Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, 2025 жылы Қазақстандағы 9,7 млн жұмыс күшінің 7,2 миллионы ғана кемінде бір рет міндетті зейнетақы жарнасын аударған. Тиісінше, шамамен 2,5 млн адамнан жарна түспеген. Алайда бұл санның ішінде зейнетақы жарнасын төлеуден заңды түрде босатылған азаматтар да бар. Жұмыс істейтін зейнеткерлер, I және II топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген азаматтар, толық мемлекеттік зейнетақымен қамтылған әскери қызметшілер, тұрақты тұру үшін шетелге кеткендер және басқалары зейнетақы аударымын жасамайды.
«Конвертпен алатын жалақының» қандай салдары бар?
Ресми еңбек шартын жасаспай жұмыс істеу немесе жалақының бір бөлігін «конвертпен» алу алғашында тиімді көрінуі мүмкін. Өйткені адам бүгін қолына көбірек ақша алады да, болашаққа жасалатын аударымдар жайлы көп ойлана бермейді. Алайда мұндай «үнемнің» салдары кейінірек сезілуі мүмкін: зейнетақы мөлшері азаяды, кейбір әлеуметтік төлемдерден қағылады және қаржылық қорғанысы төмендейді.
Ресми еңбек қатынастары қызметкердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді. Әлеуметтік аударымдар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылған, еңбекке қабілетінен айырылған, асыраушысынан айырылған жағдайда және басқа да әлеуметтік сын-қатер туындаса, тиісті төлемдер алуға құқық береді. Қызметкер қайтыс болған жағдайда, оның асырауындағы адамдарға да әлеуметтік төлем қарастырылған.
Ресми жұмыс қызметкердің еңбек құқықтарын қорғауға да мүмкіндік береді. Мысалы, жалақы төленбеген немесе адам заңсыз жұмыстан шығарылған жағдайда еңбек қатынасының болғанын дәлелдеу оңайырақ. Бұдан бөлек, ресми қызметкердің ақылы еңбек демалысына, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төлемдерге және басқа да кепілдіктерге құқығы бар.
Ресми жалақының маңызы зейнетақымен ғана шектелмейді. Ол адамның қаржылық жағдайын растап, несие, ипотека немесе басқа да қаржылық өнімдерді рәсімдегенде ескеріледі. Бұл әсіресе баспана алудың негізгі тәсілдерінің бірі – ипотека рәсімдеу кезінде маңызды.
Зейнетақыға әсері қандай?
Ең алдымен, бейресми жұмыс істейтін азаматтар үшін зейнетақы жарналары аударылмайды. Бұл болашақта зейнетақы төлемдерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Қазақстанның зейнетақы жүйесінде болашақ зейнетақы мөлшері адамның тұтас еңбек жолы бойындағы аударымдарына байланысты қалыптасады.
Қазақстанда зейнетақы бірнеше бөліктен тұрады: мемлекеттік базалық зейнетақы, 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтарға төленетін ынтымақты зейнетақы және БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен берілетін төлемдер. Әр бөліктің өзіндік есептеу және тағайындау тәртібі бар.
Мемлекеттік базалық зейнетақыны Қазақстанның әрбір тұрғыны алуға құқылы. Оның мөлшері адамның еңбек өтіліне және зейнетақы жарналарын тұрақты аударып отыруына тікелей байланысты.
2026 жылы базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтілі 10 жылға дейін немесе мүлдем болмаған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды. Он жылдан асқан әрбір толық жыл үшін төлем мөлшері тағы 2 пайыздық тармаққа өседі. Алайда ол ең төмен күнкөріс деңгейінің 118%-ынан аспауы қажет.
Осыған байланысты 2026 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге, ал ең жоғары мөлшері – 60 005 теңгеге жетті. Бұл ретте 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуы арқылы расталады.
Жинақтаушы зейнетақының көлеміне ең алдымен жинақтау кезеңі, жарналардың тұрақтылығы мен толықтығы әсер етеді, яғни адам еңбек жолын неғұрлым ерте бастап, жарналарды тұрақты әрі толық аударса, болашақтағы жинақ көлемі соғұрлым жоғары болады.
Бұл ретте ресми жұмысқа орналасқан қызметкердің шотына өзінің міндетті зейнетақы жарналарынан бөлек, жұмыс беруші де зейнетақы жарнасын аударады. Оның мөлшері 2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5%, 2028 жылдан бастап 5% болады. Бұл – зейнетақы жинағына қосылатын елеулі қаражат. Ал бейресми немесе «көлеңкелі» жұмыспен жүрген азаматтар жұмыс берушінің осы жарналарынан қағылады.
Зейнетақы жинақтарына инвестициялық табыс та қосылады. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша салымшылардың зейнетақы жинақтарындағы инвестициялық табыстың үлесі 41,1%-ды құраған. Бұл зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда инвестициялық табыстың елеулі рөл атқаратынын көрсетеді.
1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгеннен 2026 жылғы 1 тамызға дейінгі кезеңде инвестициялық табыстың жалпы кірістілігі 1 111,11%-ға жетті. Ал осы уақыт аралығындағы инфляция деңгейі 1001,29% болды.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, зейнетақы жүйесіне тұрақты түрде қатысып, жарналарды толық аударған жағдайда зейнет жасына жеткен адамның жеке жинағындағы инвестициялық табыстың үлесі 70-80%-ға дейін жетуі мүмкін.
Бейресми жұмыспен қамту азайып келеді
Қазақстанда бейресми жұмыспен қамтылғандар мен табысының бір бөлігін жасыратын азаматтар үлесі әлі де едәуір болғанымен, ресми статистика оң өзгерістерді көрсетіп отыр. Бұл үрдіс Ұлттық статистика бюросының ресми деректерінен де, БЖЗҚ статистикасынан да байқалады.
2025 жылы бейресми жұмыспен қамтылғандардың саны 15%-ға қысқарып, олардың жұмыс күшіндегі үлесі 12%-дан 10,1%-ға дейін төмендеген. БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеде қорда 18,78 млн зейнетақы шоты тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,11 млн-ға немесе 6,3%-ға көп.
2026 жылдың алғашқы жартысында кемінде бір жарна түскен белсенді жеке зейнетақы шоттарының саны 7,20 млн-нан 7,34 млн-ға дейін өскен. Осы шоттардағы зейнетақы жинақтарының көлемі 20,95 трлн теңгеден 22,24 трлн теңгеге дейін артқан.
Ұзақмерзімді көрсеткіштер де зейнетақы жүйесіне қатысу деңгейінің артқанын көрсетеді. 2015 жылы міндетті зейнетақы жарналары бойынша белсенді шоттар саны 6,07 млн болса, 2025 жылы – 7,20 млн-нан асты. Ал жарнаны жылына 6-дан 12 ретке дейін төлейтін азаматтардың үлесі осы кезеңде 71%-дан 78%-ға өскен.
Осылайша, ресми жұмыспен қамтылу табысты заңдастырумен ғана шектелмейді. Тұрақты зейнетақы және әлеуметтік аударымдар адамның болашақтағы зейнетақысына, әлеуметтік төлемдерге, еңбек құқықтарына және қаржылық мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді.
Азаматтар да өз зейнетақы шоттарының жай-күйін жиі бақылап, БЖЗҚ-ның электрондық қызметтерін пайдаланып, инвестициялық табысқа қызығушылық танытып, зейнетақы активтерін басқару мүмкіндіктерін зерделей бастады.
Халықтың өз жинағын қалыптастыруға белсенді қатысуы, жарналарды тұрақты аударуы және жинақтарын басқару мәселесіне қызығушылық танытуы Қазақстанда ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте болашақтағы қаржылық әл-ауқатты қамтамасыз ету мемлекетке, жұмыс берушілерге ғана емес, азаматтардың өздеріне де ортақ жауапкершілік жүктейтін міндетке айналып келеді.
Айта кетейік, Еңбек биржасында жалақысы 2 млн теңгеден асатын жұмыс орындары жарияланды.
Қазақстан бюджетінің 35%-ы адами капиталға жұмсалады.