Жаңаөзенде қаза тапқан 13 адамның кейбірі құқық бұзушылардың әрекеттері салдарынан қаза болған - ҚР Бас прокуратурасы

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңаөзенде қаза тапқан 13 адамның кейбірі құқық бұзушылардың әрекеттері салдарынан қаза болған. Бұл туралы бүгін елордада өткізілген шұғыл брифинг барысында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Мәселен, құқық қорғау органдарына қайтыс болған 1987 жылы дүниеге келген Жаңаөзен қаласының кәсіптік-техникалық лицейінің мұғалімі Атаберген Дүйсекеновтің әкесі 16 желтоқсанда қаланың алаңында өзінің ұлын бұзақылардың мерекелік шараларға өз тәрбиеленушілерін алып келгені үшін өлтіріп кеткендігі туралы арызбен жүгінген.

«Бытыралы оқпен атылатын қарудан алынған жарақат және атыс қаруын немесе арнайы құралдарды қолданумен байланысты емес дене жарақаттары бар зардап шеккендер де болды. Тәртіпсіздіктердің жолын кесу кезінде құқық қорғау органдары бытыралы қаруды қолданбағандығына, сондай-ақ олардың шабуылшылармен тікелей байланысқа түспегендігіне орай алынған жарақаттардың құқық тәртібі күштерінің тарапынан келтірілуі мүмкін емес», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, соңғы тәулікте Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының ғимаратын басып алу, сондай-ақ жекелеген тонаушылық және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасау әрекеттерінің жолы кесілді.

«Дейтұрғанымен, жаппай қантөгістер туралы қауесеттер ешқандай негізсіз, анық жалған ақпарат болып табылады және арандатушылық мақсатта таратылуда.

Соңғы тәулікте тәртіп сақтау органдары Жаңаөзен қаласында атыс қаруын қолданудың бір де бір фактісіне жол берген жоқ», - деді Н.Сүйіндіков.