Жалға беру бағдарламасы аясында 2 мың 919 азамат пәтер алуға ұсыныс берген

АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының Жалға беру бағдарламасы бойынша сәуірдің 8-і мен 22-сі аралығында 2 мың 919 азамат пәтер алуға ұсыныс берді.

Бұл туралы ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тоқтала кететін жайт, жақында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры Тұрғын үй комиссиясының отырысы өткен. Жиынның мақсаты-пәтерлердің әділ әрі ашық түрде бөлінуін және Басқарушы компанияға келіп түсетін және тіркелетін өтініштердің Ережеге сай жүзеге асырылуын қадағалау үдерісін қамтамасыз ету. Азаматтарды қабылдауды жүйелі және тиімді ету мақсатында Тұрғын үй комиссиясы мен оның Төрағасы «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақбанкінің» өтініш иелерімен жұмысын жетілдіру үшін арнайы іс-шаралар жоспарын ұйымдастыру жолдарын қарастыруда.

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» Жалға беру бағдарламасы аясында сәуірдің 8-і мен 22-сі аралығында 2 мың 919 азамат пәтер алуға ұсыныс түсірді. Операциялық үдерісті және өтініштерді қарастыруға қатысты ұйымдастырушылық шараларына сай Басқарушы компанияның Ақпараттық орталығында 2 мың 594 адамға кеңес берілді. Сайтқа кірушілердің саны да бұл күндері артып, 19 мың 555 адамға жетіп отыр. «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақбанкінің» Астана қаласындағы бөлімшелерінде 558 адамнан өтініш қабылданып, оның ішінде 102 өтініш «Ақжайық» кешеніне, 7 өтініш Бірегей Акционер квотасы аясында, ал 29 өтініш «Әл Арқа кешеніне» тіркелген. Бұған қоса, азаматтардан өтініштері мен шағымдарды қабылдау үшін : 8 (800)-080-30-00 сенім телефоны іске қосылды», делінген баспасөз баянында.