойынша үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).