Тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділовтың айтуынша, бүгінгі күні барлық желтоқсаншылар тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 79 желтоқсан оқиғасына қатысушылар үйлі болған болатын.
Шара барысында желтоқсаншылар атынан сөз сөйлеген Аманғазы Кәріпжан қала әкімдігіне және Елбасына көңіл бөліп, қолдау көрсеткендігі үшін алғысын білдірді.
«Биыл менің алтыншы балам дүниеге келеді. Құдай менің дұғамды естіді, мен енді 3 бөлмелі пәтерге ие болатын болдым. Кезекте ұзақ уақыт тұрған едім. Қуанышымда шек жоқ. Желтоқсан - тарихымыздың ажырамас бір тармағы. Сондықтан да ол ешқашан ұмытылмайды. 25 жыл ішінде қоғам өзгерді, ел өзгерді, ой өзгерді. Жаңа жетістіктерге жеттік. Жаңа Астана арқылы жақсы жаңалықтар әлемге тарап жатыр. Оған әлем куә. Ендігі таңда әрбір саналы азамат тек қана Тәуелсіздік тұғыры бекем де берік болуы үшін адал қызмет етуге тиіс»,-деді А. Кәріпжан.
Тұрғын үйге қатысты заң бойынша кезектен тыс пәтер тек қана Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соғыс ардагерлеріне беріледі. Алайда, Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметке желтоқсаншыларға пәтер беру жөнінде қаулы қабылдау туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі күнге дейін қаулы әлі қабылданған жоқ, соған қарамастан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов желтоқсан оқиғасына қатысушыларға тұрғын үй қорынан пәтер бөлінетіндігі жөнінде арнайы ескертпе қағазды беру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл құжат тұрғын үй алуға кепіл болады.
Жетоқсаншылар ерлігі қоғам мен мемлекет алдында үлкен құрметке ие, осы тарихи оқиғаға қатысушылар мәртебесін арттыруда елімізде қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр.
Желтоқсаншылармен қатар, пәтер бөлінетіндігі туралы құжат ҚР ІІМ-нің «Сұңқар» арнайы бөлімшесінің екі сарбазына да табыс етілді, олар 2011 жылдың сәуір айында Әуезов ауданында орын алған аса қауіпті қылмыскерлерді жою жөніндегі арнайы операцияға қатысқан болатын.