Жамбылда 6 жасар ұл баланы зорлаған екі қылмыскер ұсталды

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Жамбылдық полицейлер жас балаға нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық жасады деген күдікпен жергілікті тұрғындарды ұстады. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Баспасөз қызметінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Оның айтуынша, Тараз қаласының полициясына бір әйел хабарласып, оның 6 жасар ұлы зорланғанын айтып, шағымданған. Тергеу барысында әйел баласымен бірге 19 жастағы жігіттің саяжай үйіндегі бір бөлмені жалдап тұрғаны, жұмысқа кеткенде әлгі жігіт досын ертіп келіп, баланы зорлағаны анықталды.

«Күдіктілер қамауға алынды. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, сараптама тағайындалды»,  дейді Н. Ораз.

Н.Ораздың берген мәліметтерінше, өткен апта ішінде елімізде 5326 қылмыс тіркеліп, «ізі суымай» 2611 қылмыс ашылған. Бұрын жасалған 690, оның ішінде өткен жылдардағы 58 қылмыс ашылды. Іздеу жарияланған 113 қылмыскер ұсталды. 61 есірткі қылмысы анықталып, бір тоннадан астам есірткі тәркіленді.