ОРАЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданы Қызылоба ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаев атындағы орта мектеп алдына батыр мүсіні орнатылды.
Биыл туғанына тоқсан жыл толып отырған Е.Орақбаев Ұлы Отан соғысында қаһарман ерліктің үлгісін көрсетумен бірге бейбіт еңбек майданында да алда болды. Ұзақ жыл Жаңақала ауданындағы «Красногор» кеңшарын басқарып, абыройға бөленді.
Мүсіннің ашылу рәсіміне аудан әкімі Лавр Хайретдинов, батырмен бірге қоян-қолтық жұмыс жасаған еңбек ардагері Әділғазы Нұрғалиев, Е.Орақбаевтың ұрпақтары қатысып, мұндай құрметтің маңызы зор екендігін атап көрсетті. Соңынан батырдың рухына арналып ас берілді.
Сондай-ақ алдағы сенбіде Е.Орақбаевты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасында жарыс та өтпекші.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).