Жалалабадта төтенше жағдай енгізілді

БІШКЕК. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Евгений Новиков/ - Бүгін кешке Қырғызстанның Жалалабад ауданы тұрғындары арасындағы қақтығыстардың тоқтамауына байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және жағдайдың тезірек тұрақталуы үшін ҚР уақытша үкіметі сол жерде төтенше жағдай жариялау туралы декрет қабылдады.

Мәжбүрлі шектеулер Жалалабадтың өзінде және Созақ ауданында сағат 20.00-ден 06.00-ге дейін белгіленген коменданттық сағатпен 2010 жылғы маусымның 1-іне дейін күшінде болады.

Осыған байланысты ҚР ішкі істер министрінің қызметін атқарушы Бақытбек Әлімбеков төтенше жағдай кезеңінде Жалалабадтың коменданты болып тағайындалды.

Сонымен қатар оңтүстік аймақ бойынша уақытша үкіметтің арнайы өкілі және қорғаныс министрі Исмайыл Исақов пен Б.Әлімбековке Қырғызстан Республикасының «Төтенше жағдайлар туралы» заңына сәйкес құқық қорғау органдары және ішкі әскердің қажетті құралдары мен күшін қолдана отырып адамдардың өміріне қауіп төндіретін тәртіпсіздіктерді тоқтатып, олардың зардабын жою үшін түбегейлі шараларды қолдану тапсырылды.