«Еңбек жолымды 2000 жылы өрт сөндіруші-құтқарушы болып бастадым. Көп жылдар бойы қаланың ең жауынгер бөлімі саналатын №7 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істедім. Барлығы қанша өрт сөндіргенім нақты есімде жоқ. Әйтеуір, өте көп болды. Адам өмірін де аз құтқармаппыз. 2011 жылы болған элеватордағы күрделі өрт әлі есімде, транспортер лентасы мен бункер жанып жатты. Оқиға орнына бірінші болып келіп, барлау жасадық. Өрттің қатты болғаны сонша, күйіп те қалдым. Бірақ, бәрі сәтті аяқталды. Жалын да сөндірілді. Ал, 2015 жылы Виноградов көшесіндегі жатақханада бөлме отқа оранды. Ішке кіріп, бір адамды алып шықтық», - дейді Аян Қызырбеков.
Оның айтуынша, өрт сөндіруші болу үшін ең бірінші батылдық, басқаларға көмектесу ниеті болу керек.
«Өрт сөндіруге ең көп дегенде бір тәулікте 10 реттен астам рет аттандық. Бұл негізінен көктем мен жаз кездерінде. Біздің қолданатын жабдықтардың салмағы жеңіл емес. Мәселен, 9-қабатта өрт шықса, осы жабдықтардың барлығын алып, баспалдақпен көтерілеміз. Әрине, өте ауыр. Сондықтан, физикалық жаттығулар жасап, үнемі дайын жүруіміз керек. Өрт сөндіру бөлімшелерінің есебінде тұрған техникалық жабдықтар үнемі профилактикалық тексеруден өтеді. Тіпті, титтей ақауларды бірден жою қажет, өйткені адам өмірі осыған байланысты», - дейді тәжірибелі өрт сөндіруші.
Аян Қызырбеков жұмыстан бос уақытта балық аулағанды жақсы көреді. Спортпен шұғылданып, футбол ойнайды. Әйелі мен екі баласына көбірек уақыт бөлуге тырысады.
«Өрт сөндіруші, ең әуелі өз жұмысын жақсы көруі тиіс. Одан соң төзімділік пен еңбекқорлық таныту қажет. Өрт сөндірушілерді Көкшетау қаласында орналасқан М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында дайындайды. Оны аяқтағаннан кейін азаматтық қорғау лейтенанты боласыз. Қатарымызға қосылғысы келетіндер болса, мархабат!» - дейді А. Қызырбеков.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан