Үкіметтік жұмыс тобы Жамбыл облысында жер сілкінісінен зақымданған нысандарды аралады
ТАРАЗ. KAZINFORM – Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Жамбыл облысына жетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті.
ТЖМ мәліметі бойынша топ құрамында ТЖ алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков, ТЖ жою Департаментінің бастығы Азамат Жүнісов, ҚР ТЖМ Қазселденқорғау ММ басшысы Ерболат Сәдірбеков және СБжҰЗҒО басшысы Дәурен Сәрсенбаев бар. Мамандар жер сілкінісінің салдарын талдайды және оларды жою шараларын үйлестіреді.
— Бүгін таңертең Мерке ауылында делегация зардап шеккен әлеуметтік нысандарды қарап, олардың жағдайын бағалап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірінші кезектегі қадамдарды белгіледі. Жедел штаб жұмысы аясында ТЖМ және жер асты дүмпулері сезілген аудандардың жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Ағымдағы сейсмикалық жағдайды, қалпына келтіру жұмыстарының барысын және залалды азайту шараларын талқылады. Ғимараттардың қауіпсіздігіне, тұрғындарға атаулы көмекке және инфрақұрылымды қолдауға ерекше назар аударылады, — делінген ведомство хабарламасында.
ТЖМ мәліметінше, азаматтық қорғау күштері толық дайын. Құтқарушылар, дәрігерлер мен инженерлер жағдайды бақылауды жалғастыруда, көмек көрсетеді және өтініштерге жедел ден қояды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдан 323 шақырым жерде жер сілкінісі тіркелгенін жазған болатынбыз. Есептелген қарқындылығы Меркі ауылында — 5.0 балл, Құлан ауылында — 4.0 балл, Шу қаласында — 2.0 балл шамасында болған.
Бұған дейін хабарланғандай, сейсмикалық ахуалды бақылау жөніндегі жедел штаб 24/7 тәртібінде жұмыс істеп жатыр.