Жамбыл облысында бала өліміне күдіктінің Қырғызстандағы осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - 4 жасар баланың өліміне қатысты сезікті Қырғызстанның азаматы және ол заңды түрде уақытша Мерке ауданы Ақермен ауылында тұрған, деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысының құқық қорғау органдары 17 мамырда болған 4 жасар баланың өліміне қатысты сот алды тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл қылмысты жасады деген күдікпен бұрын Қырғызстанда ұрлық үшін сотталған 55 жастағы ер адам ұсталды. ҚР ҚК 99 бабы 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жамбыл облыстық ІІД атап өткендей, тергеу кезінде ұсталған адам айыбын мойындады. 55 жастағы ер адам зорлау мақсатында баланы үйіне алып кіріп, буындырған.

Ұсталушының әйелі жалған мәлімдеме жасағаны үшін Мерке АҒҒБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Сот-медициналық сараптамадан кейін күдіктіде психикалық ауытқушылықтың бар не жоғы анықталмақ.

Қазіргі уақытта күдіктінің ол осыған дейін мекендеген Қырғызстанда және Ресей Федерациясында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, деді ведомствода.