Оның сөзінше, еңбексүйгіштік, даму және білім тәрізді құндылықтардың конституциялық деңгейде бекітілуі – Ата заңдағы ең маңызды жаңа нормалардың бірі.
— Қызметтің негізгі ұстанымдары ретінде еңбекқорлық, өркендеу және білім секілді құндылықтар енгізілген. Ал дамудың стратегиялық бағыты ретінде адам капиталы, ғылым-білім, инновация айқындалды, — дейді ол.
Сарапшының пікірінше, мұндай ережелер мемлекеттің даму бағытын да көрсетеді, яғни Қазақстан біртіндеп шикізаттық модельден білім экономикасына көшіп жатыр.
— Бұл елдің шикізаттық экономика моделінен білім экономикасына ауысып жатқанын білдіретін ең маңызды белгілердің бірі. Мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстар шектеулі, олардың бағасы әлемдік нарыққа байланысты. Ал білім, білім беру және кәсібилік дұрыс инвестиция салынған жағдайда тоқырауды білмей, тек өсе беретін капитал, — деді Снежанна Имашева.
Оның сөзінше, Ата заңда мұндай құндылықтарды бекіту күллі мемлекеттік жүйе және жалпы қоғамға жаңа бағыттар нұсқайды.
— Сол себепті Конституцияда білім және еңбек құндылықтарын бекіту – жалпы мемлекеттік жүйе үшін жаңа бағдар. Білімнен негіз алатын қоғам, ілгерілеу және даму әрдайым тұрақты және берік болады. Ал еңбек ету психологиясы тұтыну түсінігінен маңыздырақ болуы тиіс, – деді ол.
Одан бөлек, Конституциялық комиссия мүшесі жаңа конституциялық модельде қарастырылған экономикалық даму механизмдеріне тоқталды. Оның айтуынша, арнайы құқықтық режимдер мен жедел дамитын қалалар инвестиция тарту және жаңа өндіріс ошақтарын іске қосудың маңызды құралына айналады.
— Конституция тәжірибелер жасап, жаңа құқықтық және экономикалық шешімдер енгізу, инвестициялар тарту, заманауи өндіріс орындарын ашу үшін арнайы аймақтар құруға мүмкіндік береді, — деді Снежанна Имашева.
Оның сөзінше, мұндай норма артық бюрократиялық шектеулерсіз жаңа өсім нүктелерін құруға жол ашады.
— Бұл жедел дамитын орындар құруға, бизнес және инвесторларды бюрократиямен тұсауламауға ықпал етеді. Сөйте тұра, бүкіл құқықтық жүйені қатерге тікпейді. Егер бұл тәжірибе сәтті болса, елде экономикалық өсімнің жаңа ошақтары пайда болады, — деп түсіндірді сарапшы.
Реформаның тағы бір маңызды бағыты ретінде ол азаматтардың цифрлық салада құқығын қорғау мәселесін атады. Снежанна Имашеваның сөзінше, жаппай цифрландыру жағдайында жеке деректерді сақтау және киберқауіпсіздіктің маңызы арта түседі.
— Қазір өміріміздің айтарлықтай бөлігі цифрлық кеңістікте өтеді. Сондықтан мемлекет цифрлық қызметтерді дамытып қана қоймай, ғаламторда адамды сенімді қорғаныспен қамтамасыз етуі қажет, — деді ол.
Сарапшының айтуынша, халықты цифрлық қауіпсіздікпен қамту заманауи мемлекеттің негізгі қызметтерінің біріне айналып келеді.
— Жеке деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және кибер қатерлерге қарсы іс-қимыл қоғамдық тәртіпті, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты мемлекеттің басты міндетіне айналып келе жатыр, – деді Снежанна Имашева.
Сонымен бірге, ол жаңа Конституцияны қабылдау кең ауқымды жұмыстың бастамасы ғана екеніне назар аударды. Ендігі мәселе – онда енгізілген идеялар мен ұстанымдарды іске асыру.
— Әрине, бірде-бір Конституция өмірді бір күнде өзгерте алмайды. Бірақ ол мемлекеттің алдағы онжылдықтар бойғы даму бағытын айқындайды, – деді ол.
Ал реформалардың нәтиже беруі мемлекеттік институттардың жаңа нормаларды іс жүзінде тиімді жүзеге асыра білуіне байланысты.
— Енді барлық мемлекеттік институттың – Президент, Вице-президент, Құрылтай және Халық кеңесінің – міндеті – осы конституциялық нормаларды күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналдырып, іс жүзінде жүзеге асыру, — деп түйіндеді Снежанна Имашева.
Айта кетейік, бұған дейін сарапшы Конституциялық соттың шешіміне қатысты пікір білдірген еді.