– Арман Елубайұлы , тарихи Отаныңызға қош келдіңіз! Қазақстанға жаңа бағдарламаның түсіріліміне келдіңіз ғой?
– Иә, түсірілім жұмыстарына келдім, мұнда бір апта бойы «Төрлетіңіз, Арман мен Ләйлә шақырады» бағдарламасын түсірдік. Бұл телешоу әр сенбі күні 21.00-де Jibek Joly телеарнасында шығады.
– Жүргізуші болу «МузТВ»-дағы жұмысыңыздан өзгеше. Бастапқыда эфирге шығу үйреншікті болмаған шығар?
– Мен үнемі телевизия саласында, кадр сыртында жұмыс істедім. Сондықтан тұтас ішкі процесті жақсы білемін. Енді кадрдағы жүргізушілік те жаңа тәжірибе болмақ. Бұл жұмыс мен үшін өте қызықты, өйткені студияға танымал қазақстандық әртістер, жазушылар, журналистер, суретшілер, яғни Қазақстанның мәдениеті мен музыка индустриясының беткеұстарлары келеді.
Өкінішке орай, өз өмірімнің осындай үлкен бөлігін назардан тыс жіберіп алдым. Өйткені Қазақстанда сирек болатынмын, екі-үш әртісті ғана танитынмын. Сондықтан, қазір барлық ақпаратты сіңірудің жедел курсынан өтіп жатырмын деп айтуға болады. Студияға өте талантты адамдар келгенде, түсірілім кезінде «Мұның бәрін қалай елемей келгенмін?» деп жиі ойланатын болдым. Осы бағдарлама арқасында оның орнын толтырғаныма өте қуаныштымын және қазақшам да біраз жетіліп қалды.
– Көптеген медиатұлғалар сияқты, сіздің де музыкалық Олимп шыңына шығу жолыңыз оңай болмады: сұхбаттарда бір кездері тасымалдаушы және аула сыпырушы болып жұмыс істегеніңізді айттыңыз. Сонда марқұм Батырхан Шүкеновпен танысқаныңыз көп көмектесті. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз. Атақты қазақстандық музыкант қолтаңбасын бергенде не туралы сөйлестіңіздер?
– Қолтаңба жазарда Батырхан «Балам, сенің атың кім?» деп сұрады. Мен жауап бердім, сосын ол «Арманға, «А-Студио, 1991 жыл» деп жазды. Бұл пластинка қазір менің үйімде қабырғада ілулі тұр. Бірнеше айдан кейін мен «Азия дауысы» музыкалық фестивалінде болдым, онда ресейлік әртістердің бірін апардым. Сол кезде бұл топпен жақынырақ таныстым, бір аптадан кейін мүмкін дос болмасақ та, жақын таныстар ретінде Мәскеуден ұшып кеттік.
Уақыт өте келе достығымыз өте жылы қарым-қатынасқа ұласты. Біз жай ғана дос емес, бауыр болдық – біз қазақтармыз, ортақ мәдениетіміз, тіліміз бар, бір-бірімізге демеу көрсеттік. Әлі есімде, Останкинода «Media Star» компаниясына бірінші күні жұмысқа шығып, жалдамалы пәтерімді тонап кетті. Ұрылар бәрін әкеткен, үстімдегі жейде мен шорты ғана қалған. Сонда Батыр маған жемпір мен аяқ киім, Бага (Бағлан Сәдуақасов – ред.) шалбар әкеліп, екі апта бойы сол киіммен жүрдім. Олар бірдеңе сатып алу үшін ақша да берді. Осындай ұсақ-түйекте де біздің жылы қарым-қатынасымыз байқалатын.
Тағы бір жағдай: баршамыз Батырды дарынды және адамға сондай ыстық жан ретінде білеміз, тіпті әрбір қазақстандық оны жеке танысы, отбасының бір мүшесі сияқты көретін. Бірде оның үйінде кешкі аста ол менен неге көңілсіз жүргенімді сұрады. «Сізді үйіңізде күтетін адамдар бар. Ал мен бос пәтерге келемін. Оған қоса, бітпейтін гастрольдер бар...» дедім. Сонда менің не қалайтынымды сұрады. «Тура бала кездегідей – әуежайдан шыққанда шар мен балмұздақ күтіп тұрса» деп жауап бердім. Екеуміз де күліп, ұмытып кеттік.
Үш күннен кейін кезекті гастрольдік сапардан Мәскеуге ұшып келсем, Батыр шар мен балмұздақ алып, мені күтіп тұр екен. Маған қол бұлғап: «Тезірек жүр! Балмұздақ еріп жатыр» дейді. Осылай Батырдың көлігінде шарлармен, балмұздақ жеп отырдым, бақытымда шек болмады. Ол менің көңілім үшін екі сағатын жұмсап, Домодедово әуежайына келді – бұл ең қымбат естелік.
– Сіз Instagram-да ұлттық шапан туралы пост жаздыңыз, оны үнемі киіп жүруге уәде бердіңіз. Қазақтың ұлттық киіміне кенеттен сүйіспеншілік қайдан туды?
– Кенеттен деп айтпас едім. Қызығушылық баяғыдан бар, түрлі шапан сатып алатынмын, бірақ олар көшеде жүруге жарамайтын. Елге келгенде заманауи, әдемі шапандар бар екенін көріп, таңғалдым. Алматыда екі шапан сатып алдым, тағы екеуін сыйға тартты, бүгін елордада тағы екі шапан алып, біреуін киіп алдым. Әйеліме де Мәскеуде киетін әдемі шапандар алдым.
Менің ойымша, біз – қазақтар шапан киюге міндеттіміз. Біз кимесек кім киеді? Әдемі, сәнді, заманауи шапандар бар. Ол – мұрамызға, елімізге және мәдениетімізге сүйіспеншіліктің бір көрінісі. Үнемі айтып жүретін сөзім бар: қазір қазақ болу сәнге айналды. Тек сыртқы келбет емес, сәнді қазақ дегеніміз – білімді адам, ол ата-анасына, өз еліне, қаласына, тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарайтын адам. Ол ана тілін білетін және оны бағалайтын адам. Бұл туралы айтудан шаршаған емеспін. Әсіресе қазір оған ерекше қажеттілік бар. Біз бірге болуымыз қажет, мәдениетімізді сақтап, оны балаларымызға беруіміз керек. Ең бастысы, бірегейлігімізді сақтап қалуға тиіспіз. Ата-бабаларымыз бізге үлкен мұра қалдырды, соны сақтай білуіміз керек.
– «Муз-ТВ» арнасынан неге кеттіңіз ? Әлеуметтік желіде «комфорт зонадан шығып, өзіңізді сынап көргіңіз келетінін» жаздыңыз. Бұл сынақ қалай өтті?
– Кетуімнің бірнеше себебі болды: біріншіден, мұның бәрін баяғыда бастан өткеріп, деңгейім өсті. Соңғы бес жылда бұрынғыдай қызығушылық танытпайтынымды түсіндім. Мысал келтірейін: мен Орынбор облысының кішкентай ауылында, тракторшы мен сауыншының отбасында туып-өстім, ата-анамды ессіз жақсы көретінмін және жақсы көремін. Бірақ мен Мәскеуге келгенде бір білім алдым, екінші, үшінші, төртіншісін алдым – осы кішкентай ауылда тұра алар ма едім? Әрине, жоқ. Мен оны жақсы көремін, сағынғанда барып тұрамын, бірақ ол деңгейден асып кеттім.
Сол секілді музыка индустриясынан да өсіп кеткенімді түсіндім. Онда ыңғайлы, үйреншікті болғаны үшін ғана уақытымды құртқым келмейді. Өзім ләззат алатын іспен айналысқым келеді. Енді қанша өмірім қалғанын білмеймін, бірақ қалған өмірімді дұрыс бағытта өткізгім келеді. Мен намаз оқимын, әділ өмір сүремін, өйткені өмірімде көптеген қателіктер мен қазір ұялатын көптеген әрекеттер болды. Енді қалған жылдарымды басқаша өткізгім келеді. Отбасыма ғана емес, барлық адамға да пайда келтірсем деймін. Қазақтың дәстүрлі құндылықтары туралы айтып, пікір алмасқым келеді. Біреулер мұны популизм деп санауы мүмкін, бірақ мен өзім қажет деп санайтын істерді жасап жүрмін.
«Төрлетіңіз, Арман мен Ләйлә шақырады» бағдарламасына қайта оралсақ, оған да бірден келіскен жоқпын. Бірақ қазір Жаңа Қазақстан қалыптасып жатқанда өз тәжірибеммен, біліміммен және Отанға сүйіспеншілігіммен пайдалы болғым келді. Мен жан-тәніммен қазақпын, қазақ отбасында дүниеге келдім және әрқашан өз ұлтымды мақтан етіп, көрсетіп жүретінмін.
– Сіз көптеген жыл Ресейдің негізгі музыкалық арнасын басқардыңыз және бірқатар әншілермен жеке таныссыз. Ресейлік әріптестермен салыстырсақ, қазақстандық әртістердің әлеуеті жөнінде не дейсіз?
– Бұл индустрияның да өз нюанстары, тіпті белгілі бір проблемалары бар. Мен жақында Soz алаңында осы саладағы заңнаманы күшейту, инвесторлар келіп, авторлар қорғалуы үшін Қазақстанда авторлық құқық заңдарын қатаңдату қажет екенін айттым. Әлі көп жұмыс істеу керек.
Бірақ ең бастысы, Қазақстанда талантты жандар өте көп. Әсіресе жас дарынды балалар дауыспен емес, жанмен, жүрекпен ән айтады. Біздің бағдарламаға келген бір бала есімде, мен оны болашақ Димаш Құдайберген, болашақ жұлдыз дедім. Осының бәріне қарап, бірнеше бағдарламада көзіме жас келді, біздің таланттарға бай құнарлы жеріміз үшін мақтаныш көз жасы еді. Осылардың арқасында ұлтымыздың болашағы бар екеніне сенемін.
– Қазақстанда «Муз ТВ» секілді жоба жасау қаншалықты тиімді? Елдегі халық саны аз екенін ескерсек?
– Менің білуімше, Қазақстанда бірнеше музыкалық арна бар. Бірақ жалпы, теледидар сәннен кетіп барады. Мысалы менің балаларым қазір теледидар көрмейді. Олар қажет нәрсенің бәрін интернеттен таба алады.
Қазір жастарға баса мән беру керек, олар үшін әр қалада база құру керек. Бұл мәдени орталық немесе функционалды орталық болуы мүмкін, онда жастар өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алады. Біз креативті индустрия туралы айтып отырмыз, бұл өте ауқымды сала. Ал Қазақстанда ол қарыштап дамып келеді. Оны қаржыландыру ғана емес, авторлық құқық және басқа да бөлігінде заңнаманы жетілдіру қажет. Ақшаны тарата бермей, жеңілдетілген салық енгізуге болады. Мен үшін білім – адам өміріндегі ең маңызды нәрсе және білім қазақстандық саясаттың басты тармақтарының бірі болуы қажет.
– Сұхбатымыздан өте діндар екеніңізді байқадық...
– Иә, менің отбасым түгел ауыз бекітті, балаларым намаз оқиды, әйелім хиджаб киеді. Исламның барлық талабын ұстануға тырысамын. Бірнеше күннен соң Умраға барамын. Рамазанның соңғы 10 күнін Меккеде өткізіп, Айт мерекесін тойлап қайтпақпын.
Жақында Президент мырзаның дәстүрлі ислам туралы өңірлерде көбірек айту керектігі туралы пікірін естідім. Мен бұған өте қуаныштымын және оны қолдау керек деп санаймын. Мен сияқты зайырлы өмір сүруге, театрлар мен киноларға баруға, спортпен шұғылдануға, сонымен бірге Құдайға деген сеніммен ғұмыр кешуге болатынын айтқым келеді.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет !