Осыдан екі ай бұрын темекіге қарсы күрес ұйымдары 2017 жылдың күзінде темекі қораптарында үрей туғызатын жаңа 12 суреттің пайда болатынын айтқан еді.
Алайда бұл эскиздердің темекі құмарларға әсер ететіндігіне күмәнмен қарағандар да табылды. Қазіргі жүргізіліп жатқан темекіге қарсы күрес шаралары тиімсіз екендігі де айтылып жүр. Бұған қатысты «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық Коалициясы не дейді? Соған орай ұйым басшысы Жәмилә Садықованы әңгімеге тартқан едік.
- Статистикаға келейікші, бүгінгі таңда темекіге әуес жандар қанша пайызға азайды?
- Темекіге тәуелді болып қалған адамдар үшін темекіні бірден тастап, мінез-құлықты өзгерту өте қиын келеді. Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының мәліметі бойынша 2011 жылдан бастап, бес жыл ішінде темекі шегетіндер 6 пайызға азайды. Сауалнама 15 жастан асқан тұрғындар арасында жүргізілді. Жасөспірімдерге келетін болсақ, зерттеу 13 - 15 жас аралығындағылар арасында ұйымдастырылды. Бұл өте жақсы нәтиже болып есептеледі. Біріншіден, еліміздегі дұрыс саясаттың арқасы деп ойлаймын. Яғни, бізде 2009 жылдан бері қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған, сол қазір жұртшылық арасында қалыпқа айналды. Екіншіден, бір қорап темекі бағасының өсуі әсер етті. Ол 2014 жылы 200 пайызға қымбаттаған болатын. Үшіншіден, 2013 жылы күшіне енген темекінің зияны туралы графикалық ескертулердің енгізілуінің пайдасы мол. Сондай-ақ 2014 жылдан бастап, Қазақстанда үрей туғызатын суреттер енгізіле бастағалы темекі өндірісі 25 пайызға төмендеді. Өйткені нарықта темекі өнімдеріне деген сұраныс төмендеді, темекіні аз тұтынатын болды. Бұған графикалық ескертулердің, яғни қорқынышты суреттердің де пайдасы тиді деп ойлаймын. Сонымен қатар те-мекі шегу сән еместігі жөнінде қалыптасқан жалпыәлемдік тренд бар. Сондықтан темекі шегетіндер арасында жастардың қатары азаюда және шылымқұмар жандардың өзі темекі шегуден бас тарта бастады.
- Кейде осы кескіндеме ескертулердің шылымқұмарларға әсер ететіндігіне күмәнмен қарайтындар жоқ емес. Шынымен, сіздің ойыңызша, солардан пайда бар ма? Сол суреттерден кейін шылымды тастағандар бар ма? Оның адамға әсер ететінін қалай анықтайсыздар?
- Бұған темекі компаниялары қаржыландырған қарсы пікір білдірушілер (оппонент) ғана күмәндануы мүмкін. Темекі өндірісіне үңілетін болсақ, кескіндеме ескертулердің әсер етуі күмән тудырмайды. Өйткені темекі индустриясының өзі темекі өндірісі екі жыл ішінде 25 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. Бұл - көрсеткіштің айтарлықтай өзгерге-нін байқатады. Әрине, бұл бірнеше фактордың әсерінен болды, оған қорқынышты суреттердің де өзіндік рөлі бар. Содан да темекіні тастағандар бар екеніне сенемін. Оған қазір біздің қол жеткізіп отырған нәтиже себеп. Зерттеулер тайлықтардың әдісі бойынша өткізіледі. Өйткені «қорқынышты суреттерді» Тайландтан алдық. Адамды үрейлендіретін суреттерді жабыстырғаннан кейін шылым тартатындардың 4 пайызы улы затты тастайды, бұл қатарға, негізінен, енді ғана әуестеніп жүрген жасөспірімдер жатады. Олар суреттен темекі шегудің арты қандай жағдайларға алып келетінін көргенде, сол күйі эксперимент жасауды қойып, шылымға жуымайды. Жалпы, үш жыл ішінде шылымқұмарлардың 20 пайызы біртіндеп темекіні қоя бастайды. Үш жылдан кейін қорап сыртындағы суреттерді басқасына ауыстыру керек болады. Ал зерттеуді Саламатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы (СӨСҚҰО) ұйымдастырады. Зерттеу тек Алматы бойынша оқушылар арасында өткізіледі. Сондағы қорытынды бойынша оқушылардың 82 пайыздан астамы темекі қорабындағы графикалық ескертпелер өте қорқынышты және тиімді деп есептейді. Негізі, факторлық сараптама жасаған дұрыс, бірақ ол қымбатқа шығады, оған қаншама топ қатыстырылуы керек, ал мұндай зерттеуге елімізде қаржы жоқ. Сондай-ақ темекімен күрес шараларының пайдасын сатылым нарығының төмендегеніне, сауалнама нәтижелеріне қарап анықтаймыз. Тағы да айтамын, мұны Коалиция емес, СӨСҚҰО өткізеді.
- 2017 жылдың қараша айынан бастап Кеден одағындағы елдерде темекі қорабында жаңа эскиздер пайда болмақ. Қорап сыртындағы суреттердің барлығы бірдей өзгере ме?
- Жаңадан 12 сурет салынады. Бұл туралы сайтымызда да ақпараттар бар. Ескі жиынтықтан қалатыны - белсіздікке қатысты сурет, мұнда ер адамның бұлшықетті денесі бейнеленген. Қалғандарының бәрі ауыстырылды. Бұл үрей туғызатын суреттер Қазақстанда ғана емес, Кеден одағы елдері - Армения, Беларусия, Ресей, Қырғызстандағы темекі шегетіндерге де әсер етеді деп ойлаймыз. Шыны керек, темекі индустриясы бұған барынша кедергі жасады, демек, бұл қолға алынып жатқан жұмыстардың
зая еместігін, темекі өнімдерін тұтынатындардың қатары кемігенін, темекіге енді әуестенушілерге жағымсыз ой қалыптастыратынын көрсетеді.
- Өзіңіз білесіз, жақында қоғамдық ұйымдар өкілдері темекімен күрес жүргізушілер, яғни сіздердің жұмыстарыңызды тиімсіз, мемлекеттен бөлінген ақшаны босқа шашу деп бағалады. Олардың сөзіне қарағанда, темекіге қарсы күрес бағдарламалары сенімсіздік тудырады және нысана-лы түрде іске асып отырған нәрсе ғана екен. Бұған не дейсіз?
- Біріншіден, бұл қоғамдық ұйымдар, менің білеуімше, жаңадан ашылған. Бар болғаны - бір күндік ұйымдар. Менің жолымда, мұндайлардың біразы кездесті. Тексере келе, тіпті кейбірінің есептері де жоқ екенін білдік. Мысалы, белгілі бір демеушіден қолдау көріп отырған қоғамдық ұйым өкілдері қаражатты қайдан алып жатқанын сұрағанда, олар бізге нақты ештеңе айта алмады. «Атын атамауын сұраған демеушілер қолдады» деп қана қойды. Біздің жұмысымыздың тиімділігіне күмән келтіріп отырған сол ұйым жемқорлықпен күреседі екен-мыс. Бірақ сөйте тұра, қайдан қажыландырылып отырғанын жасырады. Сол себепті «қаржыландыру темекі индустриясы тарапынан болып жатқан жоқ па?» деген ой келеді. Яғни олар белгілі бір демеушілер қаржыландырып отырған қоғамдық ұйымдар. Олар ұсынған зерттеу деректері, анықтауымызша, ғаламторда пікір алмасу алаңшаларынан ғана алынған. Яғни мұны нақты ақпараттар деп айту қиын. Мемлекеттің миллиондарын далаға шашып жатыр дегені шындыққа жанаспайды, мұндай сұрақты бұлыңғыр қоғамдар ғана қояды. Зерттеу нәтижелерімізді уақытылы шығарып отыруымыз, жұмысымыздың тиімділігін көрсетеді деген ойдамын. Оған темекі шегушілердің азайғаны да дәлел.
- Темекімен күрес шаралары-на қанша қаражат бөлінеді?
- Оны мен бақылай алмаймын. Себебі темекіге қарсы күрес шараларын Денсаулық сақтау министрлігі, СӨСҚҰО, аймақтардағы ведомстволар қаржыландырады. Сондықтан республика көлемінде қанша қаражат бөлініп жатқанын білмеймін. Мен өзім атқаратын бағытқа бөлінетін қаражат бойынша ғана жұмыс істеймін. Биыл 4 миллион ұтып алдық. Бұл тек Алматыға және рейдтер жүргізу үшін ғана қарастырылған қаражат. Қазір қаражат алу интернет портал арқылы жүзеге асады.
- Қазақстандағы темекі өндірісінің бүгінгі жағдайы қалай?
- Қазір екі өндіруші бар - америкалық Филип Морис пен япондық JTI. Сондай-ақ British American Tobacco, Imperial Tobacco деген импорттаушылар бар. «Миллиондаған қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр» деп шулап жүргендерді белгілі бір қоғамдық ұйымдар қаржыландырады. Олар да қаржы болғанда ғана шулап шығады да, біткенде үнсіз қалады. Үшінші қаржыландырылатын үлкен ұйым - «Атамекен». Өйткені олар темекі өндірісінен жарна алады. Әрине, мәжілісте заң жобасы қаралғанда олардың қарсы пікір білдірулері де заңды. Мысалы, Азат Перуашев бір жыл бұрын Қазақстанда кальянға тыйым салу бойынша заңға түзету енгізудің алдын кесті. Сонымен қатар темекі компанияларының демеушілік көрсетуіне байланысты да түзетулерді қолдамады. Өйткені өзі темекі өндірісінен демеушілік қаржы алады. Оған қоса, темекі бұйымдары акцизін көтеруге байланысты да ұсынысымызды қолдамаған еді.
- ІІМ-нің мәлімдеуінше, қапталмаған балкондарда шылым тартқандарға айыппұл салынады. Мысалы, заңды түрде тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін 2016 жылдың екі айында 23 321 адамға айыппұл салған екен. Сол сияқты жұрт біле бермейтін тағы қандай орындарда темекі шегуге рұқсат жоқ?
- Бұл, негізінен, жеке үйлердің емес, қоғамдық ұйымдар мен кеңселердің балконына қатысты айтылған шығар деп түсінемін. Өйткені полицейлер әрбір үйге барып, темекі шеккен адамға айыппұл салады деп ойламаймын. Негізі, елімізде жеке пәтерлер мен қоғамдық орындардағы шылым шегуге арналған орындардан басқа, барлық жерде темекі шегуге тыйым салынған. Бүгінде темекіге қарсы күрес бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Екі айдың ішінде заңның орындалуын қадағалау бойынша 70 рейд өткізілді.
242 мекемеге қатысты шағым түсті. Оның бәрін құқық қорғау органдары аралады. Барлығы - 35 әкімшілік айыппұл және 92 жеке адамдарға айыппұл салынды. Айыппұл 650 АЕК-ты құрады. Яғни 650 АЕК-ты қала бюджеті-не қайтарып бердік. Коалиция атынан Алматы әкімдігіне қолдау білдіргендері үшін алғыс білдіргім келеді.