Десек те, мамандардың пайымдауынша, шынтуайтында, бұл жеңілдіктердің артында үлкен қулық жатады. Халықтың басым бөлігі сол жеңілдіктерден ұтпайды, керісінше, ұтылады. «Жеңілдік» деген сөз адамға айрықша әсер ететінін біздің сауда орталықтары жақсы білетіндіктен, олар ең алдымен заттың бағасын қолдан екі есе көтеріп, артынан бастапқы бағасына төмендетеді. Осыдан барып мынадай есеп туындайды: мысалы, сіз бір жейдені 6700 теңгеге жеңілдікпен қуана-қуана сатып алдыңыз делік, ал келесі бір дүкенге барсаңыз, жеңілдіксіз ол жейденің бағасы 4500 теңге болып тұрады. Ал осыдан соң қалайша жеңілдіктер ұтымды дей аламыз? Ендеше, біз осы жайттарды ескере отырып, жаңажылдық жеңілдіктер жайында сараптап көрмекпіз.
1 1 бұқараға тиімді ме?
Бізде бұқараның құлағын елең еткізетін жеңілдіктің ең жетілген бір түрі - бір зат алсаң, екінші затты тұтынушыға тегін сыйға ұсыну «жомарттығы». Мұны маркетологтер «1 1» акциясы деп атайды. Ал мамандар тегін затты «тарту» ететіндер туралы оң көзқараста емес.
Меруерт МОЛДАБАЕВА, әлеуметтанушы:
- Әрине, тауарды тиімді өткізудің бір тәсілі:1 1. Яғни бір затты қымбатқа сатып алса, екіншісі сыйлыққа беріледі. Бірақ бұл жерде ескеретін дүние, тегін зат алғашқысынан 80 пайыз арзан болуы керек. Мәселен, сыртқы киімге - белбеу, тағы басқа дүниелер. Тіпті қайсыбір тұтынушыларымыз осындай жеңілдікке ұрынып, екінші заттың тым ескі, киілген зат екенін айтып шағымданған кездер де болады. Жақындап қалған Жаңа жыл мейрамы тұсында кәсіпкерлер шығынға ұшырағысы келмейді. Сол себептен тауар қандай күйде болса да, өтіп кеткенін олар оң көреді. Сондықтан кез келген жеңілдікпен тауар аларда абай болған жөн.
Саудаласуға сауаттылық керек
Жалпы, нақ осы жаңажылдық жеңілдіктерге қатысты деректерге жүгінсек, елімізде тұтынушылардың 73 пайызы отандық сауда-саттық саласының жұмысына разы емес. Тұтынушылардың құқын қорғау бірлестіктерінің жүргізген сауалнамасы осыны айқындайды. Бір қызығы, тұтынушылардың дені қара базардағы саудаға емес, қаладағы ірі супермаркеттер мен дүкендердің сауда-саттық жүргізу жұмыстарына қанағаттанбай отыр. Жеңілдікпен алдау түрлері қазірде ірі супермаркеттерде де молынан орын ала бастаған. Тіпті қайсыбір супермаркеттер тауарлардың бағасы жазылған штрихкодтарды өзгерту арқылы пайда табуға көшкен. Бұған қатысты айтарымыз, мысалы, тұтынушы бір қорап шоколад алғысы келді делік, сөреде әлгі шоколадтың бағасы 120 теңге деп көрсетілген болса, кассаға сатушы шоколадтың штрихкодын сап кеп жібергенде тауар бағасы экраннан 220 болмаса 260 теңгені көрсетуі ғажап емес. Мұндайда тауар бағасы бірден екі есеге дейін өсіп шыға келеді.
Бұл ретте маркетолог маман Айша КЕҢЕСБАЕВА:
- Осындай жайтқа ұшырай қалса, тұтынушылардың көбі «тауар бағасы сөреде қате жазылған болды ғой» деп аса мән бермеушілікке салынады. Айналып келгенде бұл жерде өрескел заңбұзушылық жатыр. Заңдылық бойынша сөредегі баға мен кассада көрсетілетін экрандағы баға сәйкес болуы керек. Бұл жерде тауардың штрихкоды әдейі алмастырылған болуы да мүмкін. Ондайда жаңағы шоколадтың бағасы шынымен де 120 теңге болып, штрихкодтың ауысуына байланысты сіз басқа қымбат тауардың бағасын төлеген боласыз. Сондықтан бұл жерде дереу супермаркеттің әкімшілігіне шағым айтып, бұлай алдаудың заң жүзінде алаяқтық екенін түсіндіруге тырысыңыз, - дейді.
Бірақ мұндайға уақытын кетіріп тұратын біздің қазақ «ұсақшыл» емес. Расында, біз мұндайды «қалыпты жағдай» деп уақытымызды текке жоғалтпау үшін кете барамыз.
Жеңілдікке қалайша алданбауға болады?
Абзалында, мамандардың саралауынша, кеңестік кезеңде арнайы оқу орнын бітірген, сауда-саттық мәдениетінен хабар-ошары бар мамандар ғана арнайы еңбек кітапшасын алып дүкенге сатушы болып қызметке орналасатын. Ол кездерде сатушылық та білдей бір қызметтен кем емес-тін. Қазір, керісінше, сатып тұрған тауарының сапасынан, қайда өндірілгенінен, қандай тауар екенінен, тіпті тауар бағамынан мүлде бейхабар сатушылар жетіп-артылады. Сондықтан тұтынушы ретінде біз мына жайттарды естен шығармағанымыз абзал. Әсіресе Жаңа жылдың кезінде бұл сізге керек болары анық. Мәселен, егер сіздің қапшыққа салынған затыңызды сатушы электронды таразыға еппен қоймай, екпінмен лақтырып қойса, бұдан күдіктенген абзал. Себебі электронды таразыға зат екпінмен түссе, онда заттың салмағы тым артық болып көрінеді. Бұдан сіз бірнеше есе желінесіз. Бұл - бір. Екінші, 1 1 акциясын зерттеп барып қана сауда жасауға тырысыңыз. Өйткені екінші сыйға берілетін тауар түкке тұрғысыз, сапасыз болуы да мүмкін. Осыны зерттеуге тырысыңыз. Киім-кешек алсаңыз да, азық-түлік алсаңыз да, чек талап етіңіз және кассадан ұзамай алған затыңызды чектің бағасымен салыстырыңыз. Қайсыбір сатушылар чектің ішіне алмаған тауарыңызды басып жіберуі де ғажап емес. Тауардың сертификатын сұрауды да жадыңызда ұстаңыз. Сатушының сөзуарлығынан сақтаныңыз, қайсыбір сатушылар өзара әңгімелесу арқылы жарамсыз тауарды сізге тоғытып жіберуі мүмкін. Міне, мамандар сатушылардың осындай әрекеттері де тұтынушыны үнемі сан соқтырып жататынын, сондай-ақ мұндай жағдайға тап болғанда мәселені сол жерде ушықтырмай шешу қажеттігін алға тартады. Бұған қоса, жалпы акция атаулыға алданбау үшін сауда жасайтын сәтте жоспарлы саудаға баса назар аударған жөн. Жасайтын саудаңыз жоспарлы болса, сауда-саттық жасарда «шынымен де осы зат маған қажет пе» дегенді ой таразысына сала білсеңіз, әмияныңыз да, өзіңіз де қаржыдан тарықпасыңыз анық.