Жалақы қаржылық тұрақтылық көзі ме: Қазақстанда орта тап ұғымы өзгеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда орта тап қалыптастыру мемлекет саясатындағы басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Бүгінгі материалда аталған санатқа кімдер жататынын талдаймыз.

Фото: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Мемлекет ұстанымы

Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да көтерген болатын

- Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Басқаша айтсақ, экономиканың өсуі мемлекет үшін дербес әрі түпкілікті мақсат емес. Табыс деңгейі, жұмыс орындарының сапасы мен капитал жинау мүмкіндігі азаматтардың әл-ауқатына оң әсер еткен жағдайда ғана экономикадағы өсім нәтиже береді.

2026 жылы Үкімет халықтың нақты табысын арттыруды экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов азаматтардың табысы экономика өсімінен баяу артып жатқанын мойындады. Осыған байланысты жалақыны көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және халықтың қаржылық жүктемесін азайту жөніндегі кешенді шаралар әзірленетіні хабарланды.

2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаның басты бағыты – тұрақты экономикалық өсім, инфляцияны бақылау, өндірісті дамыту және еңбек өнімділігін арттыру арқылы азаматтардың нақты табысын көбейту. 2026 жылдың басынан бері әлеуметтік төлемдер мен зейнетақылар ресми инфляция деңгейінде индекстелді.

Дегенмен экономистер жалақыны өсіру арқылы ғана орта табысты қазақстандықтардың қатарын кеңейту мүмкін еместігін жиі айтып жүр. Ол үшін бірнеше шарт қатар орындалуы қажет: еңбек өнімділігі тұрақты өсіп, жоғары жалақы төленетін жұмыс орындары көбею керек; баспана қолжетімді, білім сапалы болып, инфляциялық қысымның төмендеуі шарт; шағын және орта бизнес дамып, әр отбасы ұзақ мерзімге қор жинақтай алуы керек.

Фото: Kazinform

Осындай өлшеммен алғанда ресми статистикадағы айлық мөлшеріне орта таптың үлесін айқындау мүмкін емес. Орта тапқа жататын отбасы күнделікті шығынын қиналмай өтеумен қатар болашағын сеніммен жоспарлай алуы қажет.

Ресми өлшем

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) әдістемесі бойынша, елдегі медианалық табыстың 75%-ынан 200%-ына дейінгі мөлшерде табыс алатын адамдар орта тапқа жатады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2026 жылдың бірінші тоқсанында медианалық жалақы 331,5 мың теңге болған. Демек, формалды түрде айына шамамен 250 мыңнан 660 мың теңгеге дейін табыс табатын қызметкерлерді орта тапқа жатқызуға болады.

Экономист Эльдар Шамсутдиновтің пікірінше, мұндай тәсілдің өзі адамның басқа қызметкерлермен салыстырғандағы орнын ғана көрсетеді, бірақ отбасының қаншалықты тұрақты өмір сүріп жатқанын айқындай алмайды.

- Мен орта тапқа үй шаруашылығының беріктік қоры тұрғысынан қараймын. Табыстың бір бөлігін жоғалтқан жағдайда да қалыпты өмір сүру деңгейін сақтай алу, тұрғын үй, медицина, балалардың білімі, көлік және демалыс шығындарын өтеу, несиелерді бюджетке ауыртпалық түсірмей төлеу және кем дегенде бірнеше айға жететін қаржылық қордың болуы – орта таптың ең басты сипаты, - дейді сарапшы.

Ірі қалаларда орта таптың тұрмыс деңгейі қандай?

Үйге ай сайын 500 мың теңге кіріп отырса, бұл жаман көрсеткіш болып көрінбеуі мүмкін. Алайда ірі қалалардағы нақты тіршілік құны бұдан әлдеқайда жоғары. Алматы немесе Астанада бір баласы бар отбасының ай сайынғы шығыны кемінде мынандай:

• ипотека немесе пәтер жалдау ақысы – 250-450 мың теңге;

• азық-түлік – 100-300 мың теңге;

• көлік шығындары – 50-100 мың теңге;

• білім беру мен үйірмелер – 50-150 мың теңге;

• медицина, киім-кешек, байланыс және тұрмыстық шығындар – тағы 100-150 мың теңге.

Сонда барынша үнемдеп өмір сүрген бір балалы отбасы қымбат гаджет, тұрмыстық техника сатып алу, саяхат шығындарын есептемегеннің өзінде айына 1 миллион теңгеден астам қаражат жұмсайды.

Эльдар Шамсутдиновтің пайымынша, ресми есеп бойынша елдегі орта таптың айлық табысы 250-660 мың теңге деп бағаланғанымен, айлықтан айлыққа дейін алаңсыз өмір сүретін ересек адамның табыс деңгейі 700-900 мың теңгеден басталады.

Ал бір баласы бар, ірі қалада тұратын отбасы орта тап деңгейінде өмір сүру үшін үйге ай сайын 1,5-2,2 млн теңге табыс кіріп тұру керек.

Фото: nationalbusiness.kz

- Жеке табыс пен отбасылық бюджетті ажырата білу керек. Бір жалақы қызметкердің еңбек нарығындағы орнын көрсетсе, үй шаруашылығының жиынтық табысы отбасының өмір сапасын көрсетеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректеріне қарасақ, айтарлықтай жинағы бар азаматтар саны әлі де салыстырмалы түрде аз. Бұл қаржылық жағдайы тұрақты отбасылар әлі де аз екенін көрсетеді, - дейді сарапшы. 

Озық елдерде қалай?

Дамыған елдерде ай сайынғы табыс деңгейі әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары:

• АҚШ – шамамен 4 500 доллар;

• Швейцария – 7 000 доллардан астам;

• Қатар – 4 000 доллардан жоғары.

Бұл тұрғыда Қазақстан Орталық Азиядағы ең ауқатты экономикалардың бірі болып қала береді. ТМД-ның Мемлекетаралық статистикалық комитетінің 2023-2024 жылдарға арналған деректері бойынша Қазақстандағы орташа номиналды жалақы шамамен 817 доллар болып тұр. Бұл көрсеткіш Өзбекстанда – 438 доллар, Қырғызстанда – 411 доллар, Тәжікстанда – 243 доллар.

Инфографика: Kazinform

Алайда табыстың номиналды мөлшеріндегі айырмашылық өмір сапасында дәл сондай айырмашылық бар дегенді білдірмейді. Қазақстанда жалақымен бірге халықтың шығындары да жоғары.

Әл-ауқатты бағалау кезінде тек жалақы көлемін ғана емес, өмір сүру құнын, қарыз жүктемесін және жеке баспананың бар-жоғын да ескеру маңызды.

Сырт көзге арналған стандарттар

Әртүрлі сауалнамаларға сәйкес, қазақстандықтардың 60%-ына дейін өздерін орта тапқа жатқызады.

Мұның себебі қарапайым: адамдар өздерін статистикалық көрсеткіштермен емес, айналасындағылармен салыстырады.

- Айналасындағы адамдар шамалас деңгейде өмір сүрсе, қаржылық тұрақтылығы шектеулі болса да, орта тап жаппай құбылыс ретінде қабылдана бастайды. Мұндай мәртебе пәтер, демалыс, балалардың қандай мектеп пен үйірмеге баратыны, көлік маркасы мен саны сияқты көзге көрінетін белгілер арқылы бағаланады. Әлеуметтік желілер бұл салыстыруды үздіксіз үдеріске айналдырып, қалыптасқан мәртебені сақтап қалудың құнын айтарлықтай өсірді, - дейді Эльдар Шамсутдинов.

Осындай стандартқа талпыну қарыз жүктемесінің артуына алып келуі де мүмкін.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Орта таптың жаңа келбеті

Қазақстандықтардың бір бөлігі ресми жалақының сыртында қосымша жұмыстан, жылжымайтын мүлікті жалға беруден, отбасылық бизнестен немесе маусымдық жұмыстан табыс табады. Осыған байланысты ресми статистика әрдайым үй шаруашылықтарының нақты табысын толық көрсете бермейді.

Оның үстіне Орталық Азияда отбасылық қолдау институты әлі де күшті. Ата-ана балаларына ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге көмектеседі, аяқтан тұрған балалар ата-анасына қарасады. Өлім-жітіммен, той-томалақпен, тосын оқиғалармен байланысты шығындарды әулет болып көтеріп алатын дәстүр әлі де бар.

Қалай дегенмен де өзін орта тапқа жатқызу үшін ресми табысын басшылыққа алатындардың саны азайып келеді. Орта тұрмыс ұғымына баласына сапалы білім мен медицина ұсына алу, жыл сайын міндетті түрде бір рет әсерлі саяхат жасай алу, негізгі табыс кенет тоқтаған жағдайда бірнеше ай қиналмай өмір сүретін қордың болуы сияқты өлшемдер еніп жатыр.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазақстандықтардың ақшалай табысының үштен екісі жалданып жұмыс істеуден келіп жатқанын айтқан болатын.