Жаңа жылдан кейін жанар-жағармай бағасы көтеріле ме – Ақкенженов жауабы

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Жаңа жылдан кейін жанар-жағармай бағасының көтерілу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

- Егер жанар-жағармай жайында айтар болсақ, ең алдымен әлеуметтік маңыңы бар АИ-92 бензині мен дизель отынын атап өткен жөн. Олар бұрын мемлекет таратынан реттелетін. Ал АИ-95, АИ-98 бензиндерінің бағасы реттелмейді. Сондықтан олардың бағасы өсуі мүмкін, - деді министр Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Осы ретте ол АИ-92 бензині мен диезль отынына 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін мораторий жарияланғанын атап өтті. 

- Үкімет сол уақытқа дейін сұйытылған мұнай газын қоса алғанда бағаны өзгертпеу туралы шешім қабылдады. Жалпы, заңға сәйкес, бағаны жылына 2 рет ғана түзетуге жол беріледі. Бірақ, 2026 жылдың науырыз айының соңына дейін мораторий жарияланды, баға өзгермейді, - деді Ерлан Ақкенженов. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентін Ақордада қарсы алғанын жазған едік.