Жалған кәсіпкерліктен мемлекетке келген шығын 7,5 миллиард теңгеден асады

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Салық төлеуден жалтару, жалған кәсіпкерлік сияқты әрекеттер қаржы саласындағы ең көп тараған қылмыстар. Бұл туралы бүгін 2010 жылдың қорытындыларына байланысты журналистермен кездескен Астана қалалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Толқын Нәбиева мәлім етті.

Оның деректеріне қарағанда, елордада салықпен байланысты қылмыстар 45-тен 102-ге дейін, яғни 2,4 есеге артқан. Ал осы әрекеттерден келген шығын 1,5 милиард теңгені құрап отыр. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде оның 503 миллион теңгесі қайтарылған. Сондай-ақ жалған кәсіпкерлік әрекеттері 23-тен 74-ке дейін, яғни 3,2 есеге артты. Одан келген шығын 7,5 миллиард теңгеден асады.

«Қалада салық төлеуден жалтару арқылы мемлекетке 900 миллион теңге көлемінде шығын келтірген «Кагорта компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сармурзин 2 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді бапасөз хатшысы.