Рақымшылық кімдерге арналған?
Президент қол қойған заң аясында Қылмыстық кодекске, Қылмыстық-процестік кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгеріс енгізіледі. Соның ішінде ең маңызды жаңашылдықтардың бірі – әкімшілік рақымшылықты қолдану рәсімін жетілдіру және оны толық цифрландыру.
Бұл өзгерістер рақымшылық актілерін қолдану тәртібін нақтылауға бағытталған. Атап айтқанда, рақымшылық жасалғаннан кейін азаматтың әкімшілік жауапкершілікке тартылған болып саналатын мерзімін есептеу тәртібі айқындалады. Сондай-ақ рақымшылықты қолдану үшін құқық бұзушы мен жәбірленушінің келісімі талап етілмейтіні заң жүзінде бекітіледі.
Бұдан бөлек, рақымшылық актісі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді тоқтатуға негіз болатын мән-жайлардың қатарына енгізіледі. Яғни заң әкімшілік жазадан рақымшылық негізінде босатудың құқықтық механизмін нақтылайды.
– Заңмен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске 889-1-бап енгізіліп, әкімшілік жазаны орындауды тоқтатудың цифрлық тәртібі белгіленеді. Рақымшылыққа ілігетін адамдардың тізілімі Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі арқылы автоматты түрде қалыптастырылып, тиісті шешімдер электрондық форматта қабылдануы мүмкін, – делінген заңға берілген қорытындыда.
Алайда рақымшылық барлық азаматқа бірдей қолданылмайды. Заңда бұл мүмкіндіктен тыс қалатын санаттар нақты көрсетілген.
– Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға, атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыс жасағандарға, педофилдерге, азаптау фактілері бойынша сотталғандарға, қылмысты бірнеше рет жасағандарға, қоғамға аса қауіпті деп танылған адамдарға, сондай-ақ сырттай сотталған адамдарға қолданылмайды, – деп түсіндірді экс-Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан.
Әкімшілік рақымшылықтың ерекшелігі неде?
Заң жобасы қоғамда жиі шатастырылатын екі түрлі құқықтық институтты – қылмыстық және әкімшілік рақымшылықты қатар қамтиды. Алайда олардың мақсаты мен қолданылу аясы әртүрлі.
Қылмыстық рақымшылық қылмыс жасап, сотталған немесе тергеу органдарының өндірісіндегі адамдарға қатысты қолданылады. Ал әкімшілік рақымшылық қарапайым азаматтардың әкімшілік құқық бұзушылықтарына байланысты мәселелерді шешуге бағытталған.
Мысалы, тұрақ ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұл, автоматты камера тіркеген жол қозғалысы ережесін бұзу, мерзімі өтіп кеткен лицензия үшін салынған айыппұл немесе жылдар бойы жиналған әкімшілік берешектер рақымшылық аясында қайта қаралуы мүмкін. Сондықтан бұл екі ұғымды теңестіруге болмайды.
Ізгілік қағидаты және қауіпсіздік
Саясаттанушы Расул Қоспановтың айтуынша, қазіргі құқықтық жүйе барлық құқық бұзушылыққа бірдей қатаң тәсіл қолданудың қажеті жоқтығын көрсетеді.
– Ауыр қылмыс жасағандарға қатысты қатаң талап өзгермейді. Ал қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін сотталғандарға неғұрлым жеңіл құқықтық шаралар қолданылуы мүмкін, – деді Расул Қоспанов.
Оның сөзінше, дәл осы ұстаным жаңа заң жобасында да сақталған. Сондықтан қауіпті қылмыскерлер жаппай босатылады деген пікір негізсіз.
– Негізінен рақымшылық қылмыстық теріс қылықтарға, онша ауыр емес қылмыстарға және орташа ауырлықтағы кейбір қылмыстарға қатысты болады. Бұл ретте сотталған адамның мінез-құлқы, келтірілген залалды өтеуі және өзге де мән-жайлар ескеріледі, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, әкімшілік рақымшылықтың экономикалық тиімділігі бар. Өйткені ол азаматтардың, шағын кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қаржылық жүктемесін азайтады.
Алдын ала есеп бойынша рақымшылық 100 мыңнан астам адамды және жалпы сомасы 23 млрд теңгеге жуық 1 миллионнан астам әкімшілік істі қамтуы мүмкін.
– Рақымшылық – жауапкершіліктен босату немесе құқықтық тәртіпті әлсірету емес. Бұл – ізгілік қағидаты мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған құқықтық шешім, – деп түйіндеді Расул Қоспанов.
Әлемде бұл тәжірибе қалай қолданылады?
Еліміздегі бастама халықаралық тәжірибеден оқшау тұрған жоқ. Керісінше, көптеген мемлекет әкімшілік айыппұлдарды жеңілдетуді немесе берешектерді қайта қарауды әлеуметтік-экономикалық саясаттың тиімді құралы ретінде пайдаланып келеді.
Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұлды 50 пайызға дейін жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік беретін бағдарламалар бірнеше рет іске қосылды. Кей жағдайда жүргізуші белгілі бір уақыт ішінде жаңа құқық бұзушылық жасамаса, бұрынғы айыппұлы да қысқартылады.
Оңтүстік Кореяда ұлттық мерекелер қарсаңында жол қозғалысы ережесін бұзған азаматтарға қатысты жеңілдіктер жарияланып, кейбір әкімшілік шектеулер алынып тасталады.
АҚШ-та мұндай тәжірибе жекелеген штаттар деңгейінде жүзеге асады. «Айыппұлдарды кешіру аптасы» бағдарламасы аясында азаматтар өсімпұлсыз есеп айырысып, тек негізгі берешекті өтеуге мүмкіндік алады.
Ал Үндістанда 2020 жылы іске қосылған Vivad se Vishwas бағдарламасы аясында салыққа байланысты айыппұлдар мен өсімпұлдар қысқартылып, жүздеген мың дау сотқа жетпей шешілді.
Осылайша, Қазақстанда ұсынылған рақымшылық халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздік қағидатын сақтай отырып, қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтар бойынша азаматтардың құқықтық және қаржылық жүктемесін жеңілдету әрі олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау.