Сарапшының айтуынша, жаңа Конституцияның маңызы құқықтық нормаларды жаңартумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттің алдағы даму бағытын да айқындайды.
— Жаңа Конституция ел дамуының келесі кезеңіне жол ашады. Меніңше, оның маңызы құқықтық нормаларды жаңартумен ғана емес, мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді жаңа бағдарларын қалыптастыруымен де байланысты. Конституция — заңнама, мемлекеттік институттардың қызметі және мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас сүйенетін негізгі қағидаттарды айқындайтын құжат. Сондықтан оның ықпалы құқықтық ауқымнан әлдеқайда кең, — деді Эльмира Отар.
Оның айтуынша, Ата заңда отбасын қорғау, адам құқықтары, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуы, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың өзара жауапкершілігіне қатысты мәселелерге ерекше мән берілген.
— Мен үшін жаңа Конституцияда отбасын қорғау, адам құқықтарын қорғау, қоғамның ел өміріне қатысуы, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігіне қатысты құндылықтардың бекітілуі ерекше маңызды. Қазіргі жағдайда мұның мәні арта түседі. Әлем күрделеніп, не болатынын болжау қиындап барады, демографиялық, технологиялық және әлеуметтік сын-қатерлер күшейіп келеді. Мұндай жағдайда мемлекетке саяси немесе экономикалық ахуалға қарамастан, ел дамуының сабақтастығын қамтамасыз ететін орнықты институттар мен түсінікті ережелер қажет, — деді ол.
Әлеуметтанушы Конституциядағы отбасы институтына қатысты нормаларға да жеке тоқталды.
— Бүгінде әлемнің барлық дерлік елі демографиялық құрылымның өзгеруі, отбасылық қарым-қатынастардың жаңа сипат алуы, ата-аналарға түсетін салмақтың артуы және жастардың құндылықтарының өзгеруі сияқты үдерістермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан отбасы институтына ерекше назар аударылуы заңды. Отбасы — адамның мінез-құлқы, жауапкершілікке, сыйластыққа, еңбекке, өзара көмек пен заңға деген көзқарасы қалыптасатын орта. Сол себепті отбасын, ана мен әкені және баланы мемлекеттік қорғаудың Конституцияда бекітілуі құқықтық тұрғыдан ғана емес, стратегиялық жағынан да маңызды, — деді Эльмира Отар.
Сарапшының пікірінше, жаңа Конституцияның қабылдануы реформалардың аяқталғанын білдірмейді. Керісінше, бұл заңнаманы жетілдіру мен мемлекеттік институттарды дамыту бағытындағы алдағы жұмыстың бастауы.
— Конституцияның қабылдануы реформалардың соңы емес, ауқымды жұмыстың басталуы екенін түсіну маңызды. Алда заңнаманы жетілдіру, жаңа институттарды дамыту, құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыру міндеттері тұр. Конституциялық нормалардың күнделікті өмірде қаншалықты жұмыс істейтіні және қоғамның сұранысына қаншалықты жауап бере алатыны дәл осы кезеңде көрінеді, — деді ол.
Эльмира Отар республикалық референдумда конституциялық өзгерістерді қоғамның басым бөлігі қолдағанын да атап өтті. Алайда, оның айтуынша, мемлекеттік институттарға деген сенім ең алдымен Конституцияда бекітілген нормалардың іс жүзінде қалай орындалатынына байланысты.
— Республикалық референдум конституциялық өзгерістерге қоғам тарапынан қолдау жоғары болғанын көрсетті. Ресми дерек бойынша, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызы референдумға қатысып, олардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Референдумға дейін жүргізілген зерттеулер де халықтың ұсынылған өзгерістерден хабардар екенін және оларға оң көзқарас танытқанын көрсетті. Дегенмен кез келген реформаға қоғамдық қолдау бір деңгейде сақтала бермейді. Адамдар нақты нәтижені көріп, қабылданған шешімдердің өмір сапасына әсерін сезінген кезде ғана бұл қолдау нығаяды, — деді әлеуметтанушы.
Оның сөзінше, әлеуметтану тұрғысынан мемлекеттік институттарға сенім жаңа құжаттардың қабылдануынан гөрі, ондағы нормалардың жүйелі орындалуы арқылы қалыптасады. Азаматтар заңның бәріне бірдей әрі әділ қолданылатынын, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді екенін, құқықтарының қорғалатынын және қоғамдық өмірге қатысудың түсінікті тетіктері барын көрсе, мемлекеттік институттарға деген сенім де біртіндеп нығаяды. Сондықтан Конституция нормаларының іс жүзінде орындалуы олардың мазмұнынан да маңызды.
Сөз соңында Эльмира Отар жаңа Конституцияның тиімділігі де оның іс жүзінде қалай жүзеге асатынына қарай бағаланатынын айтты.
— Меніңше, жаңа Конституцияның басты әлеуеті де осында. Ол мемлекеттің одан әрі дамуына негіз қалайды. Алайда оның шынайы құндылығы бекітілген қағидаттардың заңнамада, мемлекеттік институттардың жұмысында және адамдардың күнделікті өмірінде қаншалықты дәйекті жүзеге асатынына байланысты болады. Кез келген конституциялық өзгеріске уақыт бағасын береді. Жаңа нормалардың қоғамдағы сенімді нығайтуға, институттардың тұрақтылығын арттыруға және Қазақстанның одан әрі дамуына қаншалықты ықпал ете алғанын да уақыт көрсетеді, — деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейінҚазақстан Республикасының жаңа Конституциясының толық мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде аудио және бейне форматтарда қолжетімді екені хабарланды.