Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің айтуынша, елімізде заңсыз жолмен алынған дүниелерді қолма-қол ақшаға ауыстыратын фирмалар саны азаяр емес. Олардың көпшілігінің осындай әрекеттерінің соңы қиын жағдайларға душар етіп отыр. Мысалы, Ақтөбе облысында Б.Өтегенов атты азамат «Догус» жалған жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, коммерциялық ұйымдардың қаржыларын қолма-қол ақшаға айналдырумен шұғылданып келген. Осы әрекеті арқылы ол мемлекетке төленуі тиіс 1 миллиард 300 миллион теңгенің қолды болуына ықпал еткен. Жемқор 4 жылға бас бостандығынан айырылды. «Осы облыста А.Польчак атты азамат бірнеше адамның атынан бірнеше жалған кәсіпорын құрып, олардың есепшоттары арқылы коммерциялық ұйымдардың қаржыларын қолма-қол ақшаға айналдыратын болған. Соңында мемлекетке төленуі тиіс 1 миллиард 817 миллион теңге қолды болып, ол 3 жыл абақтыда отыратын болып шешілді. Ал Алматыда қатарынан 20 жалған кәсіпорын құрған алаяқ мемлекетті 1 миллиардтан астам теңгеге шығынға отырғызып, 3 жылға сотталды», деді М.Жұманбай.