Жамбылдық студенттер жазғы демалыс кезінде мектеп, балабақша, ауруханалардың құрылысына атсалысты

ТАРАЗ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жамбылдық ЖОО-лардың 500 студенті 20 құрылым құрамында «үшінші еңбек семестрі» кезінде Тараз қаласындағы және Жамбыл облысындағы мектеп, балабақша, ауруханалардың құрылысына қатысты.

СҚЖ-ның облыстық штабының жетекшісі Айбек Әжібаевтың айтуынша, Таразда студентте 70 пәтерлі тұрғын үйдің, емхана, облыстық аурухана және Спорт сарайының құрылыстарына атсалысты. Бұдан басқа, ТарМПИ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Гуманитарлық-техникалық университеті және Медициналық колледж оқу корпустарында жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Ауылдық жерлерде студенттер құрылысшыларға мектептер мен балабақшаларды салуға көмектесті. Осылайша, Қордай ауданындағы Кенен, Масанчи, Бұлар батыр ауылдары мен Гвардейский кентінде 600, 900, 800 және 825 орынға арналған мектептер салынды, Меркіде бір мың орынға арналған орта білім беру мекемесі бой көтерді, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында 600 орындық мектеп салынды. Сарысу және Талас аудандарында балабақшалар пайда болды.

2012 жылы Жамбыл облыстық СҚЖ штабының қызметіне «СҚЖ жауынгерлерін» арнайы киіммен қамтамасыз етуге және жастардың бос уақыттарын ұйымдастыруға 9 миллион теңге бөлінді.

Жамбылдық құрылысшы студенттердің ең төменгі жалақысы 2012 жылдың маусымында 30 мың теңгені құрады, ең көбі 60 мың теңгеден асады.

А.Әжібаевтың айтуынша, белгіленген жұмыс көлемі жүз пайызға орындалды.