Жамбыл облысы ІІД кадр бөлімінің қызметкері кісі тонаушыны қолға түсірді

ТАРАЗ. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті кадрлық жұмыс басқармасының қызметкері бойжетктеннің ұялы телефонын тартып алмақ болған кісі тонаушыны ұстап алды, деп хабарлайды өңірлік ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

«Полиция полковнигі Нұрғали Қасенов түскі астан кейін қызметіне жаяу келе жатады. Тараздағы адам көп бармайтын «Жеңіс» саябағы жанынан бір бойжеткеннің ұялы телефонын тартып алмақ болып, қыз баланы қылғындырып жатқан қылмыскерді көреді. Уақытты босқа өткізбей офицер самбо әдістері арқылы тонаушының өзін құлатады», - дейді ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Роза Қалдыбекова.

Бұдан кейін полиция қызметкерлері оны кезекші бөлімге жеткізді, қазіргі таңда осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Офицер марапатқа ұсынылды.