Жаңа рейстер, Neo Nomad: елімізде туризм саласы қалай өзгеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Туризм саласы биыл да қарқынды дамып келеді. Жаңа халықаралық бағыттар іске қосылып, туристерге арналған мүмкіндіктер кеңейіп жатыр. Kazinform туристік нарықтағы негізгі өзгерістерге шолу жасады.

Коллаж: Kazinform / Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Қазақстандықтар қай елдерге көбірек саяхаттай бастады

2026 жылғы жазғы туристік маусымда қазақстандықтардың саяхат таңдауында бірқатар өзгеріс байқалып отыр. Биыл шетелдік бағыттар арасында Вьетнам, Мысыр, Тайланд, Түркия, Қытай және Мальдив аралдары сұранысқа ие.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, 2025-2026 жылы Вьетнам мен Мысырға сұраныс өскен, ал Қытай визасыз режим мен тікелей рейстердің арқасында позициясын нығайтқан. Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты туристердің бір бөлігі БАӘ-ден Азия бағыттарына ауысқан.

Комитеттің бағалауынша, қазақстандықтардың шетелге саяхаттауына ең алдымен турлардың құны мен қолжетімділігі әсер етіп отыр. Оның ішінде визасыз режим мен чартерлік рейстердің болуы да маңызды рөл атқаруда. Сонымен қатар жаңа әуе рейстерінің ашылуы, Қытай, Азия және Еуропа бағыттарының кеңеюі де туристердің таңдауына ықпал етіп жатыр.

Бұдан бөлек, валюта бағамы мен геосаяси жағдайға байланысты кейбір Таяу Шығыс бағыттарына сұраныс төмендеген. Жағажайлық демалыс пен маусымдық факторлар да қазақстандықтардың қай елге баратынын айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі болып отыр.

Қазіргі таңда қазақстандықтардың шетелге саяхатын жеңілдету үшін жаңа халықаралық әуе рейстерін ашу, тікелей рейстер санын арттыру және визалық режимді жеңілдету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Комтет бұл қадамдар танымал туристік бағыттардың қолжетімділігін едәуір арттыратынын атап өтті.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

– Мәселен, Air Astana әуекомпаниясы Шанхай, Гуанчжоу, Ларнака және Даламан сияқты жаңа бағыттарды іске қосып, Сеул мен бірқатар халықаралық маршруттар бойынша ұшу жиілігін арттырып жатыр. Ал FlyArystan 2026 жылғы 3 қыркүйектен бастап Үргенішке, сондай-ақ 23 қыркүйектен бастап Қытайдың Чунцин қаласына жаңа халықаралық рейстерді бастауды жоспарлап отыр, - деді Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев.

Ішкі туризм бойынша қай өңірлер көш бастап тұр

Шетелдік бағыттармен қатар қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттауға да қызығушылығы сақталып отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында қонақүйлер мен демалыс орындарында қызмет көрсеткен туристер саны бойынша Алматы қаласы көш бастады. Бұл кезеңде қалаға 472 930 турист келген. Ол жалпы туристік ағынның 24,1 пайызын құраған.

Одан кейін Астана қаласы тұр. Елордаға 352 243 турист келген, бұл жалпы көрсеткіштің 17,9 пайызына тең. Көшбасшы өңірлер қатарында Ақмола облысы (161 169 турист), Шымкент қаласы (139 443 турист) және Алматы облысы (112 845 турист) бар.

Ал тек қазақстандық туристердің көрсеткішіне назар аударғанда өңірлердің орны өзгереді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ішкі туристер саны бойынша Ақмола облысы көш бастап, мұнда 159 442 турист демалған. Одан кейін Шымкент қаласы – 133 028, Алматы облысы – 111 242, Түркістан облысы – 84 931 және Шығыс Қазақстан облысы – 80 010 турист көрсеткішімен алғашқы бестікке кірді.

Соңғы жылдары ішкі туризмнің өңірлік құрылымы да өзгеріп келеді. 2022–2023 жылдары көшбасшылар қатарында Ақмола, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары болса, 2024 жылы Маңғыстау облысы туристер санының айтарлықтай өсуінің арқасында алдыңғы орындарға шыққан.

– Мәселен, 2025 жылы Ақмола және Алматы облыстары көшбасшылық позицияларын нығайтты. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында Түркістан облысы алғаш рет ішкі туристер ең көп барған бес өңірдің қатарына енді. Министрлік мұны өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуы және тарихи-мәдени туризмге қызығушылықтың артуымен байланыстырады, - деді төрағасының орынбасары.

Жалпы елімізде демалушылар арасында Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалалар, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары негізгі туристік бағыттар ретінде сұранысқа ие. Сонымен қатар табиғи рекреациялық аймақтар мен курорттық бағыттарға қызығушылықтың артуы өңірлік туризмнің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Коллаж: Kazinform

Комитеттің түсіндіруінше, ішкі бағыттардың азаматтар арасында танымал болуы олардың жақын орналасуымен, тілдік кедергілердің жоқтығымен, билет бағасының қолжетімділігімен және қысқа мерзімді демалысты ұйымдастырудың оңайлығымен байланысты.

Сонымен қатар туристік инфрақұрылым мен қызметтердің әртүрлілігі де ішкі саяхатқа деген сұранысты арттырады. Қазақстан өңірлерінде емдік-сауықтыру, экотуризм және жағажай демалыс бағыттары дамып келеді. Бұл сапарларды демалыс күндеріндегі қысқа серуен ретінде де, әртүрлі санаттағы азаматтарға арналған толыққанды демалыс ретінде де жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жаңа әуежайлар салынып, отбасылық демалыс қолжетімді бола түспек

Ішкі туризмнің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірнеше жүйелі шара іске асырылып жатыр. Соның бірі – Kids Go Free бағдарламасы. Бағдарлама аясында отандық туроператорлардың турпакеттеріне кіретін 2–17 жас аралығындағы балалардың әуебилеті субсидияланады. Комитет мәліметінше, бұл отбасылардың саяхат шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Маңғыстау және Щучье-Бурабай курорттық аймақтарын, сондай-ақ Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарлары бекітілген.

Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда жаңа әуежайлар салынып жатыр. Министрлік шалғай өңірлерге қатынауды жеңілдететін бұл инфрақұрылымдық жобаларды 2026 жылы аяқтауды көздеп отыр.

Ішкі туризмді дамытуда ірі іс-шараларды ұйымдастыруға да мән беріліп отыр. Өткен жылдың соңында ел бойынша 55 шараны қамтитын Оқиғалық күнтізбе бекітілді. 2026 жылдың басынан бері жоспарланған 55 іс-шараның 25-і өткізілген.

Тамызда бес ірі фестиваль өтеді

Тамыз айында Астана қаласында, сондай-ақ Атырау, Қостанай, Маңғыстау және Алматы облыстарында бес іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың қатарында Қостанай облысындағы «Qostanai Dala Fest» агрофестивалі, Астанадағы «Comic Con Astana» гик-фестивалі, Маңғыстау облысындағы «Aq maya Fest» шұбат фестивалі, Атырау облысындағы «ЛОТОС» экологиялық фестивалі және Алматы облысындағы «Байсерке аспаны» авиашоуы бар.

– Жалпы халықаралық аудиторияның қызығушылығын тудыратын бірегей бастамаларға да қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі – Mad Max постапокалипсис әлемі стиліндегі Drive Forum GREAT ORDA фестивалі. Министрлік мәліметінде бұл жиынға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де елдерден 1500-ден астам саяхатшы мен қонақ келеді деп жоспарланып отыр, - деді Айдын Қапашев.

Neo Nomad визасын алғандардың көбі 73 елдің азаматы алды

Қазақстан шетелдік туристермен қатар елде қашықтан жұмыс істегісі келетін шетел азаматтарын да тартуға мән беріп отыр. Осы мақсатта 2024 жылы қарашада Neo Nomad визасы іске қосылған.

Бұл виза шетелдік компанияларға қашықтан жұмыс істейтін немесе шетелдік тапсырыс берушілерге қызмет көрсететін және табысын шетелдік көздерден алатын азаматтарға арналған.

2026 жылғы маусым айының соңындағы жағдай бойынша, 19 мемлекеттің азаматтарына 73 Neo Nomad визасы ресімделген. Оның ішінде ең көп визаны АҚШ азаматтары алған – 27. Ұлыбритания азаматтарына 9, Канада азаматтарына 8 виза берілген.

Фото: Минтуризма и спорта РК

Сондай-ақ Neo Nomad визасын Аустралия, Франция, Корея Республикасы, Германия, Ирландия, Польша, Латвия және басқа елдердің азаматтары алған.

– Қазіргі уақытта виза алушылардың мамандықтары бойынша жеке статистика жүргізілмейді. Дегенмен бұл визалық режим ең алдымен IT саласының қызметкерлеріне, консультанттарға, дизайнерлерге, маркетологтарға, кәсіпкерлерге және креативті индустрия өкілдеріне арналған. Осылайша, қызметін қашықтан жүзеге асыра алатын мамандар визаның мүмкіндіктерін пайдалана алады, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Бағдарлама салыстырмалы түрде жаңа болғанымен, статистика оған деген қызығушылықтың біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2025 жылғы көрсеткішке тең көлемде виза берілген.

Қазақстан цифрлық көшпенділерді несімен қызықтырады

Қашықтан жұмыспен қамту және икемді жұмыс форматы кең таралған АҚШ, Ұлыбритания және Канада азаматтары бағдарламаға ерекше қызығушылық танытып отыр. Өйткені Айдын Қапашевтың айтуынша, Қазақстанда тұру және күнделікті қызметтерді пайдалану құны бірқатар шетелдік мемлекетпен салыстырғанда қолжетімді.

– Бұл ұзақ мерзімге келетін мамандарға баспана жалдау, көлікпен жүру және күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрлық көшпенділер үшін интернет сапасы да маңызды. Қазақстанда цифрлық және қалалық инфрақұрылым қалыптасқан, ал ірі қалаларда қашықтан жұмыс істеуге қажет байланыс пен қызметтер қолжетімді, - деді ол.

Сонымен қатар ол шетелдік мамандар елде қауіпсіз жағдайда тұрып, жұмысын жалғастыра алатынын да еске салып өтті.

– Neo Nomad визасының иелері Қазақстанда бір жылға дейін болып, осы аралықта елге бірнеше рет кіріп-шығуға құқылы. Олар Қазақстанда жүргенімен, шетелдік жұмыс берушіде жұмыс істеуін немесе шетелдегі тапсырыс берушілерге қызмет көрсетуін жалғастыра береді, - деді Айдын Қапышев.

Сондай-ақ ол табиғи және туристік орындардың көптігі де бағдарламаның артықшылықтарының бірі саналатынын атап өтті. Цифрлық көшпенділер жұмыстан бос уақытында таулы аймақтарға, ұлттық парктерге, көлдер мен курорттық өңірлерге саяхаттай алады. Осылайша олар жұмыс пен саяхатты қатар алып жүруге мүмкіндік алады.

– Neo Nomad визасы туралы ақпарат шетелде бірнеше арна арқылы таратылады. Оны Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның басқа мемлекеттердегі елшіліктері мен консулдықтары арқылы насихаттайды. Туризм саласына жауапты министрлік те елдің туристік мүмкіндіктерін таныстыру кезінде осы бағдарлама туралы мәлімет береді. Визаға қатысты ақпарат ресми интернет-ресурстарда жарияланып, шетелдік нарықтардағы аудиторияға жеткізіледі. Қашықтан жұмыс істеу кең тараған АҚШ, Ұлыбритания және Канада азаматтарының қызығушылығы жоғары екені байқалады, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Ол бағдарлама жақында іске қосылғандықтан, әзірге оны түбегейлі өзгерту жоспарланбағанын атап өтті. Алдымен визаны қолдану тәжірибесі зерттеліп, қолданыстағы тетіктің тиімділігі бағаланады. Талдау нәтижесіне қарай бағдарламаны жетілдіру, шетелдегі ақпараттық жұмысты күшейту және Neo Nomad визасының танымалдығын арттыру мәселелері қаралуы мүмкін. Алайда комитет төрағасы орынбасарының алдағы жылдары Қазақстанға қанша цифрлық көшпендіні тарту көзделіп отырғаны жөнінде нақты көрсеткіші әзірге бекітілмеген.