Жаңаөзен қалалық соты «Бұрғылау» ЖШС жұмысшыларының ереуілін заңсыз деп таныды

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Наурыздың 20-сынан бері жұмыстарын тоқтатып, наразылық акциясына шыққан «Бұрғылау» ЖШС жұмысшыларының ереуілін Жаңаөзен қалалық соты заңсыз деп тапты. Өйткені ереуілшілер қызмет бабындағы дауларды шешу үрдісіндегі орындалуы тиіс ҚР Еңбек кодексінің бірнеше баптарын сақтамаған,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Заң бойынша қызмет бабында туындаған келіспеушіліктер мен дауларды тараптардың ең әуелі бейбіт жолмен шешуі көзделген. Соттың нақтылағанындай, ол үшін Еңбек кодексінде көрсетілгендей ымыраластық комиссиясы, қажет жағдайда еңбек арбитражы құрылуы тиіс. Одан бөлек, дауға бітімгер үшінші жақты тартып, соған жүгінуі керек. Бірақ бұлардың бірі де сақталмаған. Осы және басқа да көптеген жағдайлар бойынша ереуіл заңсыз деп танылып, тоқтатылуы қажет. Қазір мекеме басшылығы мен ереуілшілер комитеті кездесу өткізіп, сот шешімін түсіндіріп, бір келісімге келу үшін жиналды. Жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы еңбек дауынан тұтанған оқиғаның оң шешілуіне жергілікті билік ара ағайындық танытуда. Бұл мәселені облыс әкімі өз қадағалауында ұстап отыр. Ереуілшілердің негізгі талабының бірі ? «Бұрғылау» ЖШС-ін қайтадан мемлекеттік меншікке - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құрамына алу болып отыр.