Нұрболат Құрметұлының айтуынша, жаңа Конституцияның экономикалық тұрғыдан беретін басты нәтижелерінің бірі — бизнестің бәріне бірдей ортақ әрі тұрақты талаптарға негізделген экономикалық жүйенің қалыптасуы.
— Бизнес үшін, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікке салық мөлшерінен гөрі, ойын ережесінің тұрақтылығы әлдеқайда маңызды. Конституцияда жекеменшік құқығы мен инвесторлардың құқықтарының қорғалуы заңсыз әрі негізсіз араласуға жол бермейтін құқықтық тетік болады, — деді Нұрболат Құрметұлы.
Сарапшының пікірінше, жекеменшік пен инвестицияның сақталуына берілетін кепілдіктің күшеюі бизнес өкілдерінің сенімін арттырып, Қазақстанның отандық әрі шетелдік инвесторлар үшін мүмкіндіктерін күшейтеді.
Нұрболат Құрметұлы Конституцияда жедел дамитын қалалар үшін көзделген арнайы құқықтық режимге де ерекше тоқталды.
— Мұндай аумақтарда құқықтық реттеу тетіктері тиімдірек болады, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылады, әкімшілік рәсімдер жеңілдетіледі. Бұл жерлерде цифрлық агломерациялар, инновациялық кластерлер мен технологиялық стартаптар қалыптасады, — деді ол.
Сарапшы пікірінше, жекелеген аумақтарда ресурстарды шоғырландырып, арнайы жағдай жасау инновациялардың жедел енгізілуіне жол ашады. Соның нәтижесінде экономиканың жаңа өсу нүктелері қалыптасып, оның игілігі кейін көршілес өңірлерге де тарайды.
Бұдан бөлек жаңа Конституцияда адами капиталды дамытуға ерекше мән берілген.
— Жаңа Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Ал білім беру, ғылым және инновация елдің стратегиялық басымдықтары ретінде белгіленген, — деді Өңірлерді дамыту және өмір сапасы орталығының директоры.
Нұрболат Құрметұлының айтуынша, осы бағыттарды жүйелі түрде қолдау еңбек өнімділігін арттыруға, заман талабына сай біліктілік пен дағдыларды дамытуға және ұзақ мерзімде экономиканың тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сарапшының айтуынша, іскерлік белсенділіктің артуына ықпал ететін маңызды тетіктердің бірі — сот жүйесін одан әрі жетілдіру.
— Сот тәуелсіздігін күшейту, қаржылық дербестігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың жағдайына кері әсер тигізетін заңдардың қайта күшіне енуіне жол бермеу сияқты шаралар бизнес жүргізуге кететін шығынды азайтады, — деді ол.
Сарапшының айтуынша, сот жүйесіне деген сенімнің артуы ұзақ мерзімді келісімшарттардың көбірек жасалуына, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік белсенділікті күшейтеді
— 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда экономикасы әртараптандырылған, инновацияға негізделген әрі әлеуметтік бағыт ұстанатын жаңа экономикалық үлгінің берік негізі қаланады. Мұндай жүйеде бастама кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі, ал мемлекет белгіленген талаптардың сақталуына кепіл болады, — деп түйіндеді Нұрболат Құрметұлы.
Айта кетейік, бұған дейін, CASPIA талдау орталығының директоры Орхан Йолчуев 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуі елдің саяси дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіретінін және мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыруын көрсететінін айтқан еді.