Жамбылдықтар өзбек кәсіпкерлерімен бірлесіп жұмыс жасамақ

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Өзбекстан Респубикасының Джизак облысында іс сапармен жүр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сапар барысында К. Көкірекбаев Жамбыл облысында өзбек тоқыма бұйымдары мен тұрмыстық техника өндірушілері тауарларының жәрмеңкесін өткізу идеясын айтты. Өйткені Джизак облысында шығарылған тоқыма мен тұрмыстық техника бұйымдары сапалы және бағасы қазақстандық бағамен салыстырғанда 25-30%-ға арзан екен.

Жамбылдық делегация қатысушыларының пікірінше, мұндай жәрмеңке өткізу облыс тұрғындары үшін тамаша сый болары шындық. Бұдан басқа, облыс әкімі Джизак өңірінің АЭА диодты шам, шыны мақта, аккумулятор шығаратын зауыт басшыларымен бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс білдірді.

«Біз өзбек кәсіпкерлерімен бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Әкімшілік мәселелерді шешеміз, тіпті бірлескен компанияларға ғимарат та береміз. Бастысы, жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету», - деді К. Көкірекбаев.

Сапары аясында әкім Джизак тұрғындарын Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалауға шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту туралы шешім қабылданды. Білім беру, денсаулық сақтау, сауда саласындағы бірқатар меморандумдарға, сондай-ақ Жамбыл облысында джизактық өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша өзбек және қазақ компаниялары арасындағы экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.