Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Мағаджан ауылында тұрған Мария Бірекешова күзде қарттар мен мүгедектер үйін паналады. 80 жастағы қария жас кезінде сиыр суып, шөп шауып, кейін мектепте еден жуды. Ұл мен қыз тәрбиелеген ана 90-шы жылдары жұбайынан, сосын ұлынан айырылып, жалғыз қызымен қалды. Қызын бағып-қағып, оқытып қатарға қосты. Бірақ ол мұның бәрі бекер деп отыр.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары күйеуім жол апатынан қайтыс болып, ұлым көз жұмды. Бар тапқаныммен жалғыз қызымды оқыттым, ол мұғалім мамандығын алды. Қазір Ақтөбе қаласындағы мейрамханалардың бірінде әкімші болып жұмыс істейді. Ауданнан қалаға көшіп, шағын үй алдық. Қызым күйеуге шықты, бірақ тағдырдың жазуымен оның да жолдасы қайтыс болды. Бір ұл, бір қызы бар. Жиенім күйеуге шықты, ұлы үйленген жоқ. 24 жастағы жиеніммен қызым бір үйде тұрып жатыр. Менің зейнетақымды алады, бірақ қарамайды, жағдайымды жасамайды. Тамақ әкеліп бермейді, сөйлеспейді. Ешқандай реніш жоқ болса да, ашылып сөйлеспейді»,- деді Мария Бірекешова.
Қария 2013 жылы онкологиялық дертке шалдығып, ота жасатты. Содан бері үнемі тексеріліп, дәрі қабылдайды. Сонымен қатар, қос жанарына екі рет ота жасалды. Бос уақытын тиімді өткізуді қалап, түрлі заттар тігіп, тоқитын қария бүгінде бәрінен бас тартты. Себебі, көзге күш түсіруге дәрігерлер тыйым салған.
«Үйде жағдайым болмаған соң өзім шешім қабылдадым. Әкімдікке, әлеуметтік қорғау орталығына барып, ақылдастым. Жағдайымды айтып, кеңес сұрадым. Үйден интернатқа көшетін кезде қызыма «жағдайым жоқ, бақпайсың» деп айттым. Сол кезде қызым «қайда кетсең онда кет» деді. Жиналып, кетіп қалдым. Туған қызыма керек болмағанда, жиеніме керекпін бе?»,- деді ол.
Алғашында өз үйін сағынған Мария Бірекешова қазір жанындағы замандастарына үйренді. Кейде өзге бөлмеде тұратындарға қонаққа барып, әңгімелеседі. Өмірдің қиындығына мойымаған қария әлі де тың. Ол дене жаттығуын жасап, бойын сергітеді. Көңілі қалаған кезде тамақ пісіріп, ет асады.
«Зейнетақыма дәрі аламын, кейде тамақ пісіріп жеймін. Шәй құралдарын аламын. Базарға барамын, кейде таныс балаларға қажетті заттарымның тізімін беремін. Сағынған кезде ет алып, асып жейміз»,- деді ол.
Айта кетейік, Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектер үйінде 200-ден астам адам тұрады. Олардың басым бөлігі мүгедек.