Жамбыл облысында 15 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр

ТАРАЗ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл облысында 15 мың бұлдіршін балабақша кезегінде тұр.

Бұл туралы облыс әкімі Қанат Бозымбаев халық алдында берген есебінде мәлім етті.

«Облыс әкімдігі ағымдағы жылдан бастап балаларды мектепке дейінгі дайындықпен және орта біліммен толық қамту жөніндегі шаралар қабылдауы қажет, мектепке дейінгі дайындық мекемелерінің желісін құруға айрықша назар аудару керек», - деп атап көрсетті әкім өз сөзінде.

Облыс басшысының айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің аймақтық бағдарламасын әзірлеу, жекеменшік балабақшалар желісін дамыту қажет. Ал мемлекеттік уәкілетті органдар осындай жекеменшік балабақшаларды құруға кәсіпкерлерді тарту жөніндегі шаралар қабылдауы, оларды ынталандырып, жағдайлар жасауы керек.

«Елбасы жария еткен «Балапан» бағдарламасы аясында, 2010-2011 жылдары балабақша орындарына деген жетіспеушілікті азайту жұмыстары жүгізілетін болады. Мемлекеттік мекемелерге берілген бұрынғы балабақша ғимараттарын биылдан қалдырмай қайтару керек. Біздің облыста ондай үш нысан бар, олар шамамен 600 баланы орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Қ.Бозымбаев өз сөзінде.