Мақсат Елікбайдың пікірінше, Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттің құрылымын ғана өзгертіп қоймай, азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктерді де күшейтеді — сот арқылы қорғаудан және цифрлық қауіпсіздіктен бастап мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне дейін.
Мемлекеттің жаңа құрылымы
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекеттік-құқықтық тұрғыдан аса маңызды. Бұл жекелеген нормаларды өзгертумен ғана шектелмей, мемлекеттің жаңа конституциялық құрылымын қалыптастыруды білдіреді.
— Конституциялық ғылым тұрғысынан алғанда, жаңа Ата Заңның тек мемлекеттік билік жүйесін емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді даму моделін де айқындайтыны маңызды. Адам капиталын, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту сияқты стратегиялық бағыттар алғаш рет конституциялық деңгейге көтерілді. Осылайша, әлеуметтік-экономикалық жаңғырту тек саяси тұрғыдан емес, жоғары құқықтық деңгейде де негізделеді, — деді Елікбай.
Оның сөзінше, жаңа Конституцияда заманауи мемлекеттің үш маңызды қыры — мықты мемлекеттілік, адам құқықтарының кепілдігі және мемлекеттік биліктің жауапкершілігі өзара сабақтастықта айқын көрініс тапқан.
Сонымен қатар Ата Заңды бүгінгі өзгерістер тұрғысынан ғана емес, ұзақ мерзімді перспективада да қарастыру қажет.
— Ол кейіннен заңнаманы, мемлекеттік институттарды, сот практикасын, мемлекеттік басқару жүйесін және қоғамның құқықтық мәдениетін жаңартуға негіз болады. Басқаша айтқанда, Конституция Қазақстан мемлекетінің келесі тарихи кезеңде қандай болуы керектігін айқындайтын құқықтық өлшемдерді белгілейді, — деп атап өтті сарапшы.
Азаматтардың күнделікті өміріне әсері қандай
Мақсат Елікбайдың айтуынша, Конституцияның қарапайым азамат үшін маңызы ең әуелі оның мемлекетпен тікелей қарым-қатынасында көрінеді. Бұл білім алу, мемлекеттік қызметтерді пайдалану, өз құқықтарын қорғау, цифрлық сервистерді қолдану, мүлікке билік ету немесе құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау сияқты күнделікті жағдайларға қатысты.
Сарапшы адамның конституциялық қорғалу деңгейінің күшеюін маңызды өзгерістердің бірі ретінде атап өтті.
— Ата Заңда адамның бостандығы нақты шектелген жағдайда берілетін кепілдіктер кеңейтілді. Олардың қатарында қорғауға құқығы, сот бақылауы, негізсіз ұстауға тыйым салу, өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу құқығы, кінәсіздік презумпциясы бар. Маңыздысы, бұл кепілдіктер енді тек сот немесе тергеу органдарының қызметіне қойылатын талаптар ретінде емес, адамның өзіне тікелей тиесілі конституциялық құқықтар ретінде қарастырылады, — деп түсіндірді ол.
Тағы бір маңызды бағыт — адамның цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мақсат Елікбайдың сөзінше, жеке деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздік кепілдіктері конституциялық деңгейде бекітілді.
Мұндай нормалардың маңызы мемлекеттік қызметтер, банк операциялары, білім беру, еңбек қатынастары және күнделікті коммуникацияның едәуір бөлігі цифрлық форматқа көшкен сайын арта түседі.
Мемлекеттің жауапкершілігі де күшейеді
Сарапшы мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу міндетінің Конституцияда бекітілуіне де тоқталды.
Оның айтуынша, бұл норма азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігі қағидатын күшейтеді.
— Азамат заңды сақтауға міндетті. Алайда мемлекеттік билік те Конституция талаптарын сақтауға тиіс және адам құқықтарына заңсыз араласқаны үшін жауап береді, — деді Елікбай.
Құқықтық айқындық қағидатының да практикалық маңызы зор. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Бұл қағида жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін нормаларға да қатысты.
Сарапшының пікірінше, мұның бәрі азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты неғұрлым түсінікті әрі болжамды етеді.
Білім мен ғылымға басымдық беріледі
Мақсат Елікбай жаңа Конституцияның маңызды ерекшеліктерінің бірі ретінде адам капиталын дамыту, білім, ғылым және инновацияны мемлекеттің стратегиялық бағыттары ретінде бекітуді атады.
Сарапшының айтуынша, конституциялық нормалар азаматтардың қай жерде тұратынына және білім беру ұйымының қандай меншік нысанында екеніне қарамастан, білім сапасына қойылатын талаптарды арттыруға негіз болады.
Оның пікірінше, білім, ғылым және инновациялық дамудың конституциялық басымдықтар қатарында бекітілуі университеттер қауымдастығы үшін де айрықша маңызды.
— Адам капиталы алғаш рет тек салалық мемлекеттік саясаттың нысаны емес, мемлекеттің конституциялық тұрғыдан айқындалған қызмет бағытына айналып отыр. Бұл білім экономикасын дамытуға, сондай-ақ университеттер мен ғылымның ел дамуындағы рөлін күшейтуге құқықтық негіз қалыптастырады, — деп атап өтті Мақсат Елікбай.
Қоғамның мемлекет ісіне араласу мүмкіндігі кеңейеді
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституция мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың неғұрлым мазмұнды моделін қалыптастырады.
Маңызды өзгерістердің бірі — қоғамдық диалогты мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекіту.
— Мемлекет пен қоғам арасындағы диалог енді тек саяси тәжірибенің мәселесі ретінде қарастырылмайды. Ол Ата Заңның өзінде нормативтік негізге ие болады, — деді ол.
Қоғамның өкілдік етуінің тағы бір тетігі ретінде заң шығару бастамасы құқығына ие Қазақстан Халық Кеңесі енгізіледі. Мақсат Елікбай заң шығарушы билік моделінің өзгеруіне және Құрылтайдың қалыптасуына да назар аударды.
— Конституция қоғамның мемлекет ісіне қатысуына мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді қалыптастырады. Ендігі міндет — заңнама мен практика арқылы бұл тетіктерді нақты мазмұнмен толықтыру, талқылаулардың ашықтығын, қоғамдық бастамалардың қолжетімділігін, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету, — деді ол.
Адам және оның құқықтары — басты құндылық
Мақсат Елікбай Жаңа Конституцияда айқындалған құндылықтарға тоқталып, ең әуелі адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын атап өтті.
— Мемлекеттік институттар өздігінен емес, адам мен қоғамға қызмет ету арқылы ғана конституциялық тұрғыдан ақталады, — деп атап өтті сарапшы.
Ол сондай-ақ Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, заң үстемдігін, биліктің жауапкершілігін, білім беруді, ғылым мен инновацияны негізгі құндылықтарға жатқызды.
Бұдан бөлек, Конституцияда жалпыұлттық бірлік, ынтымақтастық, қоғамдық диалог, еңбекқорлық, жасампаз патриотизм, экологиялық мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау құндылықтарына да басымдық берілген.
Мақсат Елікбайдың пікірінше, бұл ережелердің барлығы мемлекеттіліктің тұрақтылығы мен адам дамуын, экономикалық прогресс пен білім және ғылымды, ұлттық бірегейлік пен заманауи институттарды өзара сабақтастыратын мемлекет моделін қалыптастырады.
Еске салайық, бұған дейін «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасы және гендерлік саясатты зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Эльмира Отар Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді бағдарларын айқындап, елдің алдағы дамуына негіз қалайтынын айтқан еді.