Жаңа Жамбылдық фосфор зауытында жастардың индустриялық форумы өтті - «Нұр Отан» ХДП

ТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат. Индустрияландыру - жаңа Қазақстанның экономикалық дамуындағы негізгі фактор деуге болады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бастамашысы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны жаңарудың зор мүмкіндігі деп атады. Еліміз көлемінде үдемелі индустрияландыру бағдарламасы бойынша қазірдің өзінде 300 жоба жүзеге асырылды, жыл соңына дейін тағы 129 жобаны іске қосу жоспарланған.

Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. Сарапшылар индустрияландыру стратегиясы, әсіресе, мемлекет тұрғындарның үштен бірін құрайтын жас қазақстандықтарға айрықша ықпал етті дейді.

Бүгін Жаңа Жамбылдық фосфор зауытында жастардың индустриялық форумы өтті, деп хабарлайды «Нұр Отан» ХДП баспасөз қызметі. Мемлекеттің жаңа индустриялық даму бағытына қолдау көрсету үшін «Нұр Отан» партиясы қолға алған форумға үш жүзге жуық жас буын өкілдері жиналды. Олардың қатарында инженерлер, химиктер, технологтар, лаборанттар бар. Бұл кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енетін негізгі нысандардың бірі. Президентіміздің даму бағдарламасының арқасында Қазфосфатта 5 бірдей инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде күкірт-қышқылы цех құрылысын, байыту фабрикасын, жаңа фосфор өндірісін ерекше атап өтуге болады. Осылай өнім түрлерінің көбейіп, өтімділігінің артуы бірінші кезекте, жастардың жаңа жұмыспен қамтылуына жол ашатыны сөзсіз.

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, «Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қабылданған индустриалдық бағдарламасы қазіргі уақытта жастардың ерекше назарында. Себебі, осы бағдарламаның арқасында жастарымыз жаңа мамандықтарды игеріп ғана қоймай, сонымен бірге инновациялық кәсіпорындарында жаңа технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр»,-деп атап өтті.

- Президентіміздің жаңа бағдарламасы біздің кәсіпорын үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Атап айтар болсақ, біз өндірісті жаңғырту үшін инвестиция алдық, енді, өнімдеріміздің сапасын бұрынғыдан да жақсарту мақсатын көздеп отырмыз. Біздің зауытымыз өңірдегі ең ірі кәсіпорынның бірі болғандықтан, оның пайдасын барлық Жамбыл облысы тұрғындары сезініп отыр деуге болады, - дейді «Казфосфат» ЖШС Жаңа-Жамбылдық фосфор зауытының директоры Мұқыш Ескендіров.

Арман Қарағалиев, еңбек жолын осы зауытта бастаған жас маманның бірі. Әкесі де, әпкесі де осы кәсіпорында еңбек еткен. Өзі мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндікті қалт жібермей, әрқашан біліктілігін арттырып, тәжірибесін жетілдірумен келеді. Соның нәтижесінде бес жыл ішінде қатардағы инженерден, бастықтың орынбасары қызметіне дейін жоғарлады. Қазір өз ұжымында білімді, іскер, еңбекқор маман ретінде зор беделге ие. Оның айтуынша, Президенттің жаңа бағдарламасы жастардың өмірден өз орнын табуына, болашаққа деген сенімдерін арттыруға, лайықты мамандық иеленіп, ойдағыдай жұмысқа орналасуға кең жол ашқан. Еңбекақы жоғары әрі тұрақты түрде өз уақытында төленеді.

Осындай қамқорлыққа бөленген форумға қатысушылар Президенттің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына деген ризашылықтары мен қолдауларын білдірді және бағдарламаның табысты жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын айтты. Сондай-ақ бүгін кәсіпорынның 40 жұмысшысы «Нұр Отан» партиясының қатарына кірді. Партиялық билеттерді оларға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин табыс етті.