Жамбыл облысында кірпіш зауыты іске қосылды - Индустрияландыру күні

ТАРАЗ. 28 маусым. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында республикалық Индустрияландыру күні акциясының аясында бейсенбі күні 'База Servis' ЖШС базасында кірпіш зауыты іске қосылды.

Кәсіпорынның директоры Нұрлан Сыздықбаевтың сөзіне қарағанда, «Кірпіш зауытының құрылысы» жобасы кірпіш өндірісінде күйдірусіз әдіспен жаңа технологияны қолдануды қарастырады.

«Жылына 15 млн. дана кірпіш шығарылатын болады, жаңа 50 жұмыс орны ашылады», - деді Н. Сыздықбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Ғали Исқалиев атап өткендей, жаңа кірпіш зауыты мемлекеттің қолдауымен құрылды.

300 млн. теңге инвестицияның 265 млн. теңгесі - қарызға алынған қаражат, ал 35 млн. теңге - жеке қаражат есебінен салынды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралы бойынша 265 млн. теңгені «Цесна банк» АҚ бөлді.

Жамбыл облысында 2012 жылдың соңына дейін 10 инвестициялық жоба толық қуаттылыққа шығады деп жоспарлануда, деп хабарлады облыстық әкімдік.