Бензин бағасы
Қазақстанда жанармай бағасының өсімі шілде айында айқын байқала бастады. Мысалы, алдыңғы аптада Астана қаласында АИ-92 бензинінің литрі 244-245 теңгеден сатылса, өткен аптада 247 теңге болды. Өзге аймақтарда да осы үрдіс сақталып отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде жанар-жағармай құны орта есеппен 15,6% өскен: Павлодар облысында – 25,1%, Маңғыстау облысында – 16,4%, Астана қаласында – 18,9%, Алматы қаласында – 16%. Бұл өзгеріс бензиннің барлық маркасына қатысты. Жіктей айтсақ, АИ-92 бензині 15,2%-ға, АИ-98 – 14,1%-ға қымбаттады.
Кейінгі 5 жылдағы статистикада 15 пайыздық өсім болмаған еді. Тіпті сұраныс жоғары болған 2016, 2021 жылы бағаның көтерілуі 13,6 пайыздан асқан жоқ. Өткен жылдың өзінде жылдық өсім 4,2% болды, ал 2024 жылы 2% шамасына тұрақтаған-ды.
Мұндай өзгерістің маңызды бір себебі бар. Былтыр инфляция деңгейін тұрақтандыру үшін мемлекет жанармай бағасының өсуіне қатысты мораторий жариялады. Оған сәйкес баға: АИ-92 бензинінің литріне 213-239 теңге және дизель отынына 317-337 теңге аралығында белгіленді. Осылайша, Үкімет нарықты «күштеп» ұстап келді, жанармай құю бекеттері бензин бағасын көтере алмағанын білеміз. Биыл 1 сәуірден бастап сол шектеудің мерзімі ресми түрде аяқталды, енді бағаны еркін нарық реттемек. Қазіргі ахуалда мұндай тәсілдің қаншалықты тиімді екені белгісіз.
«Мылтықтың басуына құланның қасуы» демекші, дәл мораторий аяқталар тұста Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары соққының астында қалды. Көршінің көптеген өңірінде автокөлік багына бір құйғанда 20-30 литрден аспайтын бензин және 40-60 литрден көп емес дизель бөлінген. Ал канистрге не басқа да құтыға құюға тыйым салынды.
Мұның салқыны Орталық Азияға да тиді. Ресейдің шілде соңына дейін жанармай экспортына уақытша шектеу қою бензин тапшылығын ұлғайта түсетіні түсінікті. Себебі өңірдегі елдер Ресейден тасымалданатын жанармайға тәуелді. Мысалы, Қырғызстан жанармайдың 90%-ын, Тәжікстан – 84%-ын алып отыр. Өзбекстан да 2023 жылдан бері ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін Ресейден бензин импорттап келеді.
Заңсыз жанармай саудасы: 20 күнде 112 тонна
Әрине, бұл дүрбелеңнің мұнайға бай Қазақстанға еш қатысы жоқтай көрінуі ықтимал. Алайда оқиғаның қауіпті тұсы көп.
Алдымен көрші мемлекеттердегі бензин тапшылығының салдарынан заңсыз жанармай тасымалы артуы мүмкін. Сондықтан Үкімет қолда бар бензинді бақылауға көшті. Елде бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін ел аумағынан шығаруға уақытша тыйым салынды. Қолданыстағы талапқа сәйкес, мемлекеттік шекарадан тек көліктің штаттық багындағы отынмен ғана өтуге рұқсат етіледі. Оның өзінде бір автокөлік тәулігіне бір рет қана шекара аса алады. Ал қосымша бөшке және өзге де ыдыстарға құйылған жанармайды алып шығуға рұқсат жоқ. Бұл - ішкі нарықтағы жанармай қорын сақтау және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шара.
Құзырлы органдар шекара маңында тексеріс жүргізіп, заңсыз жанармай саудасының жолын кесуге кірісті. Мәселен, шілденің басынан бері шекарашылар жанар-жағармай өнімдері контрабандасына қатысты 1 342 әрекетті анықтаған. Небәрі 20 күнде 112 тоннадан астам жанар-жағармай заңсыз шығарылмақ болған.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың пікірінше, мұнай өнімдері нарығындағы қиындықтарға қарамастан, Қазақстанда бензин мен дизель отынының тапшылығы бола қоймайды. Өйткені арнайы шектеулер мен отандық мұнай өңдеу зауыттарының қуаты ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етуге қауқарлы.
– Қазақстаннан мұнай өнімдерін экспорттауға қойылған тыйым ішкі нарықты қажетті көлемдегі жанармаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір отандық мұнай өңдеу зауыттары елдің негізгі сұранысын өтеп отыр. Алайда Ресейде жанармай ұсынысы қысқара берсе, балама жеткізілімдердің құны өсіп, бағаға әсер етуі мүмкін, – дейді ол.
Мұнай өңдеу қуаты ұлғаяды
Энергетика министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, Қазақстанда үш негізгі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді: Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, Шымкент мұнай өңдеу зауыты – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС. Одан бөлек Ақтауда «CaspiBitum» ЖШС бар. Олардың жиынтық мұнай өңдеу қуаты - жылына шамамен 18,5 млн тонна. Сонымен қатар мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025–2040 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мұнай өңдеу көлемі артады.
– Тұжырымдамада мұнай өңдеу қуатын жылына 18 млн тоннадан 29,2 млн тоннаға дейін ұлғайту («CaspiBitum» ЖШС қуаты 1-ден 1,5 млн тоннаға ұлғайтылды), сондай-ақ жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтудің және жаңа мұнай өңдеу әрі мұнай-химия қуатын салудың тиімділігін зерделеу көзделген. Жобалардың нақты параметрі техникалық-экономикалық негіздемелер мен тиісті инвестициялық шешім негізінде айқындалады, – дейді министрліктегілер.
Ведомство жауабын тарқата айтсақ, алдағы жылдары Атырау мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, ал Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 миллионға дейін арттыру көзделіп отыр.
Осы орайда мұнай саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов бензин сапасы мен стандарттарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, отандық мұнай өңдеу зауыттары модернизация кезінде жанармай сапасына қатысты олқылықты қоса шешуі қажет. Әңгіме Еуро-5 стандарты туралы болып отыр. Қазақстан МӨЗ жаңарту арқылы Еуро-5 стандартына қол жеткізуді мақсат еткенімен, зауыттардағы өнімнің басым дені әлі Еуро-4 стандартымен өндіріледі. Себебі жоғары октанды АИ-92 және АИ-95 бензинін шығару үшін зауыттар арнайы қоспаларды қолдануға мәжбүр.
Маманның пайымынша, көлік жүргізушілеріне ықтимал жанармай тапшылығына қатысты алаңдарлық себеп жоқ, стандарт мәселесі өнім көлеміне еш әсер етпейді. Отандық өндіріс қажетті бензин сұранысын толық өтеуге қауқарлы. Оның үстіне Энергетика министрлігі жанармай құю станцияларындағы бөлшек сауда бағасына да тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. Заңбұзушылық анықталса, құзырлы органдарға тиісті ақпараттарды жедел жеткізу тетігі қарастырылған.
Басты жаңалық - Қазақстан мұнайды терең өңдеуге ықылас қойып отыр. Өткен жылы елдегі 3 мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеудің орташа тереңдігі 87,4%-дан 90%-ға дейін артты. Атап айтқанда, Атырау МӨЗ-інде бұл көрсеткіш – 85%-дан 88%-ға дейін, Шымкент МӨЗ-інде – 86%-дан 88%-ға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытында 91%-дан 94%-ға дейін жетті.
Осының арқасында 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы бензиннің бір жылдық өндірісі – 5,7 млн тонна (өсім – 107%), дизель отынының өндірісі 6,1 млн тонна (116%) болды.
2026 жылдың қорытындысында өндіріс көлемі рекорд орнатуы мүмкін. Бұған қоса, министрлік мұнай өңдеудің орташа тереңдігін 94%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сарапшы Асқар Исмаиловтың сөзінше, ішкі нарықты бензинмен қамтамасыз етудің басқа да тәсілі бар. Соның бірі – шикі мұнайды шетелде өңдетіп, дайын мұнай өнімдерін елге қайта әкелу.
– Қолданыстағы заңнама шикі мұнайды шетелге өңдеуге жіберіп, кейін дайын өнімді елге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл тетік әзірге қолданылған жоқ, бірақ қажет болған жағдайда нарықты тұрақтандырудың бір жолы бола алады. Сондай-ақ Қытайдың батыс өңірлеріндегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткілікті, – деді сарапшы.
Авиациялық отын абдыратып тұр
Сарапшылар егер шын тапшылық болса, ол әуе отыны бағытында болуы мүмкін екенін жасырмады. Қазақстан әуе отынының 40 пайызы – 400-500 мың тоннасын Ресейден тасымалдайды. Тек маусым айының өзінде ұшақ жанармайына деген қажеттілік 110 мың тонна болса, елде өндірілген көлем 73,4 мың тонна ғана болды. Жылдық көлемге қарасақ, жағдай тіпті қиын: салаға жылына 1,2 млн тонна отын керек, жылдық өндірілетін көлем - бар-жоғы 750–760 мың тонна.
Мұнай-газ химия саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің сөзінше, Ресей авиациялық отын экспортын шектемегеннің өзінде, бізге балама тәсілді қарастыру маңызды.
– Мұнай өнімдерінің тапшылығы әлі де бар, әсіресе біз тарихи тұрғыда Ресейден импорттайтын авиакеросин тапшылығы сезіледі. Ал өткен жылдан бастап Қытайдан импорттай бастадық, өйткені қуаттың жетіспеушілігін қалай болғанда да өтеу қажет, – деді сарапшы.
Егер жанар-жағармайдың осы түрінде импорт кедергісі болса, онда мәселе қиындай түспек. Біріншіден, Қазақстан әуе отынын импорттаушы елдерді іздеуге мәжбүр болады. Екіншіден, өзге елдерден тасымалданатын мұнай өнімі қымбатқа түсуі ықтимал. Үшіншіден, әуе билеттерінің бағасына ықпалы болуы мүмкін.
Мемлекет ықтимал олқылықты қазірден шешуге ниетті. Жақында «ҚазТрансОйлдың» Грузиядағы активі – Батуми мұнай терминалы Еуропа зауыттарында өндірілген JET A1 маркалы авиакеросинді өңдей бастады. 10 мың тонна болатын алғашқы отын Еуропадан Қара теңіз арқылы кемемен жүк терминалына жеткізілген. Жақын арада Қазақстанға жөнелтілу үшін теміржол вагон-цистерналарына құйылады. Бұл бағыт Еуропадан Қазақстанға Орта дәліз арқылы отын жеткізудің негізгі тірек нүктесі болады.
Анығы, отандық МӨЗ ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алатын күйде. Үкімет сұраныс пен өндіріс көлемін бақылауда ұстап отыр. Тіпті елдегі қор көршілес елдерге көмек беруге де жететінін шамалауға болады.