ОРАЛ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында соңғы үлгімен қайта жаңартылған демалыс саябағы іске қосылды.
Осыған орай арнайы келген аудан әкімі Рыспай Өтешев ауыл тазалығын сақтауға шақырып, бұл саябақ барлық ауылдық округ тұрғындарының демалыс орталығы болатынын айтты.
Бұрынғы аудан орталығындағы саябақты жаңғырту бағытында тоқсаныншы жылдары тал-терек отырғызылған еді. Бүгінде теректер өсіп-жетіліп, ауыл сәніне айналды. Енді соған қоса серуендеушілерге арналып тас жолдар төселді, орындықтар қойылып, әдемі түнгі шамдар орнатылды. Ашық алаңқайға сахна, би алаңы, көрермен орындықтары қойылды. Балаларға арналған ойын алаңдары, кафе, мылтық ату орындары ашылды. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті күйбең тірліктен шаршап, бір мезгіл демалғысы келген жанға жайлы орын болып шыға келді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).