Жаңа Конституциядағы зайырлылық: дін мен мемлекет қатынасы қалай реттеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жаңа Конституциясы елдегі зайырлылық қағидатын, діни сенім еркіндігін және конфессияаралық татулықты қамтамасыз ететін бірқатар маңызды норманы бекітті. Негізгі заңдағы бұл талаптар азаматтардың діни көзқарасына қарамастан құқықтарын қорғауға, діни араздықтың алдын алуға және қоғамдағы келісімді сақтауға бағытталған.

Фото: Нұрмұхаммед Мейманхожаның жеке мұрағатынан

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1 шілдеде заңды күшіне енді. Негізгі заңның преамбуласында білім, ғылым, қоғам, мәдениет, құқық пен экономикаға ерекше назар аударылған. Бұл бағыттар адами капиталды дамыту мен нығайтуға арналған маңызды басымдықтардың бірі ретінде қарастырылады.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтанулық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Нұрмұхаммед Мейманхожаның пікірінше, жаңа Конституция мемлекетті дамытудың құқықтық және қоғамдық негіздерін жаңаша айқындайды.

— 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы республикалық референдумда дауыс беру арқылы қабылданып, 1 шілдеде заңды күшіне енді. Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан мемлекеттігінің жаңа кезеңдегі қоғамдық-саяси трансформациясы шеңберінде құқықтық, саяси, әлеуметтік саясат пен экономикалық өрлеуге, қоғамдық бірегейлікті нығайтуға бағытталған маңызды стратегиялық бастама болып табылады, — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Конституцияда адами капитал мемлекеттің басты құндылықтарының бірі ретінде қарастырылып, Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалады.

— Адами капитал тақырыбы Негізгі заңдағы мемлекеттің басты құндылығы ретінде танылған, мемлекеттің құрамдас негіздерінде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік, мемлекет деп баяндалған. Әділетті Қазақстан Заң мен Тәртіп, мағыналы идеялық басымдықтар ретінде Конституцияның бабтарында айқындалып, азаматтардың құқықтары мен ар-намысы, қадір-қасиеттерін нұқсан келтіруге жол берілмейтіні жарияланды, — деп атап өтті Нұрмұхаммед Мейманхожа.

Сарапшы зайырлылық қағидатын мемлекет пен дін арасындағы қатынасты реттейтін маңызды құқықтық негіз ретінде түсіндіреді. Оның пікірінше, бұл қағидат ең алдымен әр азаматтың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.

— Осыған орай, еліміздегі зайырлылық қағидаттарын тиімді жүзеге асыру үшін Конституциядағы осы маңызды құқықтық қағидаға қандай талаптар жазылғанын саралап қарауға болады. Зайырлылық қағидасы адамзаттық құндылықтар қатарындағы әр-бір азаматтың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етуге арналған мемлекет пен діннің қарым қатынастарын реттейтін құқықтық парадигма, — дейді ол.

Сонымен қатар Қазақстан сияқты көпконфессиялы қоғамда түрлі діни бағыттардың өзара түсіністігі мен қоғамдық келісімге үлес қосуы маңызды. Сарапшы ислам, христиандық және басқа да конфессиялардың рухани құндылықтары қоғамдағы біртұтас жасампаздықты ілгерілетуге негіз болуы тиіс екенін атап өтеді.

Жаңа Конституцияда зайырлылық қағидаты тек діни сенім еркіндігін қамтамасыз етумен шектелмейді. Негізгі заңда діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тыйым салынатыны көрсетілген. Сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға және діни негіздегі саяси партиялардың қызметіне жол берілмейді.

— Жаңа Конституцияда баяндалғандай, азаматтарға қарасты зайырлылық парадигмасында діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады. Сонымен қатар діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді (6-бап, 3-тармақтан жекелеген үзінді). Діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін (7 бап, 2 тармақтан жекелеген үзінді), — деп түсіндірді Нұрмұхаммед Мейманхожа.

Конституциядағы тағы бір маңызды норма — азаматтарды діни көзқарасына байланысты кемсітуге жол бермеу. Негізгі заңда азаматтар мен шетелдіктерді тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де себептерге байланысты кемсітуге болмайтыны бекітілген.

Бұдан бөлек, жаңа Конституцияда діни қызметшілерге қатысты да арнайы құқықтық норма қарастырылған.

— Сондай-ақ, дінге сенуші азаматтардың құқықтарын құрметтеуді көздейтін тармақ ретінде, діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік етуге міндетті емес (19 бап, 2 тармақтан жекелеген үзінді), деген қағидада барлық тіркеуден өткен конфессияның қызметшісі рухани құндылықтар мен қатар әлеуметтік қызметтегі орындары ескерілген, — дейді сарапшы.

Қазақстанның полиэтносты және поликонфессиялы қоғамында конфессияаралық келісімнің сақталуы да Конституцияда ерекше маңызға ие. Негізгі заңда этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекеттер конституциялық емес деп танылатыны көрсетілген.

— Конституцияда полиэтносты және поликонфессиялы мемлекеттегі қоғамдық келісімді сақтаудағы маңызды қағида жарияланып, этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекет конституциялық емес деп танылады. (41 бап, 2 тармақтан жекелеген үзінді), — дейді Нұрмұхаммед Мейманхожа.

Осылайша, жаңа Конституциядағы зайырлылық қағидаты бір жағынан азаматтардың діни сенім еркіндігін қорғауға бағытталса, екінші жағынан діни араздық пен кемсітушілікке жол бермеуді, қоғамдық тәртіп пен конфессияаралық татулықты сақтауды көздейді.

Сарапшының пікірінше, бұл нормалар азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындап қана қоймай, қоғам мүшелерін өзара келісім мен сыйластық қағидаттарын ұстануға үндейді.

— Қорытындылап айтқанда, Негізгі заңда адам құндылықтарына жататын діни сенім еркіндігі, азаматтық қоғамдағы дінді ұстанушы азаматтар мен шетелдік қонақтарға қатысты міндеттер мен құқықтары жарияланып, әлеуметтік ортадағы және жекелеген өміріндегі ұстанымдары кез келген азаматты жалпы адамзаттық құнды пайымдарды, келісім, сыйластық қағидасын ұстануға міндеттейді. Барлық қабылданған қағида өркениетті дамыған мемлекет парадигмасына сәйкес маңызды ұстанымдар болып есептеледі, — деп түйіндеді Нұрмұхаммед Мейманхожа.

Еске салайық, бұған дейін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Мақсат Елікбай Ата Заңның ел азаматтарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін негізгі ережелер туралы айтқан еді.